«Ақтөбе» — 100!

Сақинаұлы Диқанбай

Газет ардагері, ұзақ жыл Алматы облыстық «Жетісу» газетінің редакторы болған жерлесіміз Әбдуәли Қарағұлов өз естелігінде Ақтөбедегі «Алға» газетінің редакциясына 1931 жылдың  ақпан айында жұмысқа келгенін, «редакцияның секретары, қара сөзге ұста, қаламының желі бар фельетонист әрі ақын Диқанбай Сахин деген жігіттің  шынайы көмегімен төселе бастадым» деп жазады.

«Ақтөбе» газетінің ардагері Ерекеш Бірманов естелік жазбасында  журналистикаға келуіне  «өзімен бірге оқыған Диқанбай  Сахиннің» себепші болғанын  атап өтеді.

Байырғы газеткер, ардагер аға Смағұл Мұқашев та өз естелігінде Диқанбай Сахинды  ілтипатпен еске алады.

Еңбек жолын «Алға» газетінде бастап, «Социалистік жол» газетінің жауапты хатшысы әрі жетекші журналисі  болып жалғастырған Диқанбай Сахин (Сақинаұлы) есімін бүгінгі ұрпақ білмейді; тіпті газетте қызмет істеген (істейтін) әріптестердің бәрі бірдей біле бермеуі бек мүмкін.Өйткені Диқанбай жайында бұрын-соңды байсалды әңгіме болған жоқ; оның аты-жөні редакцияда еңбекеткен азаматтардың ұзын-ырға тізімінен ғана әр кезде бір бой көрсетіп қалатын. Ал жазу қабілеті жағынан келсек, оның   қаламынан туған, назар аударуға тұрарлықтатымды дүниелер «Социалистік жолдың» сарғайған парақтарында сол күйінше қозғаусыз жатыр.

«Алға» газетінде «Д» деген бүркеншік есіммен көбірек көрінген Диқанбай Сахин «Социалистік жол» газетінде «Диқанбай», «Д.С», «Д», «Диқанбай Сақинаұлы»  есімдерімен жиі және өткір жазды. Мақала, фельетон, очерк, өлең, аударма саласын  сабақтастыра жүріп қалам тербеді.

Диқанбай Сахиннің соңында қалған сөз мұрасы,  атап айтқанда, «Социалистік жол»  газеті беттеріндегі, әзірге танысу мүмкіндігі туған«4-аудан алдыңғы қатардан орын алды»,  «Кеңестер қалқозда  еңбек ұйымдастыру ісін  бақылауына алсын», «Ауыл шаруашылығы басым өнерлі кәсіпті елден өнерлі кәсібі басым ауылшаруашылықты елге айналады», «Кеңес қалқоз саудасы жолға қойылсын», «Мемлекет және қалқоз мүлкін  ұрлаушыларға  қарсы күрес күшейсін», «Қазақ ауылында қалқоздастыру жұмысы және партия ұйымының  міндеттері», «Облысымызда театр мәселесі» мақалалары, «Атылсын. Атылсын. Атылсын!!!» очеркі және басқа көптеген туындысы  қалыптасқан журналистік  қолтаңбасын  айқын танытады.

Кезінде әріптестері ортасында озық өнерімен көзге түскен Диқанбайдың өзіндік жазу өрнегін  танытатын еңбектері аз емес. Соның бірі деп«Ойылдың обырлары» фельетонын (1932) айтуға болады. Автор сыбайлас жемқорлықтың өткен ғасырдың отызыншы жылдарында кең жайылған   бір сипатын   сынға алады (Жазу стилі сақталып, фельетон мәтіні толық беріліп отыр):

«Обырлардың ордасы — Ойыл,  Ойылдың пұркурол, сот орындары, көсемі — пұркурол жолдас, яғни Нұрпейісұлы деп біліңіз. Бастық – пұркурол, қосшы — сот, көтермесі — тергеуші, яғни обырлардың «ыштабы» үш кісі деп біліңіз — төраға Нұрпейісұлы, орынбасар — Жұбаев, секретары — Алшынбаев деп біліңіз.

Ойылдағы сот, пұркурол, тергеушілерді көрсеңіз — мүңкір-нәңкүр, әзірейіл-жебірейіл, жаналғыш деңіз де қойыңыз.  Қате болса, апу өтінемін. Бірақ  «жарықтық» Ойыл «заңшыларының» бір қасиеті жан алқымға келгенде бармақ баспай,  көз қыспай, яғни қып-қызыл, қызыл сомаларды қызарта қойсаң немесе қызыл мойындарды  қылқитып; құйрықтан қағып жіберіп, тұмсығының астына тыға қойсаң, құдайша жарылқайды.  Көр азабыңнан да, өліміңнен де — бәрінен де құтқарып, «заңшылары» жібереді,  соған қарағанда Ойыл «заңшылары»  дегеніміз — жаналғыш та емес, жебірейіл-әзірейіл де емес, мүңкір-нәңкүр де емес, құлқынның құлы, заманның сұмы, обырлардың ордасы  деңіз де қойыңыз.

Нанбасаңыз, «ыштаб» «ағайдан» сұраңыз немесе: «ыштаб «ағайларды» әурелеп қайтесіз, олардың қара құлағынан сұраңыз.

Сұрасаңыз:

Күндерде бір күн, телефон шылдыр ете түсті, Нұрпейісов быдыр ете түсті. «Секретті»  сыбыр ете түсті, көмекші жыбыр ете түсті, 800-ден басталып, мыңға дейін сан жетті.  Оған да көңіл тоқтамады,  ұйқыашар,  яғни  тентек бала — «ақмағамбет» керек болды,  «ақмағамбет» еске түсті, есінеді, керілді, созылды, кеңірдек қыж-қыж қайнады,  көз жайнады,  көңіл сайрады, сот-пұркурол,  бірі-біріне запескі айдады, запескі жазылды: Пірседатіл Нұрпейісов жолдас! Нетсек қайтеді,  ыстатиаға қайта қарасақ қайтеді,  800 деп тұр ғой, 1000-ға жететін сазы бар… 

Оның үстіне «ақмағамбет» жолдасымызды кеңірдектеп, яғни «құдай қазғанның»  қызыл жарына қарай қылқ еткізсе де болмай ма, егер олай бола қалса,  «ыштабтың»  қаулысы бойынша ыстатиаға  қиянат етсек те болады ғой» деп  бір-ақ тоқтады. Запескі  қайта оқылып, көсілте қол қойылды да, Пірседатілге аттандырылды…

Запескі жетіп барды. Төраға ұшып тұра келді.

Телефон шыр ете түсті. «Сагыласындар»  салдырлап,  пұркурол да, сот та ыстатиа  ақтарылды, 117 және 18-ыстатиаларға қиянат ілікті. «Сатанұлы   сүттен ақ,  судан таза»  деген   үкім жазылып та қалды, пайда да  табылып қалды,  мыңғыраған  мың сом  «ыштабтың» кәнти гәрентийіне перевот жасалды, оралып келіп қалтаға түсті.

Пұркурол Нұрпейісов жолдас, Жұбаев  дегендеріміз  ақшалы бай атанып, 5 жүзден қалталарын қампита салды, тегін олжаға  «ақмағамбет» алынып, құйрыққа  қағылып,  тұмсықтың астына құлап та кетті. Көз қызарып, көңіл тасып,  ақтылы көк әңгіме  айтылды, буырқанып, бусанып, буынған бұзауша бұрқырады, жүрек қыжылдап, іш өртеніп,  бас айналып, көз қарауытып, екі кісі  төртеу, төрт кісі көп болып көрінді, шалқалап-шалықтап, балықша бұлқыды, өгізше  өкіріп, өксіп-өксіп жылады, біресе сақылдап күліп,  бураша  шабынды… бай да, батыр да, хан да,  қара да, бек те, би де өзім, әзірейіл, жебірейіл, мүңкір, нәңкүр де мен, қаһарлансам – қара судың түбіне жіберем, жаналғышың — мен, мен — содиа, мен — пұркурол…деген айқай  бүкіл Ойыл ауданын тебірентті…  

…Күндерде бір күн қалта қағылып, ақшалы байлардың аңғары ашылды. Тағы телефон қағылды…

— О, не табылды?

— Ретін тапсаң, табылып жатыр,  қалталы біреу жабылып жатыр,  «ыштаб болып қаулы етсек, бір 8 жүз алынып жатыр, «8 жүзді ал да,  сергелдең қылма,  айтқаныңды ал да  әуре қылма» деп арызын  айтып,  жалынып жатыр… Ендігісін өзің біл!!! деген жауап сарт ете түсті, сұраушының көзіне 8 жүздің сүгіреті жарқ ете түсті… «Сагыласын» ауыздан шығып та кетті…

Лезде іс қолға алынды, ыстатиа ақтарылып, ыстатианың  «момынына»  көз жіберілді, іс орайы келмеді, ыстатиа ыңғай бермеді, «ыштабтың» отырысы  шақырылып, қаулы шығарылды. Ыстатиаға қиянат жасалды. «Арақұлұлы  айыпсыз, алды артына қарамастан ағартылсын» деген үкім шығарылып та қалды. 8 жүз  алынды, қалтаға салынды, қалта қампиып, шөл қалта — көл қалта болды, Жұбаев пен  Нұрпейісов бөлісіп алып, «түйе көрдіммен» жымырайысып тартып отырды…

Ендігі кезек тергеуші Алшынбаевқа берілді, Алшынбаев атадан бір туған сабаз ғой,  қалтаны  қампитпаса да  бүйірін томпитты, түйені түгімен, 25 пұтты жүгімен жұтты,  қалқоздың екі түйе, бір биесін  сойып алып,  етіне мықтап тойып алып,  Алшынбаев алшаңдай басып, Ақтөбеге қарай тартып отырды…

5-ауылда  азыққа деп үкімет берген 25 пұт тарыны жолтоспайлап қапқа салды, аузын буып атқа салды, алып келіп үйге қойды, қызыл шай,  сары сөк, ет дегеніңіз Алшынбаевта болды. Алған дүниені  жалпағынан жалпита басты…

Сөйтіп, Ойылдың обырлары мыңдап алды, ойран салды. Төңкеріс заңына  қиянат қылды. Ақшаға сатылып, арақ ішті, жоғарғы орындар  обыр  содиалардың  жегенін желкесінен  шығаруын талап етеміз».

Ұлттық баспасөздегі отызыншы жылдар фельетонының бірі осындай. Ол жанрдың көркем-публицистикалық талаптарына толық сәйкес келмей жатуы мүмкін, бірақ өткір сөздің өтімді заманындағы жауынгер жанрдың қалыптасубағытының бір мысалы ретінде тілге тиек бола алатыны сөзсіз.

Диқанбай жазған, бас тақырыбы оқшаулау көрінетін очерк («Атылсын. Атылсын. Атылсын!!!») бар. Ол былай басталады:

«Күн ұясына қызарып кіре бастаған кезде, өкпесін қолына алып Тәукен ентігіп жүгіріп кірді.

О, не болды, не болды?

Несін сұрайсың, бәрі де болды, айтқаным келді,  атқаным тиді, аңтарылған албасты —  қарағаңбақ көр,  аңазыған аңғарды  мекен ететін болды…

— Не дейді, қаңбағың кім,  аңғарың не,  не сұмдықты бастап жүрсің? — деген сұрау Тәукеннің алдына қойылды. Тәукен біріндеп  іс мәнісін  баяндауға кірісті.

Кәзит оқығандарыңыздың бәріңізге де мәлім, кеше атақты, даңқы жер жарған, ақ дегені — алғыс, қара дегені — қарғыс, түкірігі жерге түспеген  Жылыойдың  шонжар желкесі,  Некеңнің арда кері,  Алманияздың  алшаңдаған  салқамы — Дәрі дейтіннің  соты басталды. Сот Дәрінің қалқозға қарсы үгіт жүргізген, қалқозшылардың егінін ұрлап зиянкестік, қаскүнемдік еткен қылмыс ісін қозғады. Мен содан келдім…».

Дәрі есімді адамның кім екенін Тәукен: «Ақ патшаның алдын көрмегенмен,  өз елінде,  өз Отанында дегенін жүргізген адам. Талай мен құсаған қара табанның қаққанда қанын,  соққанда сөлін алған адам» деп таныстырады. Соған сәйкес бұдан арғы әңгіме кедей Тәукеннің Дәрінің сол күнге дейінгі тіршілігін, оның қалқоз құрылысына, шаруашылық науқандарына қарсы үгіттеу әрекетін баяндауына арналған. Ақырында, қалқозшылардың арызы бойынша Дәрі абақтыға жабылады. Оның соңы Дәрінің ату жазасына кесілуімен аяқталады… Автор бұл сәтті «…жиылған жұрт уралап, «атылсын, жауыз, атылсын, атылсын!!!» деген айқайы залды жаңғыртты…»  деп түйіндейді. Диқанбай осы ортақ бір сөзді әртүрлі реңкте очерктің бас тақырыбына шығарған. Мұның композициялық жағынан тиімді болып шыққаны көрініп те тұр.

1932 жылғы қыркүйекте Темірден жазылған бұл сот очеркін саяси-мазмұндық астарына салмақ түсірмей-ақ, автор қаламының көсемсөз бен көркемсөзді ұштастыра баяндауға бейімділігін, тақырыпты игеру шеберлігін көрсететін туындысы ретінде қарастырған орынды болады.

Диқанбай тағы бір маңызды еңбегі — «Облысымызда театр мәселесі» (1933) мақаласында тақырыптың бетін:«Театр (tьjatьr – автор) мәселесі  күні бүгін ғана  ауызға алынып, әңгіме  болған мәселе емес. Театр мәселесі көптен қолға алынып, талқыға түскен, толғағы піскен мәселе. Салт-сана майданындағы күресіміздің өткір құралының бірі — осы театр екендігі жұртшылыққа мәлім. Соның үшін бұл мақаламызда театр ұйымдастырудың  маңызына тоқтамай-ақ, бұл жөндегі бірқатар кемшіліктерге, алдағы міндеттерге тоқталамыз» деп ашады.

Газетте Т.Сарғожаұлы, Құбаш, Аманжан, Іңкәрбай, Мұхамбетқали жолдастардың мақалалары жарияланып, тақырып кеңінен талқылана бастағанын, «бұл облысымызда театр мәселесінің бірінші рет ауызға алынуы» екенін атап көрсетеді. Бірақ осы мақалалар  басшы орындарда талқыланбағанын, ұсыныс-пікірлерге ешкім құлақ аспағанын, тиянақты нәтиже шығарылмағанын ескертіп өтеді.

Мысалы, Ленин клубы жанынан ұйымдастырылған,  жақсы сауық кештерін өткізіп жүрген  қазақ үгіт бригадасының 2-3 айдан соң тарап кеткенін, өйткені оған сүйемелдеп, көмек берген, басшылық еткен, қаржы берген ешкім болмағанын, ақыры бригаданы таратып жібергенін қынжыла жазады. «Оларды сахнаға баулып, тәрбиелеу жұмысы жүргізілмеді» дейді Диқанбай.

Кейін үгіт бригадасының орнына қазақ сауық үйірмесі ұйымдастырылады. «Мұнда да әлгі айтқан бассыздық, қазақ үйірмесі үйге жарымады.Қалалық партия ұйымы, кәсіпшілер одағы  түк басшылық етпеді. Сауық үйірмесі күні бүгінге дейін панасыз» деп мәлімдеген автор бұл кемшіліктердің бірқатар себебін атап көрсетеді.

Оның жазуынша, «Тап жаулары, олардың агенті  ұлы орыс шебенестігі (шовинистігі) мен жергілікті ұлтшылдық салт-сана  майданындағы күресімізге қарсы  арпалыспай қалған жоқ. Сол арпалысу, жанталасу біздің облысымызда театр мәселесін өркендетуде кездесті. Поволинов бастаған Ленин клубының  басқармасы  қазақ сауық үйірмесінің  жұмысын күшейтуге көріне қарсы шықты…». Автор айтқандай, «жылымшы әдіспен  сауық үйірмесінің құлауына, жұмысының мешеуленуіне  жағдай жасауға тырысқан».

Бұл қарсылықтың мәнін автор «Қазақ сауық үйірмесі ойын қою жөнінде  басқармамен келісіп, әпише (афиша) қаққан күндері, әпишесін жұлып  тастап,  сахнадағы керекті  заттарды шығарып тастап жүрді. Бұл — ұлы орысшылдардың көріне шабуылы. Мұнан кейін сауық үйірмесінің мүшелері басқарманың бұл қылығын зерттеп, түрткілей бастағаннан кейін, көріне шабуыл жасау әдісін өзгерте салып, тап жауларының  дағдылы жаңа әдісімен қарсылық істеуге кірісті. Оған бір пакті (факт): қазақ сауық үйірмесі мүшелері ғынуардың (январьдың) 27 күні ойын қоймақшы болып, әзірлік жасады. Сол пиесі (пьеса) ойналатын күні әдейі електір (электр) жарығын бермеді, жиылған жұрт сағат 12-ге дейін күтіп-күтіп тарқасып кетті, артынан жұрт тарқасымен електр жанды...» деп  нақтылап көрсетеді.

Өз ынтасымен сауық үйірмесіне мүше болған қала жастарының ұлттық театр құру қадамының жеңіл болмағанын айта келіп, автор сол жастар арасында «түк тәртіп жоқ» деп те сынап өтеді. Пьесаға әзірленген кезде үйірме мүшелерінің бір күн келіп, бір күн келмеуі, кейде үйірме жұмысын тастап, өз бетімен кетіп қалуы сияқты «бассыздық көп кездеседі» деп батыл жазады.

Ол жалпы кемшілікті айта бермей, енді  нақты іске кірісетін уақыт жетті, театр  мәселесіне бүгіннен бастап шындап кірісу керек  деп санайды. Обком қаулысы бойынша  әнші, биші, күй тартушылардың облыстық слеті шақырылатынын еске салады. Бұл слет белгісіз таланттарды тауып, олардың басын біріктіріп, облыста театр мәселесін өркендетуде  «ерекше шаралар жасамақ» деп сенеді.

Мақаласын түйіндей келе, Диқанбай Сахин былай дейді: «Облыстық партия комитетінің қаулысы бойынша қазақша театр ұйымдастырылайын деп отыр. Енді сол мәселені  тездетуіміз керек. Түрі ұлттық, мазмұны социалдық (социалистік) ұлт театрын  күшейтуді қолға алатын уақыт жетті».

Кезінде ақындығымен де танымал болған Диқанбай жалпы поэзиялық туындыларын көп жарияламаған тәрізді. Әзірге біздің қолымызда  «Бірінші май күнінде»  деген өлеңі  ғана бар.

Диқанбай Сахинніңқаламынан туған дүниелер «Социалистік жол»  газетінің 1932-1934 жылдардағы нөмірлерінен жиірек кездеседі. Газеттің ХХ ғасырдың отызыншы жылдарындағы жаңа ғұмырының беташар кезінде белсенді қолтаңбасымен көрінген журналист Диқанбай Сахиннің жалпы өмір дерегі, өкінішке қарай, әлі күнге белгісіз. Бірақ біз оның ұрпақтары, туған-туыстары  бар екеніне үміттіміз. Сондықтан да  Ақтөбе журналистикасының шын мәніндегі ардагері   Диқанбай Сақинаұлы (Сахин) жайындағы  жақсы сөзіміз жалқықалмай,  алдағы уақытта  жалғасын табатынына сенеміз.

Серікқали БАЙМЕНШЕ,

филология ғылымының докторы,

Қазақстанның құрметті журналисі,

Қазақстан Журналистика академиясының академигі.

 

*Суретте: Диқанбай  Сақинаұлы (Сахин). Автордың жеке  архивінен  бірінші рет жарияланып отыр.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button