Университет ұжымы жолдауды тыңдады
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің профессорлық-оқытушылар құрамы мен студенттері оқу ордасының «Мәңгілік ел» залындағы үлкен экраннан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты халыққа арнаған Жолдауын онлайн режимде тыңдады.
Бұл күні университет ректоры Лаура Қарабасова бастаған ұжым, атап айтқанда, проректорлар мен департамент директорлары, 9 факультеттің деканы, кафедра меңгерушілері мен отызға тарта профессорлық-оқытушы құрам, жетпіс шақты студент, оның ішінде белсенді жастар, сондай-ақ Heriot-Watt ақтөбелік кампусының өкілдері үлкен залға жиналып, Жолдауды тыңдап, өз қолдауларын білдірді.
— Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының халыққа арнаған дәстүрлі Жолдауы биыл да қыркүйектің басында жарияланып жатыр. Бұл жолғы Жолдауда болашақтағы ел дамуы жолындағы салалардың үлесіне тоқталып, сол турасында нақты ақпарат берілді. Соның бірі — елімізде цифрлық жүйені дамыту. Цифрландырудың артықшылығы көп. Ең бастысы, цифрландыру ашықтық үшін қажет. Бұл орайда кадр даярлау мәселесі, инфрақұрылымды өзгерту сияқты салаларда цифрландырудың қарқынды жүретіні байқалады. Сонымен қатар Жолдауда еліміздің энергетикалық қауіпсіздігі мәселесі үшін атом электр стансасын салу арқылы бұл мәселені шешудің қажеттігі айтылды. Осыған орай өтетін жалпыұлттық референдумның күні де жарияланды. Президентіміз айтқандай, бұл, шын мәнінде, «Халық үніне құлақ асатын мемлекетке» тән сипат. «Біз осындай қадамдар арқылы жаңа қоғамдық-саяси мәдениеттің негізін қалаймыз», — деді Мемлекет басшысы. Елімізде энергетика саласында әртүрлі мүмкіндіктерді пайдалану мақсатында өтетін референдумда халық өз пікірін айтуы керек, — деді Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры, тарих ғылымдарының докторы, доцент Рахым Бекназаров.
Ол биылғы Жолдауда білім, ғылым мәселесіне қатысты айтылған тұстарына да ерекше тоқталды.
— Жоғары оқу орындарының жергілікті бизнес құрылымдарымен, өндіріс орындарымен бірге қолданбалы ғылымды дамыту мәселесі Жолдауда айтылған міндеттердің бірі болды. Қазіргі таңда бұл бағытта елімізде қарқынды шаруалар, нақты бағыттар бойынша жұмыстар жүзеге асырылып жатыр. Оның ішінде академиялық ұтқырлық мәселесіне тоқталғым келеді. Академиялық ұтқырлық бағдарламаларына қатысатын білім алушылар сапалы білім беру мен зерттеу бағдарламаларына қол жеткізе алады және білімнің жаңа қорын жинақтайды. Бүгінде университетіміздің өзінде 3 миллиард теңгеге жуық қаражат ғылымға байланысты жергілікті, оның ішінде экология, өндірістік мәселелерді шешу мақсатында зертханалар сатып алу үшін қарастырылды. Президентіміз өз Жолдауында бұл бағыттағы іс-шаралар болашақта да қарқынды дамитынын атап өткені көкейге қуаныш ұялатты, — деді Рахым Бекназаров.
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті жанынан ашылған Heriot-Watt university ақтөбелік кампусының мұнай-газ ісі және энергоменеджмент білім беру бағдарламасының 2-курс студенті Аида Кадын да Президенттің дәстүрлі Жолдауын қолдап, өз ойын ортаға салды.
— Қасым-Жомарт Кемелұлы мемлекетіміз жасанды интеллектіні кеңінен қолданатын және цифрлық технологияларды дамытып жатқан елге айналуға тиіс дегенді айтты. Осыған байланысты келер жылы Астанада Жасанды интеллект ұлттық орталығы іске қосылатын болады. Қазір мен мұнай-газ саласы бойынша білім алып жатырмын. Жасанды интеллектіні қолдану өндірісті оңтайландыруға, қауіпсіздікті жақсартуға, саладағы өзгерістерді болжауға, тіпті бейімделуге мүмкіндік беретіні жайында оқып-біліп жатырмыз. Қазіргі күні бұл жүйе еліміздің мұнай-газ саласында да кеңінен қолданылып жатыр. Дегенмен әлі де болса бұл жүйені жетілдіруіміз қажет. Осы орайда бізге білім беру сапасын арттыру мақсатында бұл бағытта ай сайын профессорлар келіп, нақты осы жасанды интеллект тақырыбында дәріс оқып жүр, — деді ол.
Жиын соңында оқу орнының профессорлық-оқытушылар құрамы Жолдауда нақтыланған тапсырмалар бойынша жұмыс жасап, бірауыздан қолдайтындықтарын жеткізді.
Арайлым НҰРБАЕВА.