Жаңалықтар

Энергия тапшылығын шешеді

Энергетика

Бейсенбі күні Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде«АЭС: өңірлердің өсуі мен жаңғыруының факторы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында әлеуметтік мәселелерді атап өтіп, атом электр стансасын салу бойынша жалпыұлттық референдумның 6 қазанда өтетінін хабарлағаны белгілі. Аталмыш жоғары оқу орныныңоқытушылары мен жас ғалымдарысол бойынша ой-пікірін ортаға салды.

— Қазіргі таңда ел бойынша «Атом электр стансасын салу қажет пе?» деген сұрақ кең көлемде талқыланып жатыр.Алдағы айда өтетін референдум бұл мәселеге нүкте қояды. Негізгі мәселе — аталған маңызды дауыс беруге халықтың барлығы қатысып, өз ұстанымын білдіру керек.

Өзім физик болғандықтан, Президент көрегенділік танытып, алдағы 15-20 жылдықтағы жағдайдың қалай болатынын ескеріп, энергия тапшылығының алдын алу мақсатында бастама көтеріп отырғанын айтқым келеді. «Қазір электр энергиясыбойынша мәселе жоқ» деген пікір бар, бірақ болашақты да ойлау керек. Өйткені жыл санап техника қарыштап дамып жатыр, соған сай адамдардың энергияға деген сұранысы артады. Зауыт-фабрикалардың да саны өседі. Бұның барлығы электр энергиясыз жұмыс істемейді. Әрине, баламалы энергия көздерін және пайдалануға болады. Дей тұрғанмен бұл келер шақта бүкіл қажеттіліктің орнын толтыра алмайды.

АЭС-ті салу мәселесінде ең қажеттісі — білікті кадр. Және ол Қазақстан азаматы болуы қажет. Ол үшін әлемдегі осы саладағы мамандармен иық тірестіре, тең дәрежеде жұмыс істей алатын мамандарды даярлауға қазірден кірісіп, олардың ағылшын тілін жетік меңгеруіне жағдай жасауымыз керек. Сонда ешкімге тәуелді болмаймыз. Стансаны қай мемлекеттің салатыны да өзекті мәселе. Осы тұрғыда халықпен бірлесе отырып ортақ шешімге келсек, ешқашан ұтылмаймыз. Сондай-ақ дамыған елдердің озық тәжірибесін зерттеп, соны негізге алып, қадам жасасақ, нұр үстіне нұр болар еді. Мысалы, бұл істен бәрінен де айтарлықтай мол хабары бар жапондардың үлгісін негізге алуға болады, — деді физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Қуанышбек Шүңкеев.

Отырыс барысында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің проректоры Рахым Бекназаров атом электр стансалардың тарихы, әлем елдеріндегі жай-жапсары, жалпы бұған қатысты мәліметтерді айтса, оқытушы Әлішер Ділмағамбетов атомды пайдалану жөнінде көрген-білгенімен бөлісті. Артынша басқа да мамандар тақырыпқа қатысты пікірін білдірді.

 Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button