Биыл құрылысы ұзаққа созылған 5 нысан пайдалануға берілді
Құрылыс
Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде облыстық мемлекеттік құрылыс-сәулет бақылау басқармасының жұмыс қорытындысы талқыланды.
Жиында облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Оксана Сопрун 11 айда сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы бақылау-қадағалау функцияларын іске асыру туралы есеп берді.
Жалпы жоспардан тыс 55тексеру жүргізіліп, нәтижесінде 44 нұсқама берілген. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы 197 хаттама жасалды. Жалпы сомасы 43 млн теңгеден астам айыппұл салынып, оның 91 пайызы өндірілген. 49 құрылыс компаниясы, 7 жобалау ұйымы, 28 мердігер ұйым, 5 аккредиттелген техникалық қадағалау ұйымы, 2 сараптама ұйымы әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Жыл басынан бері құрылыс-монтаждау жұмыстарының басталғаны туралы 1723 хабарлама қабылданды. Оның ішінде тұрғын үй құрылысы, білім беру, денсаулық сақтау, өндірістік объектілер, сондай-ақ жолдар мен инженерлік желілер құрылысы бар.
Жыл басында Ақтөбеде коммерциялық мақсаттағы ұзаққа созылған 12 құрылыс нысаны болды. Бүгінде соның бесеуі пайдалануға берілді. Бұл — кафе-дүкен, 320 орындық балабақша, көппәтерлі тұрғын үйлер және монша кешені. Алтын Орда шағын ауданындағы және Ө.Сейітов көшесіндегі автоқызмет кешені мен үйлер пайдалануға беру сатысында тұр.
— Басқарма инспекторлары мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, жүк машиналарының доңғалақтарын жуу және тазалау пункттері жоқ құрылыс объектілерін анықтау, іргелес аумақты тегістеу және абаттандыру ережелерін бұзу бойынша іс-шаралар жүргізіп жатыр. 41 құрылыс субъектісі 1,49 миллион теңге сомасына жауапкершілікке тартылды. Басқарманың қадағалау жұмыстары жүргізіліп жатыр және үнемі бақылауда,— деді Оксана Сопрун.
Есепті тыңдағаннан кейін облыс әкімі құрылыс ұйымдарына бақылауды күшейтуді тапсырды.
— Көшелердің ластануы, негізінен, құрылыс алаңдарынан шығады. Сондықтан құрылыс компанияларын бақылауды күшейту қажет. Әсіресе Алтын Орда және Оңтүстік айналма сияқты аудандарда күнделікті тексерулер жүргізу керек. Тексерулерге жергілікті полиция, қалалық сәулет мамандары, қоғам белсенділері мен депутаттарды қосыңыздар. Егер күн сайын рейдтер жүргізілсе, құқық бұзушылар тәртіпті сақтай бастайды. Біз қала аумағында тазалық пен тәртіпті қамтамасыз етуіміз керек. Сондай-ақкомпанияларды, әсіресе жобалары созылғанжәне инвесторларды іздейтіндерді тексерген жөн. Бұған жол беруге болмайды. Осы мәселелер бойынша барлық тексеруді осы аптадан бастау керек,— деп тапсырды облыс әкімі.
М.ТАБЫН.