Адал азамат —Адал еңбек

Жылқы дүбірімен оянған немесе Орынбасар ағаның өнегесі

Сағым жайлаған сары далада төрт түліктің патшасы —жылқының дүбірі артып келеді. Бұл кең даламыздың жарқын көрінісі. Алайда үйір салуға ұмтылған бүгінгі буын қасиетті жануардың қадіріне терең бойлап,байырғы жылқышылар үрдісінен үлгі алса дейсің.

Кешегі кезде жылқы бағу ең қиын шаруа болғандықтан, оған екінің бірі тәуекел етеа лмаған. Осындайда Қамбар ата төлін өрістетуде табандылығымен жылдар бойы тер төккен Орынбасар Құдайберген ағамыздың еңбегі ойға оралады. Талшыбықтан ат жасап, қамшы ойнатып, жүйрік мінгендей қанаттану өткен ғасырда туған ауыл балаларының бәріне тән ойын еді.Орынбасар ағамыздың да атқа әуестігі сонау сәби санасынан осылай салтанат құрыпты.

Әкесі Мұханбетәлі мен анасы Сақып байырғы «Сарыбұлақ» ұжымшарының №11ауыл кеңесіндегі қарапайым шаруа отбасы болады. Кіндіктен жалғыз Орынбасар оларды қуанышқа бөлеп, 1959 жылы қазіргі Есет ауылындағы 8 март бастауыш мектебінің табалдырығын аттап, алғаш әріп таниды.

Сол тұста 8 март ұжымшарын бүгінде есімі елге елеулі жерлесіміз,әлем дәрігері, атақты нейрохирург Серік Ақшолақовтың әкесі Қуандық Ақшолақов басқарады. Оның зайыбы Сағынай сол ауыл мектебінде бастауыш кластың мұғалімі болып жұмыс істейді. Бала Орынбасардың нәзік саусақтарын қалам ұстауға иіп,мектеп өміріне алғаш үйреткен елдің батагөйіне айналған Сағынайдай асыл ұстаздар еді.Мектепке тарыдай болып кірген тұсың, қатарластарыңмен иық қағысып жүріп ер жеткенің, соның бәрінде жылы қабағын танытып, жанашырлығын білдіріп отыратын ұстаздар мейірімі адам қанша жасқа келседе, жадынан өшпейтіні шындық.

Орынбасар аға өзі оқыған бүгінгі Сарыбұлақ негізі орта мектебінің сол кездегі директоры Жексенбай Шүйтеновті, ұстаздары Сағынай Ақшолақова, Әлібай Мұханбетжанов, Сара Айтбаева, Абдуллажан Низамутдиновтардың ұлағатын айтып, әрқайсысын дара тұлғаға теңейді. Сол Орда қонған табанындағы аядай ауылдың айбары болып, бүгінде есімдері мәңгілік сағынышқа айналған ақсақалдардың жүрек тазалығын әр кез ризалықпен есіне алады. Олардың берген тәлім-тәрбиесі, тағылымы ешқашан ұмытылмайды.

Орынбасар Мұханбетәліұлының орта білім алып, мамандық игеруге жолдама алған ордасы —Қорғантұз орта мектебі. Екі жыл осы мектепті оқып бітірген соң 1969-1972 жылдар аралығындаҚызылорда облысындағы Қазалы ауылшаруашылық техникумында оқып, ветеринария қызметкері маманы атанады. Оқу бітірген жылы «Сарыбұлақ» кеңшарынан мамандығы бойынша еңбек жолын бастап,осы кеңшардың №2 фермасы Аяққұмда жұмысын жалғастырып, малшаруашылығының қыр-сырына үйренеді. Болмысында бар тәуекелшілдігі үлкен істерге жетелеп,1977 жылы ол кеңшардың 600 бас жылқысын бағуды жүрексінбей міндетіне алады.Екінші мүшелге әлі толмаған жас жігітке бұл артылған зор жауапкершілік болды. Ол осы сенім үдесінен әрдайым шығуға ұмтылды. 1982 жылы 196 биеден 190 құлын алып,алдындағы малының 98,9 пайызын аман сақтап, өсіргені үшін «Шалқар ауданының чемпион жылқышысы» атанады. Бұндай марапатқа ол кейіннен бірнеше мәрте қол жеткізеді.

Заман өзгерді, нарықтық қатынастар үстемдік алды. Кешегі құрылымы берік шаруашылықтар ыдырап, ел жекешелендіруге бет бұрды. Сол ағымның ықпалымен 1997 жылы Бозой ауылдық округіне қарасты «Ынтымақ» шаруа қожалығын құрып, тәуелсіздікпен үзеңгі қағыса келген нарық көшіне ілесіп,жеке шаруашылыққа ден қояды. Алдында төрт түлік құралса да,соның ішінде оған жылқы малы жақын тұрады.

—Менің жылқы шаруашылығына келуім кездейсоқтық емес,ауылдың баласы ретінде малға бізде ерте араластық, төрт түліктің қадіріне жастайымыздан қанықтық. Жылқы бағудың жауапкершілігі зор. Кеңшардың тұсында жылқы ауылдарға жүктелетін міндеттым жоғары еді. Бала-шағамызбен бие байлап сауып, саумалын орталыққа тапсырамыз. Ауылға бөшкесі арнайы жабдықталған сүт таситын «Газ-53» автокөлігі келіп, сауған саумалымызды аудан орталығындағы май өңдеу цехына алып кетеді. Саумалдың литріне қолма-қол ақша төлейді, бұнысы түздегі шаруаны еңбекке ынталандырады. Біздің кездеөрістегі жылқыға түз тағысынанкелетін қауіп көп еді. Көзден таса қылсаң құлындар лезде қасқырдың жемтігіне айналады.Сондықтан үйірді жиыстырып, соңында күні бойы атпен жүріп, түнде кезекпен күзетке тұрамыз.Жылқыларіңір түсе жәнетаң алдында екі-ақ рет жусайды. Сол сәтте өзің де аттан түсіп, бел жазып демаласың. Түнгі күзетке шығатын адам кешкілік жылқыны санап алады. Бұл жылқы ауылда қалыпты жағдай, бір басы кем болса, оған нақты дәлелің болуы керек,болмаса құнын төлейсің. Жылқы малы күндіз-түні жайылатын болғандықтан суды да көп қажет етеді. Кезінде кеңшардың жүздеген жылқысына Аяққұм өңірініңсуы жетпей, көктем шыға Алақозы ауылының шығыс беткейіндегі Көтібоқ деп аталатын жерді қараша айына дейін жайлайтынбыз. Сондағы екі құдықтан күні бойы тереңнен су тартатын «Зит»маркалы моторлар үздіксіз жұмыс істеп, үлкен тас ыдысқа су қорын жинақтайды.

1985 жылы бұл жерде қуаңшылық болып, 300 шақырым қашықтықтағы Мұзбел деп аталатын жазықтыққа қоныс аудардық. Ол жерлер сол кезде Ембі әскери полигонына қарайтындықтанбізге отбасымызбен көшіп баруымызға рұқсат берілмеді. Үш жылқышы болып қостанып жатып, кеңшардың 900 бас жылқысын бір жыл сонда қыстаттық,—дейді Орынбасар аға.

Аяққұм өңіріндегіСағымбай қыстағы, Тақыршыңырау,Мәмбетнияз жайлаулары — ағаның жылдар бойы құрық сүйретіп, жылқы қайырған киелі мекені.Жылқы малы көп шиырлаған жердің түгі шығады. Сондықтан Қамбар ата төлін ұстаушының бойындатабиғат сырын алдын ала зерделейтін қасиеті деболғаны абзал.

2021 жылы Шалқар ауданының оңтүстік беткейін қуаңшылық жайлағанда Орынбасар аға балалаларымен ақылдаса келетәуекелге бел буыпірі қара малын 300 шақырым қашықтықтағы Шалқар ауылдық округі аумағына айдап, жайылым өзгертті.Сол жылы аталған округтен жаңадан «Мұқанбетәлі» шаруа қожалығын құрды.Тың жерге үй тұрғызып, қора-жайын салды. Үкіметтің көмегімен су ұңғымаларын қаздырды.Шаруашылығықазіржаңадан құрылған осы «Мұқанбетәлі» және бұрынғы «Ынтымақ»шаруа қожалығында теңжүруде.Ірі қара малға басымдық берген осы қос қожалықтың басындағыЖамбай, Бақыткерей,Әділбай,Рақымжан есімді балаларының жанынаол ара-тұра барып,атқа мініп, бойын бір сергітіп қайтады.

Бұл қожалықтардағы жылқылардың барлығы қазақыжабы тұқымнан. Оның қасиетін,жалпы жылқы басын көбейтемін деушілерге айтар ақылын Орынбасар аға былай тарқатты.

—Қазақы жылқы тұқымы өсіп-өну ортасына қарай әртүрлі болып келеді. Тұрпаты ірі болмағанымен ауа райының құбылмалы жағдайына өте төзімді,еттілігі, сүттілігі, мініс жағынанда жақсы жетілген. Жылдың қай мезгілінде де жемшөп талғамайды,үнемі өрісте —тебінде жүреді. Биелері құлындарына өте бауырмал, айғырлары алдынан шашау шығармай, ит-құсқа жегізбей үйірін қорғауғабатыл болып келеді.

Жылқы малы жыл-он екі ай бойы басқа үй жануарлары бара ал­майтын қашықтықтағы өріске барып жайыла береді. Тұяғы мықты, оның өрісі ауысып тұрмаса, жер азады. Ертеде бабаларымыздың үйірдің соңында қостанып жүріп бағатыны,міне, осыдан. Бұл малды қуып терін шығармау керек, тері шыққан жылқы қыста ыққыш, суыққа төзімсіз болады.Кірпияз болғандықтан жылқыны бағып-баптаудың қыр-сырын өмір бойы үйренуіңе тура келеді.

Алайда қазір атқа мініп мал бағып жүрген малшы көрмейсің. Бұрын біздің кездегі жылқышылардың барлығы бұғалықшы,шабандоз еді. Жүген-құрық тимеген асауды өрістен ұстап алып, міне беретінбіз.Жүйрік тұлпар таңдарда«мен осыны құлынынан танығанмын» деп,жылқышылар арасында өзара бәстесу болып жататын-ды. Бұның бәрі сол кездегі жылқы ауылдарға тән құбылыс еді. Қазір бәрі өзгеше,техника мүмкіндігі мал бағу үрдісіне де маңайлады.Төрт түлікті бейнеттенбейөсірген жақсы-ау, бірақ жеңілге қарай жантаямыз деп,мал бағу мәдениетін, қасиеттіер-тұрманымызды келер ұрпақ ұмытып қалмасаекен,—дейді ол.

Ресми дерек бойынша, қазір Шалқар ауданында 63 303 жылқы малы тіркелген.Олардың алғы шебіндебір өзі екі жарым мың жылқы ұстайтыншаруа қожалығы тұр. Салыстырмалы түрдежылқы басы жағынан Орынбасар ағаныңшаруашылығы аудан бойынша алғашқы үштіктің қатарында.

Бүгінде жетпіс жастың жотасына шыққан Орынбасар ағаның өмірлік серігі Күнжан апай — көп балалы ана, «Алтын алқа» иегері.Екеуі аудан орталығынан жаңадан тұрғызған қос қабатты үйіндешаруадағы балаларынабағдар беріп,немерелер шаттығына қуанып, өнегелі ата-әже биігіне жетіп отыр.

Балаларының үлкені Түгелбай жұртшылыққа ертерек танымал болды. Ол жастайынан көпшілікпен араласқыш, арғы-бергі тарихқа құмар, көкірегі кеніш ақсақалдардың айналасынан табылатын құймақұлақ болып өсті. Есейе келе қолына домбырасын ұстап, жыраулық мектебінің дәстүрлерін игерді. Ілгерідегі ақын-жыраулардың танымал туындыларын халық арасында кеңінен насихаттады. Шалқар өңірінде артына мәнді мұралары қалған Сары Батақұлының, Әлиманың жырлары, Құдабай жыраудың туындылары Түгелбайдың орындауында тыңдармандарының құлақ құрышын қандырып жүр.

Сонымен бірге атбегілік өнерін де айтарлықтай өрістетті. Түгелбайдың баптаған жүйріктері ірі додаларда талай рет топ жарып, иесінің мәртебесін көтерді. Бала кезінен ат құлағында ойнап өскен қынулы жігіт баяғының сал-серілеріндей болып көрінеді кейде.

Түгелбай — ізінен ерген Көлбай, Жамбайдың, Бақыткерей мен Әділбайдың, қарындасы Сәнім мен үйдің кенжесі Рақымжанның ақылшысы.

Орынбасар ағаның өзі де өткен-кеткеннің өнегесін бойына сіңірген, бүгінде үлкендіктің үлгісін жастарға сөзімен де, ісімен де үйретіп жүрген жайсаң ағалардың бірі.

Орынбасар ағамыз жылқы түлігі, оның қадір-қасиеті туралы сағаттап әңгіме айтуға бар. Бұл тақырыпты өрбіткенде оның көзінен ұшқын шашып, ат үстінде келе жатқандай әлсін-әлсін қозғалақтап қоятыны байқалады.

Бұл отбасы Қамбар ата түлігін айрықша қадірлейді. Үй ішіне орнатылған ағаштан қашалған сымбатты сәйгүлік бейнесі—құрығы құтты жылқышылар әулетінің оған деген құрметінің бір белгісіндей…

 

Мұхтар МЫРЗАЛИН,

Шалқар ауданы.

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button