Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда…
Ұлттық спорт
Ақтөбеде Қазақстан бәйге чемпионатының іріктеу кезеңі өтті. Байрақты бәсекеге Ақтөбе, Жамбыл, Маңғыстау,Батыс Қазақстан облыстарынан және Астана қаласынан шабандоздар қатысып, құнан бәйге, топ бәйге және аламан бәйгеден бақ сынасты.
Дүбірлі доданың ашылуында облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов қатысушыларға сәттілік тіледі.
— Елімізде ұлттық спорт түрлерін дамытуға ерекше көңіл бөлініп жатыр. Мемлекет басшысының қолдауымен қыркүйек айында V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Облыста да ұлттық спорт түрлерін дамытуға айрықша назар аударылуда, әрі осы спорт түріне қызығушылардың саны артқаны да қуантады. Мәселен, тоғызқұмалақ, асық ату, жекпе-жек, қазақ күресі, бәйге және тағы басқа ұлттық спорт түрімен шұғылданушылардың қатары көбейіп келеді. Соның ішінде ат спортына қызығатындар көп. Осы бағытта жұмыс істейтін спорт мектептерінде балалар мен жасөспірімдер оқытылып жатыр. Бұл бағыттағы жұмыстарды әрі қарай жалғастыра береміз. Біз ұлттық спорт түрлерімен шұғылдануды насихаттай отырып, жастарымызды қазақи дәстүрге тәрбиелеп, сол арқылы рухани құндылықтарымызды сақтаймыз, — деді облыс әкімінің орынбасары.
ҚР Бәйге федерациясы вице-президенті Жомарт Сайболатовтың айтуынша, жарыс он кезеңнен тұрады. Бұл — жетінші кезең. Ақтық сын қазан айында Астана қаласында өтеді. Ақтөбедегі бәйгеге еліміздің батыс өңірінен, басқа да облыстардан шабандоздар қатысты. Құнан бәйге, 32 жүйрік бақ сынады. Нәтижесінде бірінші болып біздің облыстың атынан қатысқан Қарашық келді.
— Қарашықты былтыр желтоқсан айында Ресейдің Краснодар өлкесінен алып келген едім. Бір топ құнанның ішінен таңдап алдым. Бұл — екінші жарысы. Бірінші бәйгеден де бас жүлде алды. Осы жарысқа да тыңғылықты дайындалдық. Ипподромда бір ай үзбей жаттықтырдым. Құдай сәтін салып, осы сайыста да топ жарып келді. Шабандоз бала Мерейді де өзім таңдадым. Мерей — Оралдың баласы. Осындай бір жарысқа барғанда көріп, әкесінен рұқсат сұрадым. Үлкен жарыстарға қатыстырайық деп ұсыныс айттым. Бүгінгі бәйгеде Мерей де өзінің әдіс-тәсілін жақсы қолданды. Ендігі меже — Астана, — деді атбегі Ертай Мархабаев.
Бәйге тартысты өтті. Ипподромға жиналған халық сайыстың соңына дейін тапжылмай ат жарысты тамашалады. Жергілікті әншілер де бәйгенің көркін қыздырды. Нәтижесінде құнан бәйгеде Ақтөбе облысынан қатысқан тұлпар Қарашық жеңіске жетсе, топ бәйгеде де бірінші орынды Айқасқа атты Ақтөбенің жүйрігі алды. Ал аламан бәйгеде Астанадан келген Нарбудан атты жүйрік мәре сызығына бірінші келді.
Кәмшат ҚОПАЕВА.