Білім саласын дамыту мәселесі талқыланды
Қоғамдық кеңес
«Өңірдегі орта, арнаулы орта және ЖОО жұмыстарына мониторингтер, сараптаулар, талдаулар». Облыстық қоғамдық кеңестің кеңейтілген отырысы осындай тақырыпта өтті.
Күн тәртібінде үш мәселе қаралды. Олар: облыс аумағындағы жалпы білім беретін орта мектептер мен арнаулы орта оқу орындарының өзекті мәселелері, жоғары оқу орындарын бітірген түлектердің облыс аумағындағы жұмысқа орналасу мәселелері және «Дара бала» бағдарламасының жүзеге асырылу барысы және нәтижелері.
Облыстық білім басқармасына қарасты өңірдің білім беру саласында 200 мыңнан астам оқушы (180 757 бала )мен тәрбиеленуші (46 306 бала), 25 мыңнан астам педагог бар.
Бұл саладағы ең өзекті мәселелердің бірі — апатты және үш ауысымды мектептерді азайту, оқушы орындарының тапшылығын төмендету.
— Бүгінде облыста 3 мектеп үш ауысыммен оқып жатыр.
Өткен оқу жылының басында 60 мектепте (15 840 бала) орын тапшы болды. Оның ішінде Ақтөбе қаласындағы 35 мектепте 11 700 орын жеткен жоқ. Облыс орталығындағы мектептердегі орын тапшылығы мәселесі ғимараттың маңынан қосымша құрылыс салу арқылы ғана шешіледі. Өйткені бұл мектептер инфрақұрылым қалыптасқан, ғимараттары көп шағын аудандарда, бірнеше қабатты үйлер арасында орналасқан. Сондықтан мәселені қосымша құрылыс салу арқылы шешуден басқа амал жоқ. Қазір Қонаев атындағы №60 мектеп-гимназия жанынан 600 орынға қосымша құрылыс жүргізілуде, — дейді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Лескенқызы.
Оның айтуынша, өңірде саманнан, қамыстан, ағаштан салынған 41 мектеп (2015 жылы 70 болған) бар. Бұл білім шаңырақтары Алға, Әйтеке би, Байғанин, Ырғыз, Қобда, Мәртөк, Мұғалжар, Темір, Ойыл аудандарында орналасқан.
Мұндай мектептер күрделі жөндеу жүргізуге жатпайды. 2012-2023 жылдар аралығында 41 мектептің 14-іне 185 миллион теңгеге ағымдағы жөндеу жүргізілді, — дейді Нұргүл Лескенқызы.
Өңірдегі99 мектеп бейімделген ғимараттарда орналасқан.1991 жылға дейін салынған мектептер саны — 252 (62,5 пайыз) ғимарат. Оның ішінде 22 мектеп 1951 жылға дейін салыныпты. Олардың үлесі — 4,7 пайыз.
— Орта білім саласындағы өзекті мәселелердің бірі — білім сапасы. Былтыр 5 желтоқсанда 2022 жылы өткен PISA халықаралық зерттеуінің қорытындысы белгілі болды. Біздің облыстың көрсеткіштері 2018 жылмен салыстырғанда 3 бағытта да жоғарылаған. Әсіресе өсім жаратылыстану мен математикадан байқалады.
Математикадан облыстар кесіндісіндегі позициямыз да артты, үздік бестікке кіреміз, — дейді басқарма басшысының орынбасары.
Қазір түлектердің мамандығы бойынша жұмысқа тұруы — басты мәселе. Биыл бітірген түлектердің мамандығы бойынша жұмысқа тұру көрсеткіші — 66 пайыз (жұмысқа тұрғандар — 4571, мамандық бойынша — 3047).
Жиында облыстық білім саласындағы сапаны қадағалау департаменті басшысы Гүлнара Сәрсенғалиева да сөз алды. Оның айтуынша, биыл аталған мекеме 16 мектепкемемлекеттік аттестаттау өткізген. Тексеру барысында барлық білім шаңырағында жалпыға міндетті білім беру стандарты талабының сәйкесссіздігі анықталыпты.
Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.