Балалар ауруханасында триаж жүйесі бойынша қабылдау бөлімшесі ашылады
Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Абзал Әбдікәрімов облыстық перинаталдық орталық пен облыстық көпсалалы балалар ауруханасына барды.
Заманауи перзентханада ол босану залдарын, операциялық бөлімшені, жаңа туған нәрестелер орналастырылатын жан сақтау бөлмесін, біркүндік клиниканы аралап, орталықтың материалдық-техникалық базасымен танысты, мамандармен сөйлесті.
Облыстық перинаталдық орталық 2021 жылы ашылған. Мұнда жыл сайын 8000 босану тіркеледі, оның 25%-ы – хирургиялық жолмен. 8 босану залы, 6 операциялық бөлме, шала туылған нәрестелер мен даму патологиясы бар сәбилерге арналған 12 төсек – барлығы заманауи жабдықтармен жабдықталған. Орталықта мерзімінен бұрын туған нәрестелер соқырлық қаупіне тексеріледі, қажет болған жағдайда ота жасалады. Ол үшін «Аяла» қоры Ақтөбеге бір ретинальды камераны сыйға тартты.
Екі ай бұрын ашылған «біркүндік клиникада» құрсақтағы ұрықтың генетикалық ауытқушылықтары диагностикадан өткізеді. Клиника қызметіне тәулігіне 35 жүкті әйел жүгінеді. Бір күнде болашақ аналардың қаны тексеріліп, ультрадыбыстық зерттеу жүргізіліп, анықталған тәуекелдеріне қарай, инвазивті пренатальды диагностика өткізіледі.
«Елімізде «Аңсаған сәби» жобасы жүзеге асырылуда. Бұл жоба әр отбасының ата-ана атануына, балалы болу туралы арманының орындалуына мүмкіндік береді. Бұл – үлкен бақыт. Бүкіл процесс толығымен тегін. Бедеулік – бүкіл әлемдегі жаһандық проблема. Сондықтан біз сәби сүйе алмай отырған отбасылардың көрсеткішін барынша азайтуға тырысуымыз керек. Балабақшадан бастап өскелең ұрпақпен жұмыс істеу керек. Тамақтану, өмір салты – жастардың денсаулығына әсер ететін маңызды факторлар», – деді Абзал Әбдікәрімов.
Айта кетейік, Ақтөбеде ЭКҰ арқылы 300 бала дүниеге келген. «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында биыл өңірге 130 квота бөлінді.
Көпбейінді облыстық балалар ауруханасында облыс әкімінің орынбасары Абзал Әбдікәрімовке өзінің операциялық бөлмесі және пациенттерді күту палаталары бар облысаралық кардиохирургиялық орталықтың ашылғандығы туралы айтылды.
2010 жылы ашылған емдеу мекемесі өзінің білікті мамандарын мақтан етеді. Болашақта мұнда бүкіл Батыс Қазақстанның сәбилерін емдеумен қамтамасыз ететін нейрохирургия орталығы да ашылмақ.
Балалар ауруханасының басшылығы бірқатар проблемалық мәселені айтып өтті. Бұл терезелерді ауыстыру, қабылдау бөлмесіне кіруді қайта жаңғырту, МРТ аппаратын электрмен жабдықтау. Айта кетейік, аурухананың қабылдау бөлмесі жыл сайын 57 мыңға жуық кішкентай ақтөбелікті қабылдайды. Триаж жүйесі бойынша бөлімшені жаңғырту туралы шешім қабылданды.
«Біз қабылдау бөлімшесін жаңғырту процесін жеделдетуіміз керек. Триаж жүйесі кішкентай пациенттердің жағдайының ауырлық деңгейін тез анықтауға және балалардың гемодинамикасын қалпына келтіру үшін хирургиялық манипуляциялар жүргізуге мүмкіндік береді. Бұл жарақат кезінде маңызды. Өйткені, жыл басынан бері скутерлермен болатын апаттардан сіздерге 30-ға жуық бала келіп түскен. Көбінесе оларда күрделі және өмірге қауіп төндіретін сынықтар болады. Жыл соңына дейін триаж жүйесі бойынша қабылдау бөлімшесін ашуды тапсырамын», – деп түйіндеді Абзал Әбдікәрімов.
Айтып өту керек, ауруханада жағымды жаңалық бар. Желтоқсан айында орнатылған МРТ аппараты Мәскеу сарапшыларының қолдану кезеңінен өтуде. Жаңа жабдық балалардың ауруын алдын ала анықтауға бағытталған, экологиялық таза және кең функционалды.
А.МӘЛІКҚЫЗЫ.