Адал азамат —Адал еңбек

Құлыншақтың қарағайлары

Орман шаруашылығы саласында 40 жылдан астам жұмыс істеп келе жатқан Құлыншақ Сисенбаевтың айтуынша, ағаштарды күтіп-баптап, қорғау үлкен ептілікті, көп еңбекті қажет етеді.

Құлыншақтың тай-құлындай тебісіп өскен тұстастары арасында, жалпы өсіп-өнген ортасында орманшы мамандығын таңдағандар жоққа тән. Кейіпкеріміздің дәл осы салаға келуіне әкесінің тікелей септігі тиген.

— Әкем — орманшы болған адам. Мен де сол кісідей болайын деп 1976 жылы Темір аудандық орман шаруашылығына жұмысқа кірдім. Сол уақыттан бері қызметім табиғат әлемімен байланысты, — деп әңгіме тиегін ағытқан Құлыншақ аграрлық-техникалық колледждің түлегі екенін мамандығы бойынша көп жылдан бері еңбек етіп келе жатқанын атап өтті.

Қазіргі таңда Темір аудандық орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінде орман шебері болып жұмыс істейтін оның міндетіне көшеттерді егу, күтіміне жауап беру ғана емес, қажет кезде шабу да кіреді… Соңғы аталған істі мезгілі жетіп, қураған ағаштарға ғана қолданатынын тілге тиек еткен тәжірибелі қызметкер орман шаруашылығында қызық пен қиындықтың қатар жүретінін қосты. Айталық,  өзің еккен өскіннің қалай жайқалып өскенін көру — ғанибет болса, жаз мезгілінде кез келген жерден тұтанып кетуі мүмкін өрттен асқан қауіп жоқ.

— Жылдың әр мезгілінде жұмысымыз дайын тұрады (күліп). Мысалы, қыс айларында тәлімбақтарға тұқым егіп, олардың қашан бұта боп өскенінше қарасақ, көктем мезгілінде сол өскіндерді әр жерге егеміз. Басқа уақытта көнерген тал-теректі кесеміз. «Ауру» ағаштардың көзін жоямыз.

Бір апта бұрын ғана 2 мың қарағай ектік. Сол сияқты терек, қарағаш, басқа да ағаш түрлерін көптеп өсіреміз. Негізінен, таңдауымыз қылқан жапырақтыларға түседі, — дейді ол.

Соңғы жылдары орманшылардың жалақысы өсіп, жалпы өзі қызмет ететін саланың материалдық-техникалық базасы жақсарғанын айтқан сұхбаттасушымыз өмірін ормансыз елестете алмайды. Содан болар, екі жыл бұрын зейнет демалысына шықса да қызметінен қол үзген жоқ. Бір жағынан, табиғат аясында жұмыс істейтін еңбек адамының бұл денсаулығына да пайдалы. «Кейде телефон желісі жоқ, байланыс аясынан тыс жерге кетіп қаламыз. Ондай кезде кітап оқып, өз-өзіңмен боласың. Тек құстардың сайрағанын есту де демалыстың бір түрі ғой. Ауыл баласына бұдан артық не керек? Әрі орманшыларға жасалып жатқан жағдай да бұрынғыдай емес, өте жақсы. Бабаларымыз үш түрлі әрекетті теңдесі жоқ сауап деп білген: құдық қазу, көпір салу, ағаш егу. Сондықтан осы салада еңбек еткеніме қуаныштымын, осы мамандықты таңдағаныма ешқашан өкінбедім», — дейді Құлыншақ.

Бүгінге дейін еккен ағашының санынан жаңылған орманшының зайыбымен бірге екі бала өсіргенін, бірақ ұл-қызы басқа саланы таңдағанын білдік. Ең бастысы, олар да әкесі сынды табиғат-анаға ерекше қамқорлықпен қарайды екен… Қолы қалт етсе, ағаш егіп, сенбілікке шығуға әуес.

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button