Қазіргі қоғам және жастар тәрбиесі
Комиссия отырысы
Жастар арасындағы құқықбұзушылықтар мен отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері қаралған комиссия отырысы облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өтті.
Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мейірхан Ермағанбетов жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады. Басқарма жастардың қатысуымен түрлі рейдтер, заң сағаттары, спорттық жарыстар, жиналыстар ұйымдастырады.
Жыл басынан бері барлығы 120 818 жастың қатысуымен 682 іс-шара өткізілген. «Jastarga kenes» жобасын іске асыру аясында оқу орындарында «Ұрпақ және ұлттық құндылықтар» тақырыбында кездесулер ұйымдастырылып,«ESIRTKIGE JOL JOQ», «TAZA ORTA!», «ALAYAQ.NET» есірткі сатумен байланысты хабарландыруларды жою бойынша рейдтер жүргізілуде. «Заң және тәртіп» және «Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн» науқандары аясында оқу орындарында жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру үшін полицейлермен кездесулер ұйымдастырылуда.
Облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Ардана Саймағамбетовтің айтуы бойынша, аз қамтылған отбасыларды әлеуметтік қолдауға ерекше назар аудару қажет. Сондай-ақ жастармен профилактикалық жұмысты және ата-аналардың бақылауын күшейту керек.
Баяндамашыларды тыңдаған өңір басшысы қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыларға көмек көрсету үшін мобильді топтардың жұмысын жандандыруды, әйелдер мен балалардың құқықтары туралы халықты хабардар етуді, аудандарда отбасын қолдау орталықтарын ашу мәселесін шешуді, 2025 жылы отбасылық құндылықтар және гендерлік теңдік жөніндегі жобаны қаржыландыруды қарауды тапсырды.
Сондай-ақ Асхат Шахаров жастар арасында қылмыс пен нашақорлықтың алдын алу бойынша жұмысты күшейтуді жауаптыларға міндеттеді.
— Біз жастарды өз құқықтары мен міндеттері туралы хабардар етіп, оларды спорттық секцияларға, клубтарға және спорттық іс-шараларға тартуға ерекше назар аударуымыз керек. Денсаулық сақтау, білім және спорт басқармаларына нашақорлықтың алдыналуға бағытталған іс-шараларды қаржыландыруды ұлғайту мәселесін пысықтауды тапсырамын. Бұл жұмысты күшейту қажет, өйткені жастардың денсаулығы —біздің қоғам болашағының басты факторы. Халықтың қауіпсіздігі үшін «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында қоғамдық орындарда және тұрғын үйлердің аулаларында бет-әлпетті тану функциясы бар бейнебақылау камераларын орнату керек. Бұл біздің азаматтарымыздың қауіпсіздігін арттырады, — деп облыс әкімі алға қойылған міндеттердің маңыздылығын атап өтті.
А.ІЛИЯСҚЫЗЫ.