Денсаулық

Көкжөтел: баланы қалай қорғау керек?

Жыл басынан бері елімізде көкжөтел ауруы өршіп тұр. Жұқпалы дерт жаз басталса да азаятын түрі жоқ.Соңғы бес айда облыста көкжөтел тиген 105 адам тіркелсе, оның 59-ның сынамасы зертханалық жолмен расталған. Дәрігерлер өңірде аталған дертке шалдыққан балалар саны әлі азаймай отырғанын айтады. Жалпы, аурудың алдын алу үшін не істеу керек? Дәрігерлер не дейді?

Көкжөтел қандай ауру?

Ақтөбедегі №1 қалалық емхананың балалар бөлімінің меңгерушісі Жанар Бұхарбаеваның айтуынша, жаз басталса да, көкжөтелге шалдыққан балалар саны азаймай тұр. Ата-аналардың көпшілігі баланы аурудың алғашқы белгісі байқалғанда бірден әкелмей, әбден асқынған кезде ғана дәрігердің көмегіне жүгінеді екен.

Көкжөтел — Bordetella pertussis таяқшасынан туындайтын  жоғарғы тыныс жолдарының шырышты қабығын зақымдайтын, яғни ауыз қуысы, көмей мен мұрында өмір сүретін бактериялық жұқпа. Көк­жөтелдің қоздырғышы, негі­зі­нен, науқас жөтелгенде, түш­кір­генде, ауа там­шы­ла­­ры арқылы таралады. Қоздырғыш екі метр қашықтан да жұға береді. Бірақ сыртқы ортада өте сезімтал, 1-2 минутта өледі. Сондықтан ғимарат ішіне, бөлмелерге жиі  дезинфекциялық тазалау жұмыстарын жүргізген дұрыс. Ауру жұқтырған адамда қарапайым суық тию белгілері байқалады. Мұрныннан су ағып, қызу көтеріліп, жөтеледі. Ішке демін тартқан кезде кеудеден ысқырық секілді дыбыс шығады.Инкубациялық кезең үш тәуліктен екі аптаға дейін созылады. Алғашқыда ауру белгісі қатты байқалмайды. Бірақ адам ауру таратушы болып есептеледі. Себебі сәл жөтелгеннің өзінде ауаға мыңдаған  қоздырғыш таяқшалар ұшады. Он үш тәуліктен кейін ғана дерттің белгілері күшейе бастайды. Бала үздіксіз жөтеледі. Жөтел ұстамасы кезінде мидың қан айналымы бұзылады. Жөтел қатты қысқан кезде кейде мұрыннан қан кетеді. Баланың беті көгереді. Көкжөтелге 6-7 жастағы балалар жиі шалдығады. Ауру әсіресе екі жасқа дейінгі сәбилер үшін өте қауіпті. Егер ауру асқынса миға қан құйылып соңы өліммен аяқталуы мүмкін.Деректерге сүйенсек, көкжөтелге шалдыққан екі жасқа дейінгі балалардың бір пайызы, ересектердің бес пайызы қайтыс болады екен, — дейді Жанар Бұхарбаева.

Дәрігердің айтуынша, аурудың даму кезеңі екіге бөлінеді. Бірінші кезеңі екі және сегіз апта болса, екінші кезең екі айдан алты айға дейін созылады. Екінші кезеңде баланың жағдайы жақсара бастайды. Ал аурудан кейін тұрақты иммунитет бес-алты жылда қалыптасады екен. Жанар Бұхарбаеваның айтуынша, аурудың соңы өкпенің қабынуына әкеледі. Қазірдің өзінде ауру асқынған балаларда пневмония анықталып отыр. Бұдан бөлек плеврит, бронхит секілді ауруға шалдығуы мүмкін.

Вакцинадан бас тартпа!

Жанар Бұхарбаеваның айтуынша, көкжөтелге шалдыққан балалардың барлығы екпе алмаған.

Аурудың алдын алудың жалғыз жолы — екпе алу. Көкжөтелге шалдығып келетін балалардың  барлығы екпе алмаған. Көп жағдайда ата-аналар әртүрлі себеппен екпеден бас тартады. Вакцинадан қорқудың қажеті жоқ.  Себебі екпе жұқпалы аурудың алдын алады. Тіпті қоздырғышты жұқтырған жағдайда да бала ауруды жеңіл өткереді.  Әсіресе нәрестелер мен бес жастағы балалар үшін вакцинаның маңызы зор. Сондықтан ата-аналарға екпенің қауіпсіз екенін, оның бала үшін қаншалықты маңызды екенін айтып, түсіндіріп жатырмыз. Соның өзінде күмәнмен қарайтындар бар, — деді Жанар Бұхарбаева.

Көкжөтелге қарсы вакцина ұлттық күнтізбеге сәйкес жүргізіледі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының талабына сәйкес нәрестелерге екпенің үш дозасы, бір және алты жас аралығындағы балаларға  бір бустерлік доза егіледі.

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button