АЭС

Жастар және референдум

Энергетика

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің бас ғимаратында оқытушылар мен студенттерге атом энергиясының маңызы жайында жиын өтті.

Жиынға қалалық мәслихат депутаты Қайырбек Таханов, экология кафедрасының доценті Гүлнар Нұрмұханова және еңбек ардагері Қайырқожа Жұмағалиұлы қатысты. Кездесудің басты мақсаты — жастарға атом электр стансасының маңыздылығын түсіндіру.

Қазіргі таңда еліміздегі электр энергиясының 70 пайызға жуығы көмірден алынады. Бұл біздің экологиямызға үлкен зиян. Энергетика министрлігінің мәліметінше, 2035 жылға қарай Қазақстанда электр энергиясын тұтыну 152,4 миллиард кВт/сағатқа жетеді, ал қолданыстағы станциялар бұл сұранысты өтей алмайды. АЭС салу — осы мәселелерді шешудің жалғыз  жолы. Бұл біздің экологиялық таза және тұрақты энергетикаға қадам жасауымыздың белгісі. Осы арқылы болашақ ұрпағымызға қауіпсіз және сенімді энергия көзін қалдырамыз, — деді мәслихат депутаты.

Жиында атом стансасы құрылысының қауіпсіздік шаралары да сөз болды.

АЭС үшін қолданылатын III және III+ буын реакторларының қауіпсіздігі жоғары стандарттарға сәйкес келеді және олар апаттардың алдын алу үшін арнайы жүйелермен жабдықталған. Эколог маман ретінде бұл құрылыстың тиімді екенін айтқым келеді. Әрине, қауіпсіздік шаралары сақталмаса, ядролық апаттың болуы ықтимал. Екіншіден, көпшілікті толғандыратын сауал — қалдықтар. Ғылымда оны радиоактивті қалдықтар деп атайды. Оны сақтау мәселесі халықты алаңдатып отырғаны жасырын емес. Осы жерде айтқым келетіні, бұл қалдықтар Балқаш көліне қайта құйылмайды. Шыққан қалдық «өлі су» болғандықтан, оны әрі қарай өңдеп, қайта қолдануға мүмкіндік те бар. Оның қауіпсіз сақталуы талап етілсе, кері әсері болмайтыны анық, — деді экология кафедрасының доценті Гүлнар Нұрмаханова. Жиында сөз алғандар алдағы референдумда қатысудың маңыздылығын ерекше атап өтті.

— АЭС салу — бұл тек энергия тапшылығын шешу ғана емес, сонымен қатар еліміздің ғылыми және технологиялық әлеуетін арттыру жолындағы үлкен қадам. Жаңа жұмыс орындары ашылып, инфрақұрылымды дамытуға мүмкіндік береді. АЭС — Қазақстанның энергетикалық тәуелсіздігі мен экологиялық таза болашағының айқын кепілі, — деді еңбек ардагері Қайырқожа Жұмағалиұлы.

Кездесу соңында студенттер мен оқытушылар АЭС құрылысының маңыздылығы туралы өз пікірлерін білдірді. Жастар атом электр станциясының ел экономикасы мен энергетикалық қауіпсіздігіне тигізер пайдасы туралы сұрақтар қойып, өз көзқарастарын ашық айтты.

Айдана НАҒАШЫБАЙҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button