Денсаулық

МӘМС: ақша қайда сақталады?

Азаматтардың міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға төлеген жарналары мен аударымдары қайда сақталатыны қазақстандықтарды жиі қызықтырады. Осы ретте әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Ақтөбе облысы бойынша филиалына хабарластық.

Қордың мәліметінше, барлық жарналар мен аударымдар ҚР  Ұлттық Банкінің арнайы шотына түседі, сол жерден халыққа көрсетілген медициналық қызметтерге ақы төлеу үшін медициналық ұйымдарға жіберіледі.  «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заң бойынша әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры инвестициялық қызметті, яғни  МӘМС қаражатын  Ұлттық Банк арқылы жүзеге асырады.  Бұл ретте қор мен Ұлттық Банк арасында сенімгерлік басқару шарты жасалды.Ұлттық Банк артылған ақшаны (МӘМС есебінен көрсетілген медициналық қызметтерге төленгеннен кейін қалатын ақша) қаржы құралдарының бекітілген тізбесіне сәйкес қатаң түрде бағалы қағаздар мен депозиттерге орналастырады. Бұл инвестициялық табыс алуға, яғни МӘМС жүйесінің жинақталған активтерінің сомасын ұлғайтуға мүмкіндік береді. Олар өз кезегінде тек медициналық қызметтерге ақы төлеуге бағытталады, яғни қордың қажеттілігіне жұмсалмайды. Осы ретте қор МӘМС қаржысын өз еркімен орналастырмайды. 2024 жылдың бірінші қаңтарындағы мәлімет бойынша 2017 жылдан бері жинақталған МӘМС активтерінің қалдығы — 933 миллиард теңге. 2024 жылдың төрт айында қорға   441 миллиард  теңге МӘМС жарналары мен аударымдар түсті. Оның ішінде 42 миллиард  теңге сомасына инвестициялық табыс алынды. Бұл ретте медициналық көмекке ақы төлеуге жұмсалған шығыс —  354 миллиард теңге. Осылайша 2024 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша қор активтерінің қалдығы — 1020 миллиард теңге.

Ұлттық Банк МӘМС активтерінің бұл қаражатын Ұлттық Банктің қысқа мерзімді депозиттеріне (медициналық көмектің ағымдағы төлеміне жіберіледі) — 171 миллиард теңге, орта және ұзақ мерзімді облигацияларға — 108 миллиард теңге және мемлекеттік бағалы қағаздарға 741 миллиард теңге сомасында орналастырды.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button