Басты жаңалықтарМереке

Астана ажары: ақтөбеліктердің тартуы

«Астана —болашағы зор қала. Осы орайда біз «жасыл қала» идеясын жүзеге асыруға айрықша мән береміз. Елордамыз, ең алдымен, тұрғындарға ыңғайлы қала болуы керек. Астана — еліміздегі ірі қаржы орталығы. Әлемнің 75 елінің екі мыңнан аса компаниясы бизнес жүргізу үшін Астананы таңдады. Әлемдік саясатшылар Астананы бейбітшілік алаңы дейді. Ұстанымы бөлек, мүдделері кереғар елдер осында бітімге келді. Келешекте де Астана біздің геосаяси аймақтағы маңызды орталық ретінде дами бермек. Мен бұған кәміл сенемін».

 Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.

 

6 шілде күні Тәуелсіз Қазақстанның теңдессіз жауһары — Астана қаласының құрылғанына 26 жыл толғалы отыр.Сарыарқа төрінде бас қала пайда болғалы еліміздің барлық өңірі сый-жоралғысын жасап, елорданың көркеюіне өз үлесін қосып келеді.

Осы орайда мереке қарсаңында біз ақтөбеліктердің Астана қаласына жасаған басты сый-тартуларына тоқталғалы отырмыз.

Әлияның ескерткіші

Астана қаласының 10 жылдық мерейтойында елорданың төрінде Ақтөбе облысы атынан Кеңес Одағының Батыры, жерлесіміз Әлия Молдағұлованың еңселі ескерткіші бой көтерді. Бас қаладағы Ә.Молдағұлова көшесі мен Жеңіс даңғылының қиылысында орналасқан сәулет өнері әуелі Ақтөбе қаласында салынған-ды.

19 жасында Отан үшін опат болған батыр қыздың құрметіне қойылған ескерткіш қоладан құйылған. Биіктігі — 3,8 метр. Қазақ халқының батырлық тарихының белгілі бір кезеңдеріне арналған стела композициясы 30,66 х 2,4 метрден тұрады. Авторлары  — мүсіншілер, Қазақстан Суретшілер одағының мүшелері Б.Әбішев, Е.Сергебаев. Сондай-ақ мемориалдың сәтті шығуына сәулетшілер В.Кацев, Ж.Айнабековтер өз үлесін қосқан.

Сипаттамасына келсек, барельефтің сол жақ жартысында ұлы дала бейнесі, көшпенділер рухы және біздің ата-бабаларымыз, ғұламалар мен батырлар бейнеленген. Оның сол жақ бөлігінде символикалық түрде ұлы күйші — Құрманғазы мен ұлтты ұйыстырушы — Абылай ханның бейнесі көрсетілген.

Барельефтің оң жағында Қазақстанның қазіргі заманғы тарихын көруге болады. Ол 1916 жылғы отаршылдыққа қарсы көтерілістен бастап көптеген қайғы-қасірет әкелген Ұлы Отан соғысын, халқымызды жан-жаққа шашыратқан көріністер туралы сыр шертеді. Фашистерге қарсы күресте теңдесі жоқ ерлік көрсеткен Бауыржан Момышұлы, Әлия Молдағұлова және Мәншүк Мәметованың есімдері мәңгі есте қалады, олардың бейнелері де барельефте түсірілген.

Ақтөбедегі ескерткіш туралы бірер сөз:Ағайынды Жұбановтар көшесі мен Ә.Молдағұлова даңғылы қиылысындағы мемориалды ескерткіш 2005 жылы тұрғызылды. Көлемі 830 шаршы метрді алып жатыр. Стилобадтың үстіне қоладан құйылған солдат дорбасы мен каскасы қойылған.

«Бейбітшілік қабырғасы» монументі

Елорданың 20 жылдығында да ақтөбеліктер қалыс қалмады. 6 жыл бұрын ашылған Ақтөбенің Астанаға сыйы — «Бейбітшілік қабырғасы» монументі бүгінде астаналықтар мен қала қонақтарының арнайы барып көретін көрнекті нысанына айналды.

— «Бейбітшілік қабырғасының» авторы — Сәулетші Юрий Смирнов. Ол аталған монументтің адамзатқа айтар ойы, тәрбиелік мәні ерекше екенін айтады.

— Дүниежүзі елдері арасында жыл сайын 3-4 қақтығыс болып, соның салдарынан жүздеген, тіпті мыңдаған жазықсыз адамның жапа шегетіні жасырын емес. Сондықтан бейбітшілік ұғымы әрқашан аса қастерлі. Бұл монументтің негізгі «айтар» ойы — осы. Мемориалда әлемнің 51 тілінде «Бейбітшілік» деген сөз жазылған. Ал зәулім жапырақ тәріздес композиция арқылы сан ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астында біріктірген Қазақстанды көрсетуге тырыстық.

Қытайда әлемге әйгілі қорған болса, Берлинде жер-жаһанға белгілі қорған бар. Миллиондаған туристер көбіне-көп сол жерлерге барып, естелік суретке түседі. Енді мұндай сәулетті қабырғаны Қазақстаннан да табуға болады. Монументтің жалпы ұзындығы — 111 метр, ені — 18,4 метр, биіктігі — 17,5 метр. Оны тұрғызуға жалпы аумағы 6 000 текше метр болатын 1200 тонна гранит пайдаланылды, — дейді Юрий Смирнов.

Әңгімелесушіміз өзі басшылық ететін топта Литва, Германия, Ресей мемлекеттерінің сәулетшілері барын, яғни «Бейбітшілік қабырғасын» халықаралық деңгейдегі құрылыс саласының мамандары тұрғызғанын баян етті. Оның компаниясы бұған дейін Германия, Ресей, Швеция және Қырғызстанда түрлі кешендерді салған. Бірақ құрылысы һәм идеясы дәл мұндай монумент біреу-ақ.

 Металл мен табиғи тастан тұрғызылған кешен үш бөліктен тұрады: біріншісі — бөлшектеу мен оқшаулауды, екіншісі —  үміт, еркіндік пен тәуелсіздікті, ал үшінші бөлігі бейбітшілікті және ұлтаралық келісімді сақтау жолын бейнелейді. Құрылымына келсек, аспалы  шатырдың ашық панельдері 2,5 миллион жарық нүктесі бар  616 текше метрді алып жатқан LED-жүйемен қамтылған. Кез келген ірі шараны осында өткізуге болады, — деп анық-қанығын түсіндірді сәулетші.

Ерекше айтып өтуге тұрарлық жайт — ақ түспен боялған монумент түн мезгілінде ерекше көз тартады. Бұл мақсатта Юрий Смирнов бастаған мамандар жарықшамдар, түрлі заманауи жабдықтарды көптеп орнатқан.

«Сөзсіз, мұндай кешен Астана қаламызға керек еді. Тәуелсіздік алған күннен бастап ядролық қаруға қарсы шараларды қолға алған Қазақстанның тарихында бұл күннің ұмытылмайтыны хақ. Салтанатты ашылу рәсімінде Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас ассамблеясының төрағасы Мирослав Лайчактың бейнеқұттықтау жолдауының өзі көп нәрсені аңғартып тұрғандай. Бұл істе ақтөбеліктердің еңбегі орасан.

Сәт санап көркейіп келе жатқан Астанамыздың одан сайын өрлей беруіне тілектеспін! Бабаларымыздың қаншама жылғы арманы осы еді», — деген еді монументтің ашылу салтанатында мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков.

Айта кетейік, монументті салуға 1,8 миллиард теңге жұмсалған.

Бұл — ақтөбелік кәсіпкерлердің қаржысы есебінен жүзеге асқан жоба. «Бейбітшілік қабырғасының» салтанатты ашылу рәсімі 2018 жылы 29 тамыз — Халықаралық ядролық қарудан бас тарту күні өтті. Оған сол кезде Ақтөбе облысының әкімі болған Бердібек Сапарбаев, дипломатиялық миссияның жетекшілері, дүниежүзілік 11 ұйымның мүшелері, жалпы саны алыс-жақын 52 елден жиналған өкілдер, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, Парламент депутаттары, зиялы қауым, сондай-ақ біздің облыстан барған делегация қатысты.

Бас қаланың Ақтөбедегі «бөлшегі»

Елорданың «туған күніне» байланысты ақтөбеліктер сәулет ескерткіштерін, өзге де айшықты нысандарды салып қана қоймай, өзіміздің қаладағы демалыс орны, аудан, көше атауларын Астананың құрметіне қойды.

Айталық, 2018 жылы шаһардың орталығынан ашылған саябақ Астана деп аталды.Аталғандемалыс орнын жасақтауға жалпы құны 466 млн теңге жұмсалған. Нысанды қаржыландыру «Парыз» және Астана қаласы қорлары есебінен жүргізілді. Оңтүстік бөлігі Әбілқайыр хан даңғылымен, шығыс беті «Нұр Ғасыр» орталық мешітімен, солтүстігі Неке сарайы аумағымен шектесетін көпшілік орынның жалпы аумағы — 4,3 гектар.

Сол жылы облыстық және қалалық мәслихаттың шешімімен Ақтөбе қаласында екі аудан құрылды. Оның біріне Астана деген атау берілді.

Көпшілікке қаланың ескі бөлігінде орналасқан«Астана» сауда орталығы да жақсы таныс. Киімнен бастап, түрлі тұрмыстық техника, зергерлік бұйымдар, басқа да ұсақ-түйек сатылатын жерде қай кезде де келушілер көп.

Сонымен қатар Қобда ауданының орталығы және Жарық, Жарсай, Терісаққан ауылдарында, Қарғалы ауданының Бадамша ауылында Астана көшелері бар. Ырғыз ауданына қарасты Ақши ауылында да «Астананың 10 жылдығы» атты көшенің барын айта кету керек.

«Ақтөбенің» анықтамасы

ТАРИХЫ МЕН ТЫНЫСЫ

Елорданы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы шешімді Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі 1994 жылы 6 шілдеде қабылдады. Астананы ресми көшіру 1997 жылғы 10 желтоқсанда жүзеге асты. Президенттің 1998 жылғы 6 мамырдағы Жарлығымен Ақмоланың атауы Астана болып өзгертілді. Жаңа астананың халықаралық тұсаукесері 1998 жылғы 10 маусымда өтті. Ал 1999 жылы Астана ЮНЕСКО шешімімен «Әлем қаласы» атағын алды. Қазақстанның бас қаласы 2000 жылдан бастап астаналар мен ірі қалалардың халықаралық ассамблеясының мүшесі.

Астана — Азияның ең солтүстігінде орналасқан елорда. Қазіргі уақытта Астананың аумағы 722 шаршы шақырымнан, ал тұрғындар саны 1 миллионнан асады. Қала бірнеше ауданнан тұрады.

Астана Қазақстанның орталығынан солтүстікке қарай құрғақ далалық өлкеде, құрғақ бозды-бетегелі дала аймағында орналасқан. Қала аумағы аласа терраса — жайылма жер бедері түрінде келеді.  Есіл өзені елорданың басты су көзі саналады. Ауа райы күрт континенталды — қысы суық әрі ұзақ, жаз мезгілі ыстық және бірқалыпты қуаң.

Еуразия құрлығының ортасында қолайлы орналасуы Астананы экономикалық тұрғыдан тиімді көлік, қатынас және логистика орталығына, Еуропа мен Азия арасындағы өзіндік транзиттік көпірге айналдырды.

Ел астанасын ауыстыру Астананың экономикалық дамуына қуатты серпін берді. Қала экономикасының қарқынды дамуы көптеген инвесторлар үшін тартымды болып отыр.  Астананың елге тартылған инвестициялардың республикалық көлеміндегі үлесі 10 пайызға, ал республика экономикасындағы өңірлік жалпы өнімінің үлесі 10,2 пайызға тең.

Қала экономикасының негізі — сауда, өнеркәсіп өндірісі, көлік, байланыс және құрылыс салалары.

Бүгінде Астана халықаралық маңызы бар түрлі форумдар, конгрестер мен өзге де іс-шаралар өтетін Еуразия кеңістігінің орталығына айналды. Елордада әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездері, Астана экономикалық форумы және өзге де маңызды халықаралық оқиғалар тұрақты түрде өтіп келеді. Астанада ЕҚЫҰ-ның тарихи саммиті, ШЫҰ мен ИЫҰ-ның мерейтойлық саммиттері болып өтті. 2011 жылдың басында республиканың елордасы VII Қысқы Азия ойындарының қатысушылары мен қонақтарын қабылдады. Астанада «Expo-2017» халықаралық көрмесі де өтті.

Астанадағы көшелердің жалпы саны  2 мыңнан асады. Көшелер мен даңғылдардың 92 пайыздан астамы еліміздің ұлы тұлғалары мен тарихи орындардың атымен аталады. Арасында естігенде елең ете қалатын көшелер де бар. Айталық, «Егемен Қазақстан» газеті, Ағадыр (дөңесті және белесті жер деген мағынаны білдіреді), Ақыртас (Жамбыл облысындағы көне қалашық орны), Асы (көне түркі тілінен аударғанда «дала», «жазық», «кең алқап» деген мағынаны білдіреді) көшелері.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button