Жаңалықтар

Энергетика вице-министрі Ерлан АҚКЕНЖЕНОВ: Ақтөбе — пайдалы қазбалар қоры мол өңір

Жұмыс сапары

Өңірдің отын-энергетикалық кешенінің қазіргі жағдайы қалай? Газ, жарықпен қамту мәселелерінде қандай өзгерістер бар? Ал сұйытылған газ бағасы қанша теңгеге қымбаттайды? Осы және өзге де сұрақтарға жауапты біз өткен жұма күні Ақтөбеге жұмыс сапарымен келген Энергетика вице-министріЕрлан Ақкенженовтен білдік…

Биылғы меже

Облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуовпен бірге тұрғындармен кездесіп, журналистердің сұрақтарына жауап берген аталған ведомство басшысының орынбасарының айтуынша,елімізде мұнай-газ және энергетика салалары — стратегиялық басым бағыттарға кіреді. Жылма-жыл қолдау күшейіп келеді. Тиісінше газ инфрақұрылымын іске асыру, электрмен жылумен жабдықтау, т.б. мәселелерге мемлекеттік бағдарламалар көптеп арналған.

— Мұнай өндіру көлемі бойынша 4-ші орында тұрған Ақтөбе облысы үлесіне ел бойынша мұнай өндірудің жалпы көлемінің шамамен 5 пайызы тиесілі. Биылғы 4 айда мұнай өндіру көлемі 1,491 миллион тоннаға жетті.

Жыл өткен сайын облыс аумағындағы кен орындарында мұнай өндіру азайып бара жатыр.

Жер қойнауын пайдаланушыларды қолдау және кен орындарының пайдаланылу  циклін ұзарту мақсатында Энергетика министрлігі Ұлттық экономика және Қаржы министрліктерімен бірлесіп,өндірудің жаңа технологияларын дамытуға және енгізуге, міндетті түрде қайта инвестициялау шартымен жетілген кен орындарын, соның ішінде салықтық сипаттағы қолдау шараларының топтамасын ұсыну мәселесін пысықтап жатыр.

Жалпы, бүгінгі таңда алынатын мұнай қоры — шамамен 194,4 миллион тонна.Ал мемлекеттік теңгерімдегі газдың алынатын қоры — шамамен 165,6 миллиард текше метр. Ақтөбе облысында пайдалы қазбалар қоры жөніндегі мемлекеттік комиссияда теңгерімге қойылған барлығы 47 мұнай кен орны және 35 газ кен орны бар.

2023 жылы Қазақстанда 55 жер қойнауы учаскесі бойынша 3 аукцион өткізілді, соның 12-сі Ақтөбе облысында орналасқан және 6 жер қойнауы учаскесі бойынша келісімшарттар жасалған. Осы жылы жер қойнауының 12 учаскесі аукционға қойылып, 2 учаске бойынша жеңімпаздар анықталды.

2023 жылы бюджетке төленген қорытынды қол қою бонусы 701,9 миллион теңгеге жетті. Геологиялық барлауға тартылғанн инвестиция көлемі— 305,0 миллион доллар, —деді Энергетика вице-министріЕрлан Ақкенженов.

Жанармай қоры жеткілікті ме? 

Егіс жұмыстарын жүргізуге, әсіресе ауыл шаруашылығы саласындағы өндірушілерге дизель отынын жеткізу мәселесі өзекті екені белгілі. Аталған ведомство басшысының орынбасары көктемгі егіс жұмыстарын уақтылы және тұрақты жүргізу үшін еліміздің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне 376,3 мың тоннадан астам дизель отынының көлемі бекітілгенін атап өтті.

Барлық өңірде тасымалдауға арналған шығыстар мен операторлардың маржаларын ескере отырып, ауыл шаруашылығы саласындағы өндірушілер үшін 1 литрге 250 теңгебағасы қойылды.

— Ақтөбелік ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін 7,3 мың тонна дизель отыны бөлінді. Бүгінгі таңда7 мың тонна немесе 96 пайызыжөнелтілді. Бұл жағынан мәселе жоқ.

Мұнай өңдеу зауытының дизель отынын жөнелту көлемі,негізінен,операторлардың әкімдіктерден өтінім, төлем және мұнай өңдеу зауыты ішіне теміржол вагон-цистерналарын тапсыру сияқты 3 шартты орындауына тікелей байланысты.

Ақтөбе облысындағы жанар-жағармай қорына келсек,АИ-92 — 9,26 мың тонна, АИ-95 — 1,36 мың тонна, дизель отыны — 23,34 мың тонна.

Биылғы 4 мамырда Энергетика министрінің бағаны мемлекеттік реттеу белгіленген стационарлық автожанармай құю станциялары үшін мұнай өнімдерін бөлшек саудада өткізуге шекті бағаларды белгілеуге қатысты бұйрығы қабылданды.

Бұл ретте Қазақстан азаматтары үшін отынның бөлшек бағасы өзгеріссіз қалады.

Бұл бұйрық көрші елдерге отын ағынын азайту есебінен ішкі нарықта теңгерімді сақтауға мүмкіндік береді. Отынның үлкен көлемін шетелге әкету Қазақстанда Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасында мотор отынына ең төмен бағалардың сақталуына байланысты екенін айта кеткен абзал, — дейді Ерлан Құдайбергенұлы.

Ауылдарға көгілдір отын барады

Өңірде өркениет игілігі — газ қосылмаған ауылдар әлі бар. Ресми деректерге сүйенсек, 1 қаңтардағы мәлімет бойынша облыстағы 939 мың адамның 886 мыңы  яғни 94,4 пайызы көгілдір отынның қызығын көріп отыр.

Вице-министр газбен жабдықтау жөніндегі жобаларжергілікті және республикалық бюджет қаражаты есебінен, сондай-ақ «Қазақгаз» компаниясы арқылы іске асатынын баян етті.

— Осы жылға бекітілген республикалық бюджетте Ақтөбе облысы бойынша 3 жобаны іске асыруды жалғастыру үшін жергілікті әкімдікке 23,8 миллиард теңге қарастырылған. Атап айтсам, Ақтөбе қаласында магистралды газ құбырын бұрудың 3-ші желісін салуға — 21,5 миллиард теңге, Әйтеке би ауданы Сарыкөл ауылына (Ақтасты, Толыбай, Әйке, Тереңсай) жеткізуші газ құбырын салуға— 1,3 милилард теңге, Ойыл ауданы Қаракемер, Ақшатау, Шикұдық, Кемер, Ақкемер ауылдарына жеткізуші газ құбырын салуға 0,9 миллиард теңге бөлінді, — деп сүйінші хабарды таратты Энергетика министрінің орынбасары Ерлан Ақкенженов.

Газ тасымалдау жүйесін салуға қатысты да оң өзгерістер бар. Бүгінгі таңда өз мүмкіндіктеріне қарай жұмыс істейтін «Жаңажол-Ақтөбе» және «Бұқара-Орал» магистралды газ құбырларыАқтөбе қаласын газбен қамтитыны белгілі.

— Айталық, «Жаңажол-Ақтөбе» магистралды газ құбырының жобалық өткізу қабілеті сағатына 80 мың текше метр болса, іс жүзінде сағатына 100 мың текше метрге жетіп отыр. Ал «Бұқара-Орал» магистральдық газ құбыры 2-ші желісінің жобалық өткізу қабілеті — сағатына 448 мың текше метр. Алайда газ құбырының тозуына байланысты іс жүзіндегі өткізу қабілеті сағатына 360 мың текше метр құрайды.

Үздіксіз газбен жабдықтауды қамтамасыз ету, сондай-ақ газға деген үдеп келе жатқан қажеттілікті жабу мақсатында Ақтөбе облысының әкімдігі «Бұқара-Орал» магистралды газ құбырынан «Ақтөбе қаласында магистралды газ бұру құбырының 3-ші желісін салу» жобасының жобалық-сметалық құжаттамасын әзірледі. Жобаның жалпы құны —43,4 миллиард теңге.

Аталған жобаны іске асыру өңірдегі газ тасымалдау инфрақұрылымының қажетті өткізу қабілетін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, — дейдіЕрлан Ақкенженов.

Газ және жарық бағасы

Энергетика министрлігінің құзырына сұйытылған мұнай газы нарығы да кіреді. Соңғы жылдары аталған отын түрінің бағасының төмен болуына байланысты оған сұраныстың артқаны белгілі.

— Автомобильдердің бензиннен сұйытылған мұнай газына ауысуы айтарлықтай артты. Қазіргі уақытта Ақтөбе облысы бойынша 1 литр сұйытылған мұнай газының шекті бөлшек бағасы — 54 теңге.Сондай-ақ облыс орталығынан 200 шақырым қашықтықта шекті бөлшек сауда бағасы литріне 59 теңге болып отыр. Алдағы 1 шілдеден бастап министрлік шекті бөлшек сауда бағасын 10 пайызғаұлғайтуды жоспарлап отыр. Яғни 1 литрі 59-64 теңге аралығында болады, — дейді вице-министр.

Ресми санайғақтарға жүгінсек,облыс бойынша 196 автомобиль газ құю станциясы бар. Облыста сұйытылған мұнай газын тұтыну биылғы қаңтар-мамыр айларында шамамен 70 мың тоннаға жеткен.

Ақтөбе қаласында электр энергиясы мен жылу энергиясының көзіне жауапты —  Ақтөбе жылу электр орталығы. Мұндағы белгіленген электр қуаты — 118 МВт-қа, жылу қуаты сағатына 878 Гкал-ға тең. Бұдан басқа, өңірде электр энергиясын қуаты 168 МВт «Жаңажол газ турбиналы электр станциясы» ЖШС және қуаты 39 МВт «Ақтөбе рельс-арқалық зауыты» ЖШС өндіреді.

Маусым айындағы жағдай бойынша өңірде электр энергиясын өндіру көлемі шамамен сағатына 2 миллиард киловатт болса, бұл ретте өңірдегі тұтыну сағатына 3,1 миллиард киловатт болып отыр.

Облыстың өңірлік электр желілік компаниясы — «Энергосистема» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Оның активтерінде 14,3 мың шақырым электр таратудың кабельдік және әуе желісі мен шамамен 2 мың шағын станциясы бар. Электр желісі шаруашылығының тозуы 82,1 пайызға жеткен, — дейді Е.Құдайбергенұлы.

Қазіргі уақытта Ақтөбе облысында жалпы қуаты 96,4 МВт болатын жаңартылатын энергия көздерінің 3 нысаны жұмыс істейді: Бадамша-1 және 2 жел электр станциясы, сондай-ақ «Желэнерго» ЖШС. Мұнымен бірге ЕRG компаниялар тобының жеке бастамасы бойынша Хромтау қаласының маңында қуаты 150 МВт жел электр станциясы жобасын іске асыру жоспарланып отырғаны айтылды.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру аясында Е-өтініштің электронды жүйесі құрылғанын атап өткім келеді. Бұл — азаматтардың барлық өтінішін қабылдаудың және өңдеудің бірыңғай платформасы.Сондықтан кез келген мәселелер бойынша осы жүйе арқылы жүгінуге мүмкіндік бар.

Ақтөбеге келудегі мақсат та сол — тұрғындардың арыз-шағымын, толғандырған мәселелерін білу. Жоспарлы кездесу болғандықтан, әлеуметтік желілер арқылы бұл туралы алдын ала хабарланды, — дейді вице-министр.

Жиын соңында тұрғындарға микрофон кезегі тигенде саяжайларда, бау-бақша ұжымдарында тұратындар электр энергиясы бағасына наразылық білдірді. Олардың айтуынша, қаладағы үйлерге қарағанда, мұнда электр энергиясының бағасы 2-3 есеге қымбат. Қолайсыз ауа райы кезінде жарық кенеттен өшкенде оның қайта қосылуы да қиын екен. Энергетика министрінің орынбасары Ерлан Ақкенженовбұлай болмауы керектігін айтып, жауапты сала мамандарына тез арада жағдайды реттеуді, артынша жазбаша есеп беруді тапсырды.

Сондай-ақ сұйытылған газ бағасының өсуі тағы да қымбатшылыққа ұрындыратынын, бұл кәсіпкерлерге де тиімсіз екенін айтқандар болды. Тариф бағасының артқанын да сын тезіне алғандар кездесті.

 Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button