Тарихи жәдігерлер және Абат-байтақ
Экспедиция
Жошы ұлысының 800 жылдығына орай «Талас-Ұлытау-Сарайшық» республикалық экспедициясының мүшелері Ақтөбеге табан тіреді. Олар алдымен облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорындағы жәдігерлерден жасақталған көрмені тамашалады.
Іс-шараның ашылу салтанатында облыстық тарихи-өлкетану музейінің директорының орынбасары Медет Құлмұқанов сөз сөйлеп, баға жетпес рухани байлықты насихаттап жүрген экспедиция мүшелеріне алғысын білдіріп, 95 жылдық тарихы бар музейдің тарихына тоқталды.
— 2018 жылы облыстық тарихи-өлкетану музейінің жаңа ғимараты салынды. Музейде 10 экспозиция залы қызмет етеді. Мұнда 123 мыңға жуық экспонат сақтаулы. Музейде шеберхана, ғылыми кітапхана, қор экспонатын сақтау және шығармашылық бөлмелермен қатар, LED-экрандар, интерактивті виртуалды кітап, мультимедиялық жабдықтар, виртуалды голографиялық кешен, ақпараттық киоскілер де бар. Биыл қайта жасақталған «Алтын» тақырыптық-экспозициялық залының ашылуы өтті. Мұнда соңғы жылдары археология саласында үлкен жаңалық болған Ақтөбе облысы Темір ауданының Taсқопа ауылы маңындағы элиталық қорымнан сақ-сармат дәуіріне жататын бірегей құнды жәдігерлер табылған Тасқопа көсемінің реконструкциясы, ерте темір дәуірінің жәдігерлері жапсырмалар, белдіктер және басқа да 700-ге жуық экспонат бар, — деп атап өтті ол.
Іс-шара барысында облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері Нұрия Жүсіп археология және этнография залдарын таныстырды.
— Өлкенің археологиялық ескерткіштерінің тарихы 1904 жылы Орынбор архив комиссиясының зерттеу жұмыстарынан бастау алады. Оған Филипп Нефедовтың ХІХ ғасырдың 80 жылдары Елек бойындағы «Алтын» қорымына жүргізген қазба жұмыстары негіз болды. 1904-1909 жылдары Қарғалы өзені бойында Игорь Попов қазба жұмыстарын жүргізді. 1926, 1930, 1932 жылдары облысымыздың солтүстігіндегі археологиялық ескерткіштерге зерттеу жұмыстарын жүргізген Михаил Грязнов, Борис Граков сынды зерттеушілердің жұмыстары нәтижесінде қола дәуіріне және ерте темір дәуіріне тән 116 ескерткіш тіркелген. Музей қорының ең құнды жәдігерлерінің бірі — ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырға жататын зерленіп тігілген киім үлгілері. Мәселен, қыз-келіншектер киетін қасаба, көйлек, шапан және қыжым кебісі музей қорына 1930 жылдары келіп түскен. Сондай-ақ этнография залында жауынгерлік қару-жарақтар, тұрмыстық заттар, сәндік бұйымдар сақтаулы, — деді ол.
Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Ержан Нұрмағанбетовтің айтуынша, «Талас-Ұлытау-Сарайшық» республикалық тарихи-этнографиялық экспедициясы тарихи мұраларымызды зерделеу мақсатында республикалық маңызы бар ескерткіштерді аралап, экспедиция жұмыстарын жүргізеді.
— Экспедиция мақсаты — ұлттық құндылықтарды насихаттау, жас ұрпақты рухани және материалдық мәдениетке баулу, тарихи туризмді дамыту, сонымен бірге музейлер арасында өзара байланыс орнату. Бұл — біздің екінші экспедициямыз. Біріншісі аймақтық деңгейде өтті. Экспедиция аясында Жамбыл, Түркістан, Қызылорда, Атырау, Тараз және басқа да облыстардағы Жошы ұлысы мен Алтын Орда кезеңіне жататын ескерткіштерге бардық. Ақтөбедегі сапарымызда Абат-Байтақ кесенесіне барып, баба рухына тағзым еттік. Ғалымдар үшін жергілікті жерлерде қандай зерттеулер жүргізіліп жатқанын білу маңызды. Экспедиция 20 қыркүйек — 1 қазан аралығында жалғасады. Іс-шараның қорытынды жиыны Астанадағы Ұлттық музейде өтеді. Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейінде Жошы ұлысына байланысты 20-дан астам экспонат бар. Осындай құнды деректерді зерттеп, ескерткіштер туралы тың деректер табу жұмыстарын жалғастырамыз. Экспедиция нәтижесінде жинақталған материалдарды талдап, оны ғылыми мақала ретінде Қазақстан тарихы оқулықтарына енгізуге тырысамыз, — дейді ол.
Ақмарал МҰҚАШЕВА.