Әдебиет

Сара апаның шарапаты

Биыл қазақ қыздарының ішінен ең бірінші болып роман жазған қаламгер Сара Мыңжасарованың туғанына 100 жыл толады. Осыған орай Сара апаның көзін көрген, жақсы істеріне куә болған жан ретінде мен ол кісі туралы бір ауыз естелігімді жерлестеріне жеткізгім келеді.

Сара Мыңжасарова — қаламгер ғана емес, қазақтың ең мықты қайраткер қыздарының қатарынан ойып тұрып орын алатын тұлға. Сол кісінің шарапатымен мен 21 жасымда байланыс саласына жұмысқа тұрып, осы салада жарты ғасырға жуық уақыт қызмет етіппін.

Бұл 1971 жыл еді.Ол кезде жас ақын, ҚазМУ-де оқып жүрген студент, кейіннен қазақтың көрнекті ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шөмішбай Сариевпен бас қосқан кезіміз, яғни жас отбасы едік. Мен тұңғыш ұлымызбен үйде отырмын. Ал Шөмішбай 5-курста оқып жүріп «Қазақстан» баспасына жұмысқа тұрған. Сол жылдары баспаның директоры Абай Бейсенбаев есімді кісі еді. Бір күні Шөмішбай осы өзі жұмысқа орналасқан баспадан Сара апайдың «Замандастар» повесі басылып шыққалы жатқанын айтты. «Біздің баспадан Сара Мыңжасарова деген жазушы апайдың кітабы шыққалы жатыр. Ол кісі жақында Қазақ КСР Байланыс министрлігінің мерзімді баспасөзді тарату басқармасының баспасөзге жазылу бөліміне меңгеруші болып қызметке келіпті. Бұрын «Казахстанская права» газетінде істеген екен. Өзі мінезі де қызық кісі секілді, министрлікте 4-5 қана қазақ қызмет жасайды, қалғандарының бәрі басқа ұлт өкілдері, ал министрдің өзі қазақ болғанымен, бұл мәселеге көңіл бөлмепті деп ренішін білдіріпті. Баспаға келген кезінде біздің жігіттерге: «Мен өз бөліміме қазақтың қыз-келіншектерін жұмысқа аламын, маған келіншектеріңді жіберіңдер» — депті», — деді. Содан екеуміз ақылдасып, мен де жұмыс мәселесімен барып көрмек болдым. Әрине, қолымызда жас бала бар, бірақ Шөкең өзі Сыр өңірінің азаматы, ата-анасы Қамбаш деген станцияда тұратын. «Бізде үлкен баланы әке-шешесіне беретін әдет бар, бір жасқа толғасынбіз де ұлымызды сол кісілерге береміз» — деп айта-айта мені көндіріп қойған. ӨзімҚостанай өңіріненмін. Қостанайдағы Ыбырай Алтынсарин атындағы жалғыз қазақ мектебін бітіріп, Алматыға келіп оқуға түскенмін. Ол уақытта республика астанасы болған Алматы — жан-жақтан келген қазақ жастары табысып, араласатын, достық бесігіне айналған қала. Мен де Шөмішбай ақынға тұрмысқа шығып, балалы болып, жоғарыда айтқанымдай, өмір жолын енді бастаған кезіміз.

Сонымен, ойлана келе ертеңіне бұрынғы Коммунист және Киров көшелерінің қиылысындағы төбесінде үлкен сағаты бар мекеме — Қазақ КСР Байланыс министрлігіне келдім. Сара апай басшылық ететін мерзімдік газет-журналға жазылатын бөлімді тауып алдым. Іздеп келген адамым ер тұлғалы, сұсты кісі екен.Мені біраз сөзге тартты. Ұнатқан болса керек:

Мен өз бөліміме жақында Сұлуқыз Басымбекова, Райхан Жақыпова  деген келіншектерді  алып қойып едім. Енді сені бөлшек-сауда бөлімінің бастығына жіберем,— деді.

Сөйтті де телефонмен бір орыс кісімен сөйлесіп, соған жіберді. Ол кісі де менен өзім туралы мәліметтерсұрап жатыр. Тұрмыста екенімді, кішкентай сәбиім барын білгеннен кейін: «Біз апталап, он күндеп облыстарға іссапарға шығамыз, соған келісіміңді берсең ғана жұмысқа қабылдаймын» — деді. Қапелімде сасып қалдым да, ондай жұмысқа тұра алмайтынымды айтып кетейін деп, Сара апайға қайта келдім. Ол кісі: «Сен «келісемін» деп, арызыңақол қоя бер. Заң бар, сені ешкім де жас баламен іссапарға жібере алмайды. Айтпақшы, кейін балаңды ата-енеңе апарып беретініңді айтпа» — деп, қайтадан жаңағы кісіге жіберді. Сонымен, нұсқаушы болып жұмысқа орналастым.

Ол жылдары орыстілді журналдарға жазылу өте қиын болатын.Шектеу қойылып,тіпті рұқсат қағазбен жазылатын. «Огонек» журналының қосымшасы ретінде орыс классиктерінің кітаптарына жазылу да сол бөлім арқылы жүргізілетін. Бұған да рұқсат қағазы керек. Күні кеше ғана секілді болғанымен, заманның тез өзгеретіні соншалық — қазір осының бәрі айтса нанғысыз жағдайға айналды.

Жұмысқа тұрғаннан кейін үлкен ұлымыз Бақытжанды Арал ауданының Қамбаш стансасында тұратын ата-әжесіне апарып бердік. Сегіз айлығынан бастап ата-әжесінің тәрбиесінде болған ұлымыз Алматыға тек жеті жасқа толғасын қайта оралды. Онда да мектепке баратын болған соң, ата-әжесі: «Біз дұрыстап оқыта алмаспыз,  Алматыда білім алсын», — деген тілекпен жіберген еді.

Сара апаймен алғаш кездескен сәтім, бірге қызметтес болған күндер — бәрі де кешегідей көз алдымда. Ұжымда ол кісіге ешкім қарсы келмейтін. Түрі сұсты ғана емес, мінезі де бірбеткей, жігерлі, қайсар жан еді.

Сара Рахманқызы сөйлеген кезде бөлмеде тыныштық орнай қалатын.Орысшасы да мықты болатын. Жоғарыда аталған қызмет апайдың соңғы қызметі болды. Мен жұмысқа тұрған соң, үш жылдан кейін қызметтен кетіп, біржола шығармашылықпен айналысты. Бұрын «Қыр қыздары» романының авторы болса, ал «Әйел бақыты» және «Төзім шеңбері» атты романдарын осы шығармашылықпен айналысқан жылдарында жазды. Әдебиет зерттеушілерінің айтуынша, ол — қазақ қана емес, Орталық Азия халықтарының арасынан шыққан тұңғыш роман жазған әйел адам.

Өзіме келсем, Сара Мыңжасарова апамыз жұмысқа орналастырған мекемеде 48 жыл қызмет атқардым. Кеңестік заманда бұл республиканыңБайланыс министрлігіне қарасты мекеме еді. Тәуелсіздіктен кейін, нақты айтқанда, 1994 жылы аталған министрлік Көлік және коммуникация министрлігіне айналып, одан «Қазпошта» мен «Қазақтелеком» АҚ-лары бөлініп шықты. Мен «Қазақтелеком» мекемесінде қалып, сол жерден зейнетке шықтым. Зейнетке шыққаннан кейін де келісімшартпен он жыл қызмет атқарыппын. Сара апайымыздың жақсы ниетімен, қолдауымен орналасқан жұмысым ғұмырлық сүйікті кәсібіме айналды. Ол кісінің өзіме жасаған жақсылығын ешқашан ұмытқан емеспін.

Жұмагүл САРИЕВА.                                    

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button