Жаңалықтар

Қателікке жол жоқ – Президент салық-бюджет реформалары туралы

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің салық-бюджет жүйесін реформалау туралы ұсынысын мақұлдады, бірақ халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізу керегін баса айтты.

− Реформаны міндетті түрде жүргізу керек, ол бойынша еш күмән жоқ. Бірақ ең алдымен қоғамға, жалпы халыққа жақсылап түсіндіру керек қой. Оның бәрін талқылап, ойлану керек. Жалпы реформа керек деп айтып жатырмын, бұл реформаны мақұлдадым. Енді оны талқылау керек, зерттеу керек. Қазір Салық кодексі жобасы Мәжілісте қаралып жатыр. Бұл жақсы нәтиже, бірақ биыл 2025 жылы Салық кодексіне не болмаса Бюджет кодексіне назар аудару керек. Қателікке жол жоқ. Сондықтан іске кірісіңіздер, − деді Мемлекет басшысы Үкіметтің бүгінгі кеңейтілген отырысында.

Президент Ұлттық қордан бөлінетін трансферттердің көлемін азайту және оның жинақтау функциясын күшейту – басты міндет екенін еске салды.

− Жинақталған қаражатты ірі инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға бағыттау керек. Осылайша, біз мемлекеттің даму функциясын нығайтамыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Премьер-министр Олжас Бектенов Үкіметтің кеңейтілген отырысында салық саясатының жаңа бағыты жөнінде баяндаған еді.

Айта кетейік, Астанада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр. Онда еліміздің 2024 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары шығарылып, Үкіметтің алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттері белгіленеді.

Бұған дейін Kazinform агенттігі Үкіметтің былтырғы кеңейтілген отырысында берілген тапсырмалар қаншалықты орындалғанын талдап көрген еді.

INFORM.KZ

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button