Білім

Батыс аймағындағы бірегей жоба «Ақбөбек» лицейі ашылады

Жаңа оқу жылында Ақтөбе қаласында «Ақбөбек» лицейі ашылады. Қазір мектеп ғимаратының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Білім шаңырағын ашудағы басты мақсат — балаларды ІТ саласына даярлау. Мектепті бітірген түлектер аттестатпен бірге ІТ мектебін бітіргені туралы сертификат та алып шықпақ. Бұл — лицей ІТ саласына дайын маман даярлап та шығады деген сөз. Лицей басшылығының айтуынша, жаңа мектеп — бірегей жоба. Жас ұрпаққа мемлекеттік стандартпен қатар, авторлық жобалар аясында тереңірек білім беріп, жаңа технологияның қыр-сырын меңгертетін мұндай білім шаңырағының еліміздің батыс өңірінде баламасы жоқ. Сонымен, бұл білім ордасында кімдер оқи алады? Біз заман талабына сай білім беру мақсатында ашылатын мектептің жұмыс жоспары туралы нақтырақ білмек ниетпен «Ақбөбек» лицейі директорының міндетін атқарушы, халықаралық «Ақбөбек» мектебінің директоры Дәулет Боранғалимен сөйлескен едік…

Талап пен таңдау

Лицейге 7-11 сыныптар үшін жалпы 400 бала қабылдау жоспарланып отыр. Оның 100 орны — грант. 23 мамыр және 22 маусым күні грант негізінде оқуға қабылданатын балаларға арналған конкурс өтті. Дәл қазір әр сыныпқа жалпы 80 бала қабылданды. Дарынды балаларды әлі де іздестіріп жатырмыз. Грант саны 100 орын болғанмен талантты оқушы болса,оны 101-інші етіп те қабылдауға мүмкіндік бар.

Жалпы ең жоғары балл 100 ұпай болуға тиіс. Балалар екі пән бойынша: математика және оқу сауаттылығынан сынақ тапсырады (математикадан — 60, оқу сауаттылығынан — 40 балл). Әзірге «Ақбөбек» халықаралық мектебінің 7-сынып оқушысы Абылай Муафиқ ең жоғары — 86 балл жинап отыр. Ол емтихан алдында екі қолын сындырып алған болатын. Сонда да сынаққа қатысты. Конкурс кезінде оған арнайы көмекші бекітілді. Көмекші оның айтуымен тапсырмаларды қағазға түсірді. Сөйтіп, Абылай Муафиқ 86 балл жинап, лицейдің грантын жеңіп алды. 

Балалардан ағылшын тілінен де сынақ қабылдауға болар еді, бірақ ауыл мен қала балалары арасында тіл меңгеруде алшақтық бар. Дарынды балалар жоғарыдағы екі талап арқылы да анықталады.

Бір бала ағылшын тілінен әлсіз болғанмен, математикадан мықты болуы мүмкін. Былтыр Мәртөк ауданында Нұрислам деген дарынды баланың бар екенін білдік. Сөйтіп, оны «Ақбөбек» халықаралық мектебіне оқуға арнайы шақырдық. Нұрислам Мәртөктегі мектепте де терең білім алды, дегенмен өте қабілетті, талантты баланың әлеуетін аша түсу мақсатында өз мектебімізде оқуға барынша жағдай жасадық. Оның оқу қаражатын, тамақтануын, киімін құрылтайшы көтерді. Ол жарыстарға бірыңғай ұшақпен барып, келетін. Ұшақ билеттерін де құрылтайшымыз алып берді.

Нұрислам бір оқу жылында 7-8 рет олимпиадаға барды. Ол 8-сыныпта оқыса да 9-сыныптың оқушылары арасында өткізілетін түрлі олимпиадаларға қатысып, жеңімпаз атанып жүрді. Математика пәнінен білікті ұстазымыз Орал Оспанов Нұрисламды жарыстарға тыңғылықты даярлады. Нұрислам мамыр айында өткен республикалық Жәутіков олимпиадасында математикадан 1-орын иеленді. Ақтөбеге қайтып келе жатқанда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев білім алған Алматыдағы Жәутіков атындағы респбуликалық физика-математика мектебінен қоңырау шалып, Нұрисламды оқуға шақырды. Біз дарынды баламызға ақжол тілеп, шығарып салдық, — дейді Дәулет Боранғали.

Лицейге 300 бала ақылы негізде оқуға қабылданады. Ақылы болса да, талап мықты. Мектепке емтихан тапсыра алған балалар ғана қабылданады екен.

Биыл 5 сынып үшін 400 бала қабылдануда. Келесі оқу жылында тек 7-сыныпқа оқушылар қабылданатын болады. Әр сыныпта 20 баладан оқиды. Оқушылар облысымыздағы Ырғыздан басқа аудандардан келіп жатыр. Сондай-ақ Атырау облысының Құлсары қаласынан, Батыс Қазақстан облысының балалары лицейге қабылданыпты.

 ІТ маман даярлаудың ақбөбектік үлгісі

Дәулет Боранғалидың айтуынша, 7-8 сыныпта оқушыларға түске дейін мемлекеттік стандарт бойынша білім беріледі. Түстен кейін үш пән — математика, информатика және таңдау пәні тереңдетіліп оқытылады.

Бір оқушы тарих пәнін жақсы көреді делік. Мұндай балалар үшін 7-8 сыныптарда тарих пәні  тереңдетіліп оқытылады да, 9-сыныпқа келгенде бала жоба жасайды. Мысалы, Мәртөк ауданында туған бала сол ауданның киелі, тарихи жерлері туралы ІТ қосымша жасайды. 9-сыныпта сол жобаны қорғап, 10-сыныпта оны стартап жобаға айналдырады. Яғнисол жобасы арқылы инвистиция тартуды үйретеміз. 11-сыныпта бала ешбір пән бойынша сабақ оқымайды. Бұл уақытта олар түрлі халықаралық емтихандарға, ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындалады. Лицей бітіргендетүлектерімізге аттестатпен қатар,  ІТ мектебін бітіргені туралы сертификат беріледі. Қазір ІТ компаниялар диплом талап етпейтіні белгілі. Мұндай мекемелерде жұмысқа қабылдану үшін диплом емес, арнайы білім алғаныңды растайтын құжат пен нақты жобаларыңды көрсету міндет. Сол себепті лицей берген сертификат арқылы түлектеріміз ІТ компанияларына жұмысқа орналаса алады. Айта кету керек, еліміздің батыс облыстарында мұндай жоба жоқ, — дейді «Ақбөбек» мектебі директорының міндетін атқарушы.

Лицейдегі ай сайынғы оқу ақысы — 80 мың теңге. Тамақтануы — 40 мың теңге. Лицей жанында интернат та бар. Интернатқа ең алдымен ауылдың, өзге облыстан келген балалар қабылданады. Одан кейінгі кезекте қала сыртындағы балаларға басымдық беріледі екен. Соңғы кезекте қала балалары орналасады.

Баланың білімді болмағы мұғалімге де тікелей байланысты. Сол себепті бұл білім шаңырағына педагогтер де іріктеліп алынуда. Лицей талабына сәйкес мұндағы мұғалімдердің 45 пайызы педагог-сарапшы және педагог-зерттеушілер болуға тиіс.

Шұбарқұдық гимназиясынан биолог ауысып келіп жатыр. Аудандармен қатар, Алматы, Қарағанды облыстарынан, Астана қаласынан біздің лицейге жұмысқа ауысып келіп жатқан мұғалімдер бар. Олардың бәрін тұрғынжаймен қамтимыз. Сондай-ақ Назарбаев зияткерлік мектебі, облыстық физика-математика лицей-интернатынан келген білікті педагогтер лицейімізге жұмысқа қабылданып жатыр.  Назарбаев зияткерлік мектебінен ауысып келген химия пәнінің мұғалімі аталған білім шаңырағында 11 жыл жұмыс жасаған. Әлі де бос жұмыс орны бар. Іріктеу жүргізіп жатырмыз. Мұғалімдеріміздің біразы ағылшын тілін де жетік меңгерген. Сол себепті лицейде сабақты ағылшын тілінде өткізуге де мүмкіндігіміз бар, — дейді Дәулет Боранғали.

Халыаралық мектеп тынысы

Лицей нысанының құрылысы мамыр айында басталыпты. Жалпы аумағы — 4 мың шаршы метр. Ғимараттың құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. 50 адам еңбек етуде. Қазір 4 қабаттан тұратын нысанның ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 4-қабатта интернат орналасады. Лицей маңында денешынықтыру-сауықтыру кешені де салынады екен.

Біздің мектепте спортқа ерекше көңіл бөлінеді. «Ақбөбек» халықаралық мектебінің балалары Барселонаға футболдан халықаралық турнирге қатысып келді. Дүбірлі жарыста 60-қа жуық команда бақ сынады. Біздің команда 3-орын иеленді. Облыс бойынша футболдан 2-орын алдық. Республика бойынша да біздің команда 2-орын иеленді. Футболдан өзіміздің AFL деген турниріміз бар. Биылоған 400-ге жуық бала қатысты. Сыйақы қоры 5 миллион теңге болды.

Қыз балаларға арналған «AIS Open» атты халықаралық турнир өткіземіз. 8 наурыз — Халықаралық әйелдер күні қарсаңында ұйымдастырылған аталған сайысқа еліміздің облыстарымен бірге Ресей, Өзбекстаннан жалпы 12 команда қатысты, — дейді «Ақбөбек» мектебі директорының міндетін атқарушы.

Бүгінде «Ақбөбек» халықаралық мектебінде 1-11 сынып аралығында 780 бала білім алады. Үш қабатты білім ордасы 600 балаға арналған. Мектеп ғимаратының жалпы ауданы — 15 800 шаршы метр. Ғимаратта спортзал, акт залы, асхана, компьютер және робототехника кабинеті, арт-студия, сондай-ақ пәндік оқу кабинеттері бар. Мектеп ауласында спорт алаңы да салынған.

Бұл мектепке сәуір айында 10 орынға грант ұйымдастырылады екен. Жалпы,білім шаңырағында 50-ге жуық адам еңбек етеді. 2023-2024оқу жылында Мәскеуде математика пәнінің мұғалімдерді арасында ұйымдастырылатын халықаралық олимпиадасынан «Ақбөбек» халықаралық мектебінің педагогтері 14-орын алыпты. Жарыста 120 елдің мұғалмдері бақ сынаған.Оқушылар арасында геометриядан өткен Эйлер олимпиадасында «Ақбөбектің» балалары ел бойынша 3-орын иеленді.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button