Ашытқысыз нан пісіреді
Тынбай еңбек еткеннің табысы берекелі болады. Бүгінгі заманның талабы да осы. Шалқар қаласының тұрғыны, көпбалалы ана Жәмила Жайлаубаева мемлекеттен қайтарымсыз грант алып, қазір шағын кәсібін дөңгелентіп отыр.
Жәмила осыдан бір жыл бұрын мемлекеттен 1 миллион 200 мың теңге грант алып, үйінің бір бөлмесінен шағын наубайхана ашты. Бұл жерде ашытқысыз және глютенсіз нан пісіреді. Жәмиланың бұл кәсіпті қолға алуының да өзіндік себебі бар. Денсаулығы сыр беріп, дәрігерлер ашытқысыз нан жеуге кеңес береді. Ал ауруханадан шығып келген Жәмила Шалқардан бұндай нан түрін таппайды. Алғашқыда ұн сатып алып өзі үйден пісіріп жүрді. Кейін көршілерінен сұраныс түсе бастады. Осылайша Жәмила Шалқарда сатылмайтын нан түрін пісіруді қолға алды.
— Бұндай нанға сұраныс көп. Тіпті кейде үлгере алмай жатамын. Ашытқысыз, глютенсіз нан денсаулыққа өте пайдалы. Әсіресе ішек құрылысы, бауыр, өт жолы ауыратын жандарға пайдасы көп. Нанның қатты қабығының өзі пайдалы. Кейбір адамдар дүкеннің нанын жей алмайды, себебі онда ашытқы көп. Сондықтан үнемі осындай нан алады. Соңғы кезде көпшілік глютенсіз нанның да пайдасын біле бастады. Салауатты тамақтануға көшкен отбасылар көп. Олар нанның бағасына қарамай алады. Тіпті шалғай ауылдардан келетіндер бар,— дейді Жәмила.
Мемлекеттен грант алғаннан кейін нан пісіруге арналған пеш, өзге де құрал-жабдықтарды сатып алды. Қазір күніне 200-250 бөлке нан пісіреді. Қаладағы оннан астам шағын дүкенге,супермаркеттерге тапсырады. Қара бидайдан ашытқысыз пісірілетінбір нанның бағасы — 250 теңге. Бұндай нан төрт күнге дейін сақталады. Тек қара нан ғана емес, өзге де ашытқысыз пісірілетін нан түрі көп.
Жәмиланың нанына сұраныс көп. Шалқар маңындағы Айшуақ, Бозой, секілді ауылдардан алып кететіндер бар. Тіпті Ақтөбеден де сұраныс түседі.
Жәмила жұбайы екеуі бес баланы тәрбиелеп отыр. Наубайханадан түсетін табыс аз емес. Болашақта кәсібін кеңейтуді көздеп отыр.
— Алғашқы кезде 50-60 бөлке нан пісіретін едім. Қазір көлемін көбейттім. Болашақта наубайхананы кеңейтіп, қантсыз, глютенсіз тәттілер пісіргім келеді. Өз қаражатыммен наубайхананы кеңейтіп жатырмын.Әрине, біраз қаржы жұмсадым. Егер наубайхананы үлкейтсем, көмекші адам алып, істі одан әрі жандандырар едім. Әзірге бар күшімді салып, ғимаратты үлкейтіп алғым келеді. Алдағы уақытта мемлекеттік бағдарламаларға қатыссам деген ойым бар. Көпшілігі мүмкіндігі келгенше денсаулыққа пайдалы, жасанды қоспалары жоқ табиғи асты тұтынғанды тәуір көреді. Қазір өзімде дұрыс тамақтануға көштім, соның нәтижесі болар, денсаулығым да түзелді, — дейді Жәмила Жайлаубаева.
Кәмшат ҚОПАЕВА.