Цемент зауытының құрылысы басталады
Инвестиция
Алға ауданының Алға қаласында қуаттылығы жылына 2 миллион тонна өнім шығаратын цемент зауыты салынады. Зауыт іске қосылса, 500-ден астам жұмыс орны болады.
Өңір басшысы Асхат Шахаров Сингапур инвесторларымен кездесіп, жобаны әзірлеудің егжей-тегжейін, оның ішінде қаржыландыру мәселесін, құрылыс мерзімдері мен экологиялық стандарттарды талқылады.
— Біз цемент зауытын салу жобасын іске асыру үшін қолдау көрсетуге дайынбыз. Кәсіпорын жергілікті нарықты сапалы цементпен қамтамасыз етіп, жаңа жұмыс орындарын аша отырып, өңірдің құрылыс саласын дамытуға елеулі үлес қосады. Сонымен қатар бұл жобаны іске асыру қосымша инвестициялар тартады және біздің өңірдің экономикалық өсуіне ықпал етеді, — деп атап өтті инвесторлармен кездесуде Асхат Шахаров.
Сондай-ақ облыс әкімі бұл зауыттың батыс өңіріндегі қуаттылығы жылына 2 миллион өнім шығара алатын жалғыз ірі кәсіпорын болатынын, Ақтөбе өңірі үшін бірегей жоба екенін тілге тиек етті. Бүгінгі таңда тек Ақтауда жылына 800 мың тонна цемент өндіретін зауыт жұмыс істейді. Жаңа кәсіпорынның іске қосылуы цементке деген сұранысты қанағаттандырып қана қоймайды, сонымен қатар жергілікті құрылыс компаниялары үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.
Әкіммен кездесуде «Aktobecem» ЖШС құрылтайшысы Нұржан Шәкіров зауыт құрылысына инвесторлар 70 миллиард теңге қаражат салуды жоспарлап отырғанын айтты. Кәсіпорында 500-ден астам жұмыс орны ашылады. Кадрларды іріктеу кезінде Алға ауданы және жалпы Ақтөбе облысының тұрғындарына басымдық берілмек.
— Зауытты іске қосу облыстағы цемент өнімдеріне деген қажеттілікті 100% жабуға, сондай-ақ логистикалық шығындарды азайтуға және өнім бағасының маусымдық ауытқуын теңестіруге мүмкіндік береді. Бұдан бөлек зауыт ағынды сулары жоқ қалдықсыз өндіріс, бұл оның экологиялық жауапкершілігінің деңгейі жоғарылығын көрсетеді, — деп Нұржан Шәкіров инвестициялық жобаның тартымдылығын сөз етті.
Айта кету керек, осы жылдың тамыз айында Алға қаласындағы бұрынғы химзауыт алаңдарының бірінде символдық уақыт капсуласын салу салтанатты рәсімі өтті. Aktobecem құрылыс-монтаж жұмыстарын 2025 жылдың көктемінде бастауды жоспарлап отыр, ал цемент зауытын толыққанды іске қосу 2026 жылға жоспарланған.
А.ІЛИЯСҚЫЗЫ.