Денсаулық

Жеке кәсіпкер жарнаны қалай төлейді?

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша көпшілік арасында әлі де сұрақтар көп. Редакцияға қала тұрғынының бірі жеке кәсіпкерлік бойынша, енді бірі жеңілдік санатына кіретін жұмыскерлердің төлеміне қатысты сауалдарын жолдапты. Осы ретте тұрғындардан түскен сұрақтар бойынша қордың Ақтөбе облыстық  филиалы директорының  орынбасары Рузия Айдашевамен сөйлестік.

— Жеке кәсіпкерлер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру үшін қанша төлем жасайды?

Жеке кәсіпкерлер басқа да әлеуметтік аударымдармен қатар, міндетті медициналық сақтандыруға белгіленген жарналарды төлейді.

2024 жылы осы санаттағы төлеушілер үшін жарна мөлшері — 5 950 теңге, яғни ең төменгі жалақының  1,4 еселенген мөлшерінің 5 пайызы. Биыл ең төменгі жалақы мөлшері — 85 000 теңге. Жалпы биылғы жылдың маусымындағы дерек бойыншаоблыста  38 475 жеке кәсіпкер тіркелген.

— Егер тұрғын жеке кәсіпкер болса және соған қарамастан, тағы бір жерде жұмыс істесе, екі жерден де сақтандыру жарнасын төлей ме?

— Иә. Бұл жағдайда «МӘМС туралы» Заңның 28-бабының 3 және 5-тармақтарына сәйкес төлеуші өзінің жалақысының 2 пайызын жалдамалы қызметкер ретінде және жеке кәсіпкер ретінде 5 950 теңге төлейді.

—Мәселен, жұмыс істемейтін жүкті әйелдің тіркелген жеке кәсібі бар. Ол жеңілдік санатына кірсе, жарна төлеуі керек пе?

— Мемлекет жұмыс істемейтін азаматтар  үшін жарна төлейді. Егер жүкті әйел жеке кәсіпкер ретінде тіркелген болса, тиісті төлемдері жүргізілетіндіктен жұмыс істейтіндер қатарына кіреді. Яғни жеңілдік санатынан шығып қалады. Жеңілдік санатына табысы жоқ кезде кіреді. Сондықтан сақтандырылған мәртебесін сақтағысы келсе,  жеке кәсібі үшін МӘМС жарналарын төлеуі керек. Егер жеке кәсібі жұмыс жасамаса, яғни кіріс кірмесе, салық органдарына барып кәсіпкерлігін тоқтата тұру үшін тиісті рәсімдерді жүргізуі қажет.

Тұрғындар  үшін fms.kz ресми сайты, 1414 байланыс орталығы, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы және Telegram-дағы SaqtandyryBot жұмыс істейді. Дәл осы құралдар сақтандырылу мәртебесін тексеруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ электрондық үкіметтің egov.kz сайтындағы «Денсаулық сақтау» бөліміне өтіп, «Медициналық қызметтер туралы және МӘМС-ке аударылған сомалар туралы ақпарат» мемлекеттік қызметі арқылы медициналық сақтандыру жүйесіндегі өз мәртебеңізді тексеруге мүмкіндік бар.

Егер жеке кәсіпкер жеңілдік санатына кіретін болса, МӘМС үшін ақы төлеуі қажет пе?

— Жеке кәсіпкердің өзі немесе оның жалдамалы қызметкерлері зейнетақы алатын болса, мүгедек болса және  «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегері немесе бұрын «Батыр ана» атағын алса,  сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналар болса жарна төлемейді. Сондай-ақ техникалық, кәсіптік және жоғары білім беру ұйымдарында оқып жатса, жоғары оқу орнынан кейінгі күндізгі оқу бөлімде білім алатын болса да, жарна төлеу қажет емес.

— Кейде адамдар шатасып, жарнаны қате төлеп жібереді. Бұндай кезде оны қайтарып алуға бола ма?

— Бұндай кезде төлемді  қайтару үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорация» коммерциялық емес акционерлік қоғамы белгілеген талап бойынша өтініш жазуы қажет. Бұған төлемді растайтын құжаттарды қоса ұсынады. «Азаматтарға арналған үкіметтің» Ақтөбе қаласындағы мекенжайы Алтынсарин көшесіндегі  31-үйде орналасқан. Тағы бір ескеретін нәрсе, қате жасалған төлемді  төленбеген кезеңдер үшін бөлуге болмайды. Әр кезең бойынша жарна өз уақытымен төленуі керек.

—Жеке кәсіпкер МӘМС жарналарын уақытында төлемесе өсім қосыла ма?

— Иә. Төлем күнін қоса алғанда, мерзімі өткен әрбір күн үшін қайта қаржыландыру мөлшерлемесінің 1,25 еселенген мөлшерінде өсімпұл есептеледі.

Өсімпұлды болдырмау үшін жарна мен аударымдарды уақтылы төлеу қажет. Есепті кезеңнен кешіктірмей, яғни кірістер төленген айдан кейінгі айдың 25-нен  кешіктірмеуі керек.

—МӘМС жарналарын төлеу кезінде жеке кәсіпкер неге мән бергені жөн?

—Кәсіпкер аударым жасаған кезде  ЖСН мен азаматтың аты-жөнін дұрыс көрсетуі керек.  Жарнаны төлегеннен кейін міндетті түрде екі-үш  жұмыс күн ішінде қайта тексеру қажет. Егер төлем кері  қайтарылған болса, онда дұрыс ақпаратты көрсете отырып, қайта рәсімдеу қажет. Есепті кезеңнен кешіктірмей төлеген жөн. Көп жағдайда кәсіпкерлер осы жағдайларға мән бермейді. Сондай-ақ өз жұмыскерлерін МӘМС төлемінің аударылғаны туралы хабардар етуі керек.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button