Жол мен жолаушылар тасымалы мәселесі көтерілді
Кездесу
Сәрсенбі күні Шығармашылық академиясында Көлік министрі Марат Қарабаев тұрғындармен кездесіп, олардың ұсыныс-тілектерін тыңдады.
Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республика бойынша кемінде 10 мың шақырым жолды қамту үшін орташа жол жөндеу бағдарламасының ауқымын кеңейтуді тапсырды. Жалпы орташа жөндеу бағдарламасы облысаралық және ауданаралық жолдарды қамтиды. Бұл жолдар тұрғындар арасында сұранысқа ие.Осы орайда облыс тұрғындары республикалық жолдардың жай-күйі мен қалааралық, облысаралық автобус тасымалдарының мәселесін көтерді. Сондай-ақ қоғамдық көлік жүргізушілерінің жалақысын көтеру, карьерлерден қиыршық тас тиейтін ауыр жүк көліктеріне бақылауды күшейту, жол сапасы, т.б мәселелер талқыланды.
Кездесу барысында өңір тұрғындары министрге темір жол саласына қатысты мәселелерді де жеткізді. Мәселен, Хромтау теміржол вокзалына жөндеу жұмыстарын жүргізу, теміржол вагондарын жаңарту, жолаушыларға қолайлы жағдай жасау, т.б.
— Биыл еліміз бойынша вагондарды жаңартып жатырмыз. Мысалы, былтыр — 113, биыл 194 локомотив сатып алдық, яғни жылжымалы құрам жаңаруда. Жолаушылар тасымалдайтын былтыр — 118, биыл140 вагон алынды, келер жылы олардың саны 240-қа жететін болады. Бұл жерде мәселе — магистралды жүйеде. Магистралды жүйелерге тоқталсақ, біз жылына 1400 шақырымға жөндеу өткізіп жатырмыз, соның 540 шақырымы күрделі жөндеуден өтті. Біздің алдымызда тұрған ең үлкен мәселе — осы магистралды темір жолдарды жөндеу, — деді Марат Қарабаев.
Кездесу барысында министрАқтөбе-Қандыағаш тасжолына қатысты тұрғындар мен кәсіпкерлер көтеріп отырған мәселеге де тоқталды. Нақтырақ айтсақ, Бестамақ ауылының тұрғындары елді мекен үстімен өтіп жатқан жол бойына шудан қорғау қалқандарын орнатуды мақұлдаса, осы ауылдағы бір топ кәсіпкер бұл бастамаға қарсы шығып отыр. Оған себеп — қалқандар орнату кәсіпкерлердің саудасына кедергі келтіреді.
— Осы аптада «ҚазАвтоЖол» мекемесінің облыстық филиалының басшысы жергілікті тұрғындармен, сондай-ақ сол жердегі сауда орындары иелерімен келісімге келетін болады. Аталған ауылда 15 сауда нысаны бар. Жалпы,қалқан орнату мәселесінде ауылдық жердегі 4 мың тұрғын қауіпсіздік маңызды екенін алға тартып отыр. Біз жұртшылықтың пікірімен санасамыз.
Сондай-ақ биыл облыста Ақтөбе-Хромтау-Қарабұтақ-Ұлғайсын автокөлік жолы да қайта жаңартылып жатыр.Алдағы уақытта Қарабұтаққа дейін 262 шақырым жолды кезең-кезеңмен 4 жолақты етіп салатын боламыз. Қазір екі жолағы салынып басталды, ал қалғаны келер жылы жалғасатын болады. Әрі қарай Қарабұтақ ауылынан Қызылорда облысының аумағына дейінгі жолға орташа жөндеу жүргізіледі.
Өздеріңіз білесіздер, Президентіміз биылғы Жолдауында республика бойынша 10 мың шақырым жолға орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу талабын қойды. Бұл — өте ауқымды жоба. Жалпы бүгінде ұзындығы 25 мың шақырымнан асатын республикалық маңызы бар жол болса, соның 40 пайызы толығымен орташа жөндеуден өтеді. Бұл жобаның қайта жаңартудан қарағанда құны арзан, әрі жұмыстар тезірек аяқталатын болады, — деді министр.
Өз сөзінде Марат Қарабаев биыл «Қазақстан Даму Банкінің» қарыз қаражаты есебінен жолдарды орташа жөндеу бойынша ауқымды бағдарлама аясында Ақтөбе-Қобда, Қандыағаш-Шалқар жолдарында ұзындығы 33 шақырымды құрайтын екі учаскеде жұмыстар аяқталатынын, жыл соңына дейін жалпы ұзындығы 25 шақырымды құрайтын тағы екі нысан пайдалануға берілетінін жеткізді.
Айта кету керек, облысқа келген сапарында Марат Қарабаев жолдарды қайта жаңғырту және орташа жөндеу жұмыстарына жауапты мердігер ұйымдардың өкілдерімен де кездесті. Жиын барысында келер жылы жөндеу жұмыстары жүргізілетін нысандар пысықталды. Мәселен, келер жылы жалпы ұзындығы 280 шақырым болатын 12 нысанда жөндеу жұмыстары аяқталады. Олардың қатарындаҚарабұтақ-Денисовка, Ұлғайсын-Ырғыз, Ақтөбе-Орск тасжолдары бар.
Данагүл ҚАЗИХАН.