Басты жаңалықтар

Жол, жарық және тазалық

Қала

Сенбі-жексенбі күндері қала әкімі Азамат Бекет облыс орталығында атқарылып жатқан бірқатар жұмыс барысымен танысты. Атап айтқанда, қаланы жарықтандыру, жол және суағарлар жүйесінің құрылысын бақылап көрді.

Ақтөбе жап-жарық болады

Ақтөбеде 9 мың жарық нүктесін орнату бойынша үш жылдық жоба жүзеге асырылып жатыр. Қала көшелерін жарықтандыруды жаңғырту жұмыстарын «Айком LTD» ЖШС бастап кеткен. Жоспар бойынша мердігер мекеме Ақтөбенің 358 көшесі мен елді мекендеріне 9000 жарық нүктесін қондырады. Бұрын-соңды жарықтандырылмаған көшелер — басты назарда.

Балауса тұрғын алабындағы жұмыс барысымен танысқан Азамат Бекет мердігер мекемеге жоспар бойынша биыл аяқталуға тиіс шаруаларды уақтылы тапсыру керектігін айтты.

Бүгінге дейін Балаусадағы 12 көшеге жарықшам орнатылған. Жоспарда тағы 7 көшені жарықтандыру тұр.

Қазіргі таңда бұрын мүлде жарықтандырылмаған Жиренше көшесіне электр желісін тартып жатырмыз. Күні бүгінге дейін қала бойынша 2300 жарық нүктесін орнаттық. 2015 шам мен тірек бағана қоймада тұр. Қазір соларды орнатып жатырмыз. Жыл соңына дейін жоба бойынша жұмыстарды аяқтаймыз, — деді «Айком LTD» ЖШС өкілі Зұлқарнай Жалғасбаев.

Жолдар жөнделіп жатыр

Бұдан соң қала әкімі Жібек жолы елді мекенінің Ертарғын көшесінде жүріп жатқан жол құрылысы барысын көрді. Аталған көшеге жол салуды «Жерұйық консалтинг»  ЖШС өткен жылы міндетіне алған.

Осыған дейін жолшылар жерастымен өтіп жатқан инженерлік желілерді толық ауыстырды. Қазір жолдың негізгі қабатын төсеуге дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Бұл көшедегі жолдың жайын тұрғындар көптен бері айтып келеді. Құрылысты осы жаздан қалдырмай аяқтап, тапсыруға тиіссіздер. Инженерлік желілерді қайта орналастыру және дала суларының бағытын бұру бойынша жобадан тыс туындаған кедергілер шешімін дер кезінде табуы керек. Бұдан әрі созуға мүмкіндік берілмейді, — деді Азамат Бекет.

Ұзындығы 1548 метр болатын Ертарғын көшесінің жолы жаңадан салынып жатыр. Жолдың екі жағында 2710 метр тротуар болады және 54 дана шамы бар тірек бағаналар орнатылады. Мердігер барлық жұмысты қыркүйек айында аяқтап, тапсыруға уәде берді.

Ақтөбе қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Болат Серіков Жібек жолы елді мекенінде Ертарғыннан бөлек, Ж.Тәшенов көшесіне де биыл орташа жөндеу жұмыстары жасалатынын айтты.

Бүлінген тротуарлар қалпына келтіріледі

Қала көшелерінде бүлінген тротуарларды қайта қалпына келтіру және жаңадан тротуар төсеу жұмыстары жүріп жатыр. Аталған жұмыстарды атқарып жатқан мердігер мекеме басшылығы барлық шаруаны шілденің соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырғандарын айтты.

Қазіргі таңда жауын-шашын кезінде су көп жиналатын жерлердегі жаяу жүргіншілердің жолын биіктетіп, жаңа тротуарлар төсеп жатырмыз. Бұған дейін бүлінген тротуарларды қайта қалпына келтірдік. Біздің жұмысшыларымыз қала бойынша 10 мың шаршы метр аумақта  жұмыс істеп жатыр. Бір жыл ішінде жасаған жұмысымыздан қандай да бір кемшілік шығып жатса, қайта қалпына келтіріп береміз, — деген «BB GROUP» ЖШС директоры Бақытжан Наурызбаевқала тұрғындары мен автокөлік жүргізушілерін тротауарларға ұқыппен қарауға шақырды.

Өкінішке қарай, қалада тротуар плиткаларын сыныдырып кететін жағдай жиі кездеседі. Әрбір ақтөбелік қала мүлкіне жанашырлықпен қараса, мұндай жағдай болмас еді, — деді ол.

Алтын Орданың суағары

Алтын Орда шағын ауданындағы Тәуелсіздік көшесі мен «Байсанат» тұрғын үй кешенін көктемгі дала суларынан қорғау мақсатында суағар салынып жатыр. Бұл жұмыстарды мойнына алған «ZNS group»  ЖШС өкілдерінің айтуынша, жаңа суағар Сәңкібай батыр даңғылындағы суағар жүйесіне барып қосылады. Суағармен келген су Сазды өзеніне барып құяды.

Ұзындығы — 450 метр, тереңдігі — 1 метр, ені 1,4 метр болатын суағар бетоннан құйылады. Мердігердің айтуынша, жерасты арқылы тұрғын үй кешеніне қарай тартылған 17 коммуникация желісінің орындарын ауыстыруға ұзақ уақыт қажет болған.

Жұмысты жеделдету керек. Сіздер бұдан басқа көктемгі су тасқыны кезінде су шайған топырақ үйінділерін қайта бекіту жұмыстарын бастадыңыздар. Қай жерді бекіту керек, қай жерді бөгеу керек екенін нақтылап, жұмысты күзге дейін аяқтаңыздар, — деп тапсырма берді қала әкімі.

Қала тазалығы — басты назарда

Облыс орталығындаэлектр бағандары мен әртүрлі жарық беру тіректерін жуып тазалау және бояу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.

Бұл жұмыстарды міндетіне алған мердігер мекеме «АКТ инвест холдинг» ЖШС қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдарыбөлімімен 600 тіректі сырлау бойынша келісімшартжасаған.

Мердігер мекеменің жұмысшылары қазіргі таңда Орск және Хромтау бағытындағы трассаларда, Абай даңғылы және Ленинградская көшесінде жуып тазалау, бояу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Бірінші кезеңге жоспарланған жұмыстар толық аяқталды. Бұл кезеңде 600 бағанды тазалап жудық, бояуы берік тұруы үшін грунтовка жақтық. Енді екінші кезеңде осы 600 тіректі қайтадан сырлап шығамыз.  Жұмыстар 1 ай бұрын басталды. Келесі аптада толық аяқтаймыз. Егер жасаған жұмысымыз бүлінсе, кепілдік аясында қайта қалпына келтіріп береміз, — деді мердігер Серік Ержанов.

А.МӘЛІКҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button