Ұжымдық еңбектің жемісі
Нұрхан АҒНИЯЗОВ,
Ақтөбе қаласының Астана ауданы ақсақалдар кеңесінің төрағасы
Баспасөз — 2025
Қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынов «Газет — халықтың көзі, құлағы һәм тілі» дейді. Бұл сөз қазір де маңызын жойған жоқ. Бүгінде әлеумет қанша жерден ғаламтор желісіне шырмалғанымен, бәрібір мерзімді басылымдардан қол үзбек емес.
Мен 100 жылдан бері шығып келе жатқаноблыстық «Ақтөбе»қоғамдық-саяси газе
тінің жарты ғасырдан бергі оқырманымын. 1924 жылы алғашқы саны шыққан бұл басылым бүгінге дейін облыс айнасы ретінде халыққа қалтқысыз қызмет етіп келеді. Оқырманға берері көп бұл газет — ақпараттың қайнар көзі. Редакция ұжымымен сексенінші жылдардың ортасынан бастап қоян-қолтық араласып, олармен бірге қызмет бабында еңбек еттім.
Облыстық «Ақтөбе» газетінде өз ісінің майталмандары жұмыс істеді. Қазіргі журналистер де сол аға буынның сара жолын жалғап, жемісті еңбек етіп жүр.
Шығармашыл ұжымның ел алдындағы жауапкершілігі де мол, халыққа берері де көп. Қазіргі дамыған әлеуметтік желілер мен мерзімді басылымдарды салыстыруға болмайды. Әлеуметтік желілер — уақытша. Ондағы материалдар да бір күндік. Ал газеттің айырмашылығы — онда ұжымдық еңбек бар. Тіл тазалығын сақтауда, сөзге орашолақтарды тәрбиелеуде газеттің рөлі ерекше.
Қай уақытта да «Ақтөбе» газеті қоғамдағы көкейтесті мәселелерді көтеріп келеді. Дегенмен соңғы кездері мәртебесі артқан еңбек адамы, сол сияқты бала тәрбиесі, отбасы құндылығы сияқты тақырыптардың газет бетінде жиі жазылғанын қалаймын. Басылым жеңіл-желпі жаңалықтарды ғана жариялап, қоғамдағы болып жатқан келеңсіз жайттарға хабаршы болмай, болашаққа жарқын сеніммен қарайтындай оптимистік бағыттағы тақырыптарды көбірек көтерсе деген ұсынысым бар.
«Ақтөбенің» мерейлі жылында газет ұжымына шығармашылық табыс, шалқар шабыт тілеймін!