Жаңалықтар

Гастрономиялық көрме:ұмытыла бастаған ұлттық тағамдар

«Сыбаға» ұлттық дәстүрлер фестивалі аясында «Сарқыт» мейрамханасында Ақтөбе қаласы мен аудан өкілдерінің қатысуымен «Береке» ұлттық тағамдар гастрономиялық көрмесі өтті.

Ұлттық тағамдарымызды дәріптеу, еліміздің гастрономиялық дәстүрлерімен танысу, мәдени мұраны сақтау, дәстүрлі рецепттер мен аспаздық дағдыларды жас ұрпаққа үйрету және олардың қызығушылығын арттыру, сондай-ақ аудандарарасындағы рухани-мәдени байланысты нығайту мақсатында өткен іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан қатысты. Көрмеде дәстүрлі тағамдарды көрсету үшін әрбір ауданға арнайы алаң бөлінген. Жолдас Батырхан бастаған топқа аудан өкілдері дастарқандағы тағамдардың шығу тегі, қолданылған рецепттер мен пісіру әдістері туралы таныстырды. Мәселен, Шалқар ауданынан келген жас кәсіпкер Айбану Қожабаева ұмыт қалып бара жатқан ұлттық тағымдарымыздың бірі — жаужүрек пен үлпершек, қарын бүрменің жасалу әдісіне тоқталды.

Мал жүрегінің сыртқы қабықшасы — үлпершектен халқымыз дәмді тағам дайындаған. Бұл тағамды дайындау үшін екі жағындағы құлақшаны кесіп, қаны әбден сорғыған жүректің жіңішкелеу жағын тіліп, ішіне ұсақтап туралған ет пен іш май тығылады. Содан соң жүректің тілінген жағы мұқият тігіліп, қазанда пісіріледі. Дәміне қарай тұз салынады. Әбден піскен үлпершекті суығаннан кейін қиялап турап, табаққа салып, қонаққа әрлеп ұсынамыз, — деген Айбану сол жерде қарын бүрменің қалай дайындалатынын да айтып берді.

Шалқар ауданының атынан әзірленген дастарқанда «Шалқарлық комбо» атауымен ішіне табиғи ет өнімдері, яғни жылқының қазысы мен үш түрлі шұжық және ысталған құйрық, сондай-ақ жергілікті жердің тары-талқаны мен құрты салынған арнайы қорапқа көпшіліктің назары ауды. Арнайы вакуумды пакетке салынған дайын өнімді Шалқар қаласының тұрғыны, жеке кәсіпкер Айбек Сағынаев нарыққа шығарып отыр. Шалқар бренді ретінде сыйға беруге дайын өнімнен дәм ауыз тигендердің қарасы көп болды.

Гастрономиялық көрмеге «Сарқыт» мейрамханасы аспаздары да өз үлесін қосқан. Көпшілікті төр дастарқанына ыстық күйінде әкелінген бүрме қарынның жасалу технологиясы қызықтырды. Саз балшыққа оралған қарын толы етті мейрамхана азпаздары сексеуілдің отына пісірген.

Бұл тағамды көбіне далалықта аңшылар пісірген. Олар жаңа сойылған малдың қарнына ет пен май толтырып, аузын буып, сыртын саз балшықпен орап, отта пісірген. Біз бұл тағамды 4-5 сағат бұқтырып, осы көрмеге дайындадық, — деді мейрамхана өкілі Махаббат Юнусова.

Бұл күні ойылдықтар келі-келсапта тары түйіп, диірмен тартып, жергілікті бренд өнімнің қалай дайындалатынын көпшілікке тағы бір мәрте түсіндіріп берсе, Темір ауданының өкілдері ұлттық тағам толы дастарқандағы ерекше ас — өрме төстіктің қалай жасалғанын үлкен экраннан ұсынды. Темір ауданы Тасқопа ауылының кітапханашысы Лида Әжігерейқызы әзірлеген өрме төстік қойдың бүйені мен аш ішегінен жасалған. Көпшілік экраннан қой сойылып, ішек-қарынның тазалануы, өрме төстіктің жасалу технологиясын көріп, алдарында тұрған дайын өнімнен ауыз тиіп, өз бағасын берді. Бұл көрмеге мұғалжарлықтар да жоғары дайындықпен келіпті. Қарын толы сары майдың сақталуы, ет тарту, қуырдақ, әсіп сияқты ұмытыла бастаған ұлттық тағамдардың жасалу технологиясы қонақтарға жан-жақты түсіндірілді.

Осындай әр ауданның дайындаған бірегей тағамдардың тарихы мен жасалу ерекшеліктері басты назарға алынған гастрономиялық көрмеде Жолдас Батырхан: — Құнары мен құндылығы жоғары ұлттық тағамдарымыздың бірі бүгінде дастарқанымыздан сирек көрінсе, енді бірі мүлдем ұмыт болып барады. Қазақ халқы асханасы керемет бай, құнарлы әрі адам ағзасына өте пайдалы тағамдарымыз — ұлт денсаулығының кепілі. Біз ұмыт бола бастаған ұлттық тағамдарымызды жаңғырту арқылы ұлттық құндылықтарымызға жаңа бір үлес қостық деп санаймыз, — деп, «Сыбаға» ұлттық дәстүрлер фестивалінің жыл сайын дәстүрлі өтетінін айтты.

Көрме соңында «Үздік дәстүрлі сусын», «Үздік аймақтық рецепт», «Үздік аудан» сияқты барлық аудан әртүрлі аталымдарға ие болды.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button