«Ақтөбе» — 100!

Мәурітті мезгілдегі Мұқсын

«Социалистік жол»  газетінің «халық жауларымен байланысып шырмалған» жауапты редакторы  Меңетай Жақсылықов 1937  жылдың соңына қарай партиядан шығарылып, орнынан алынғаннан кейін басшылық тізгіні оның орынбасары болып істейтін Қонысбай Ерғариннің қолына тиді. Ол 1937 жылдың осы кезінен бастап жыл соңына дейін  «уақытша жауапты редактор» мәртебесінде болды. 

1937 жылдың жылжабар соңғы екі нөміріне облыстық партия комитетінің бөлім меңгерушісі Мұқсын Қордабаев «уақытша жауапты редактор» деп қол қойды.

Газеттің 1938 жылғы бірінші нөмірі де «уақытша жауапты редактор» Мұқсын Қордабаевтың қол қоюымен шықты. Ал екінші нөмірінен бастап 28-нөміріне дейін қайтадан Қонысбай Ерғарин «уақытша жауапты редактор» ретінде қол қоюды жалғастырды.

Мұқсын Қордабаев (1903 жылы туған) газеттің 1938 жылғы 5 ақпандағы 29-нөмірінен бастап қана жауапты редактор ретінде өзінің жаңа міндетіне толық кірісті.

Халық өміріндегі ең күрделі кезеңде, жаппай қуғын-сүргін белең алған  азапты жылдарда  баспасөз сынды жауапты саланы басқару, сынамды шақтан сүрінбей өту ер басына күш түсірген екіталай күндер еді. Облыстық газетте бұл кералаң кезді әуелі Меңетай Жақсылықов басынан өткерді, ақыры қысылшаң заманның құрбаны болды; бұдан кейін нар көтерер ауыр жүкті «уақытша жауапты редактор» Қонысбай Ерғарин алып қалды. Міне, осындай  мәурітті мезгілде газетті басқаруға тәжірибелі баспасөз қызметкері Мұқсын Қордабаев келді. (Ақтөбе жаққа жақындатуды ойлайтын болса керек, кейбіреулер оның ататегін  «Қобдабаев» деп қате жазып жүр. Өзінің жазуы бойынша, есіміқазақша «Мұқсын» болып таңбаланады).

Мұқсын Қордабаев ХХ ғасыр басында сол кездегі Семей облысының Қарқаралы уезіндегі Бөрілі болысында туған. Әуелі татар медресесінде сауат ашады, содан кейін педагогикалық техникумда оқиды. 1926-1927 жылдары Семейдің губерниялық партия-совет мектебін оқып бітіреді. 1932-1933 жылдары Мәскеуде ВКП (б) Орталық Комитеті жанындағы марксизм-ленинизм курстарының редакторлық бөлімінде білім алады.

Еңбек жолын 1917 жылы Семей баспаханасының әріп терушісі болып бастаған Мұқсын Қордабаев баспасөз қызметінің біраз сатысынан өтеді. 1925-1926 жылдары баспахананың корректоры, бұдан кейін 1930 жылға дейін Семейдің округтік «Жаңа ауыл» газетінде  әдеби қызметкер, жауапты хатшы қызметтерін атқарады. 1930-1932 жылдары Аягөзге көшкен аудандық «Жаңа ауыл» газетінің  жауапты редакторы болады.

1933 жылдың бас кезінде Ақтөбе жеріне табаны тиіп, Мәртөк машина-трактор станциясы саясат бөлімінің бастығы болып тағайындалады. Келесі жылы облыстық партия комитетіне жұмысқа ауысып, ауыл шаруашылығы бөлімінің нұсқаушысы болып бекітіледі. 1935-1937 жылдары сол кезде Ақтөбе облысы құрамындағы Арал аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болып істейді. Бұдан кейін 1938  жылдың бас кезіне дейін обкомның мектеп бөлімінің меңгерушісі болады.

Баспасөз органына  басшылық жасаған тәжірибесі және арнаулы кәсіби білімі  бола тұра, Мұқсын Қордабаев  редакторлық қызметті бір жылға жетер-жетпес шамада, 1938  жылғы ақпан-қыркүйек айлары аралығында ғана атқарды. Бұған обком бюросында газет жөнінде,  оның орынбасары Қонысбай Ерғаринге қатысты мәселе қаралуы әсер етпей қалмады ма екен деген ойдамыз. Бюро отырысында редактор жұмысындағы кемшілік те  атап көрсетілгені  белгілі еді.

Мұқсын   Қордабаев бұдан кейін  Темір аудандық атқару комитетінің төрағасы болды. Бірақ бұл қызметті де ұзақ атқармай, 1939 жылдың бас кезінде қайтадан обкомға баспасөз саласына басшылық жасайтын нұсқаушы болып оралып, аталған лауазымда 1941 жылға дейін болды. Сол жылы республикалық саяси кітаптар баспасының редакторы болып тағайындалды, кейін Халық комиссарлары кеңесінің баспа және полиграфия басқармасында еңбек етті (Бұдан арғы өмір жолы белгісіз).

Мұқсын газеттің «ішкі құрылысын», баспасөздің тіршілік-тынысын жақсы білетін, тез аңғаратын кәсіби маман еді. Сонымен бірге қаламын әр кез қайраулы ұстайтын газеткер болатын. «Социалистік жолдың» әр жылдағы нөмірлерінде кездесетін оның «Баспасөз органдары үлкен сын үстінде», «Ұлы бірліктің демонстратсиясы» секілді мақалалары бұл ойды бекіте түседі.

Оның қаламынан туған «Менің атым кім?..» деген журналистік еңбегі газетте «Кішкене фельетон» айдарымен жарияланды. Есімі газет тарихында қалған Мұқсын Қордабаевтың жалпы сөз саптауын, қаламгерлік қабілетін байыптау үшін әсілі осы ықшамдау дүниені ықыласпен оқып шығу керек болады:

« —Жел сөзге келгенде ешкімнен ұтыла қоймаймын. Өтірікті шындай қылып сөйлегенде, анау-мынау аңқау адамдар иланып-ақ қалады. Әсіресе соңғы уақыттарда өтірікті қиыстырып, арызды ауданға қардай  боратуға маманданып болдым. Әрине, мен ондай арыздарды жазғанда «сайасатқа» байланыстыра жазамын, яғни «қырағылықты» бет-перде етемін. Ал түпкі мақсатым өзіме белгілі «қырағы» қызметкер атанып, «жаумен күресуші» болып өрлегім келеді, жоғарылағым келеді. Менің негізгі кәсібім мұғалімдік еді, бірақ кейде оған қолым да тимей қалады. Неге десеңіз, өтірікті жазу шындықты жазумен бірдей емес. Өтірікті қиыстыру керек, сырлау керек. Ал оған уақыт керек қой.

Сонымен өзімнің «қырағы» көзіммен әркімге назар саламын. Мен әсіресе адамның кәзіргісінен гөрі өткендегісіне, атам замандағысына көз жіберуді тәуір көремін. Тегінде бір шатағы жоқ па, соны байқаймын. Міне, осылай қараймын да, Ақтөбе деп неғылайын,  Ойыл деп неғылайын, тап осы біздің Теректінің адамдарында өзімнен басқа сау адам  жоқ шығар деймін.

Неге десеңіз:

– Теректіде бабасы молда болғандар да өмір сүріп жүр.

– Әкесі бай болуға аз-ақ  қалғандар да жер басып жүр.

– Үш аталық жері қажыға барғандар да жүр.

– Әкесінің әкесі байға қоңсы қонғандар да жүр.

Міне, осыларды көремін де күйінемін. Менің күйінуіме тағы бір себеп, ондайлар жай жүріп қана қоймайды, жоғарылайды, өседі. Оған қалай күйінбессің. Мен олардың жоғарылағанын сүймеймін. Солардың барлығының орнында бір өзім болсам екен деймін. Міне, олардың үстінен  арызды құшырлана жазатын себебім де осы. Ал енді мен кімдерді әшкереледім, конкретно соған келейін.

— Осы біздің Теректі ауыл советінде (Ойыл ауданы) үш жылдан бері  ауыл советтің секретары болып Бисембі дейтін істейді. Ол — Тарғынның баласы, ал Тарғынның бабасы Ораз дейтін бай болыпты. Оны Тарғынның өзі де шала біледі. Міне, осы Бисембіні мен келгенше Теректінің жұртшылығы тіпті «әшкерелемепті». Әшкерелемеу былай тұрсын, оны «жұмысты жақсы істейтін, беделді бала» деп, сайлауда ауылдық советке ұсынды. Мен Теректіге 1939 жылы келдім. Бисембіні сонда ғана өмірімде бірінші рет көрдім. Бұрын мүлде білмейтін едім. Бірақ менің «қырағылыққа» біткен қасиетімнің өзгешелігі сонша — оның бабасы Ораздың бай болғанын бірден сезіп, ауданға арыз бердім.

Осы ауыл советтегі  Әжібай, Әжібергеннің ұлы атасы қажыға барыпты. Мен ол уақытта тіпті анамның құрсағында болмасам да, яғни әлі жаралмаған болсам да, ол кісінің қажыға барғанына иманым кәміл. «Бұған совет топырағында орын жоқ» деп арыз бердім. Бірақ, амал қанша, ауыл жұртшылығы оны «коммунист, жақсы үгітші, істі таза істейді» деп, сайлауда советке ұсынды.

Менің бұдан басқа да еңбектерім толып жатыр. Бірақ содан нәтиже шықпай барады. Менің арыздарым аяқсыз қала береді. Тегінде осы Ойылдағылардың барлығы «жауларды бүркейді», солардың өзі тегін емес-ау деп ойлаймын.

Осы күндері маған бір үлкен қорқыныш тап болды. Өзім де қатты қауіптенемін. Ішкенім ірің, жегенім желім, басқан аяғым кері кетеді. Оған себеп, осы менің берген арыздарым тексере келгенде анықталмай шығыпты деп сыбыс естідім. Өз жазғандарым өзіме «бәле» болып жабыспаса жарар еді… Жоғарылаймын деп жүргенде осы орнымнан айырылып қалмасам игі еді…

Ал менің істегендерім, қызметім — осы. Есімім Әжі, әкемнің аты Нұртай, кәсібім мұғалімдік еді. Осы уақытқа дейін солай еді, енді кім боларымды қайдан білейін. Істеген істеріңе қарай өзіңе ат қойшы деп жұртшылық қыспаласа қайтер едім. Сонда менің атым кім болар еді… Кім болатынын білемін. Бірақ айтпаймын. Маған лайықты ат тіпті жаман, жаман, айтуға аузым бармайды…

Егер айт деп прокурор қыспаласа, қайтер едім. Онда ма, онда айтар едім. Өйткені прокурорлар батыл болады, өзің айтпасаң, олардың өзі айтады, өзі айтса, қатты айтады. Қаншама қиын болғанмен, сондықтан алдын ала өзім айтамын:

— Менің атым — мансапқор, әкемнің аты — жалақор, ал кәсібім — адал адамдардың үстінен өтірік арыз жазу, аққа күйе жағу.

Әжінің адал сыры — осы. Ендігі сөз Ойылдың аудандық прокурорына берілді».

Өз ісінің өрескелдігін өзі мойындаған кейіпкердің  монологі нысанында жазылған   оқшау туынды нақтылық пен шарттылықты ұштастыра келіп, сол замандағы халықтық трагедияға айналған, адам тағдырына тікелей әсер еткен арызқойлықтың үлкен саяси-әлеуметтік сырын ашады, қасиетсіздіктің қасіретті салдарынан сақтандырады. Бұл автордың тұтастай қоғамға жасаған ескертуі де сияқты.

Кәнігі маман әрі сыннан өткен саяси қызметкер Мұқсын Қордабаевтың журналистік  қаламының бір белгісі осындай. Ол басқа  қызметке ауысқанша, Ақтөбе жерінде баспасөзге партиялық басшылық деп аталатын бағыттың басында болып, облыстық және аудандық газеттердің жай-күйін, даму перспективасын, шығармашылық тұрғыда өркендеуін назарында ұстады.

Замана шеңберінде шыр сайналған «Социалистік жолдың» сындарлы  сәтте өз соқпағымен сүрінбей  алға басуына  бас ие болған  Мұқсын Қордабаев болашақтың бұйдагерлігін жаңа басшы Құбаш Қожамұратовтың қолына сеніммен тапсырды.

Серікқали БАЙМЕНШЕ,

филология ғылымының докторы,

Қазақстанның құрметті журналисі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button