Басты жаңалықтар

Жазғы демалыс қалай ұйымдастырылып жатыр?

Біз біргеміз!

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес 2024-2027 жылдары республика бойынша балаларға арналған 50 сауықтыру орталығын ашу жоспарланып отыр. Соған байланысты биыл біздің өңірде 3 лагерь іске қосылады.

Облыс әкімі Асхат Шахаров тиісті мекемелерге су тасқыны болған аудандарда тұратын балаларды қолдау мақсатында оқушылардың жазғы демалысын қызықты өткізуді міндеттеген болатын. Қазірдің өзінде облыстағы 343 бала Алматы, Ақмола, Түркістан, Жамбыл, Қарағанды облыстарында орналасқан сауықтыру орталықтарында демалып келді.

Біз облыстық білім басқармасы қосымша білім беру және тәрбие жұмыстары бөлімінің басшысы Гүлдана Бакиевамен табиғи апаттан зардап шеккен аудан оқушыларының жазғы демалысын ұйымдастыру мақсатында атқарылған жұмыстар туралы сөйлескен едік…  

Алғашқы лек 

Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруға, сауықтыруға биыл 1 279,2 миллион теңге қарастырылып отыр. Бұл қаражаттың 247,8 миллион теңгесі — бюджет қаржысы.

Аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес Алматы облысындағы «Тау Тұран» сауықтыру орталығында 100 оқушы, Жамбыл облысындағы «Мөлдір бұлақ» оқу-сауықтыру орталығында 50 оқушы демалды. Сондай-ақ республикалық «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығының төрт өңірдегі орталықтарында да су тасқынынан зардап шеккен аудан балалары үшін демалыс ұйымдастырылды. Мысалы, Ақмола облысындағы «Балдәурен-Щучинск» республикалық оқу-сауықтыру орталығында 75 оқушы, Түркістан облысында орналасқан «Балдәурен-Түркістан» орталығында 28 оқушы, Алматы облысындағы «Балдәурен-Қонаев» орталығында 48 оқушы, Қарағанды облысындағы «Балдәурен-Балқаш» орталығында 42 оқушы тынығып келді.

Мамырдың 3-24-і аралығында «Бөбек» ұлттық ғылыми-практикалық, білім беру және сауықтыру орталығында Қобда және Ойыл аудандарының 8 оқушысы демалды.

Биыл «Жаздық жолдама» жобасы қолға алынды. Бұл жобаның арқасында өңіріміздегі барлық ауданнан жалпы саны 1147 бала үшін демалыс ұйымдастырылады. Олар Ақтөбе қаласындағы үш лагерьде — «Әсем», «Шұғыла», «Campit»лагерьлерінде демалады. 16 маусымда «Campit» пен «Шұғылада» екінші ауысым басталды. «Жаздық жолдама» жобасы бойынша су тасқынынан зардап шеккен аудандардың 36 баласы демалатын болады.

Жалпы табиғи апаттан зардап шеккен аудандарда тұратын 546 баланың жазғы демалысын ұйымдастыру жоспарланды, — дейді Гүлдана Бакиева.

Тың жоба: Талант тур

Су тасқыны салдарынан зардап шеккен ауыл балаларын қолдау мақсатындабиыл бірінші рет облыстық білім басқармасының ұйытқы болуымен мәдени-ағартушылық, танымдық «Талант тур» жобасы жүзеге асырылды. Жобаны жүзеге асыруға 15 миллионтеңге қарастырылған. Екі ауысымға жоспарланған жоба аясында Әйтеке би, Ойыл, Ырғыз,Темір, Қобда және Мұғалжар аудандарының балалары (500 оқушы) демалып келді.

Жоба екі ауысымға жоспарланған болатын. Біріншісі 3-5 маусым аралығында, екіншісі 6-9 маусымдаұйымдастырылды. Алты ауданның балалары облыс орталығындағы «Білім-инновация» мектебі, Мақсот Құсайынов атындағы дарынды балаларға арналған облыстық лицей-интернат және облыстық мамандандырылған физика-математика мектеп-лицейінде орналасты. Үшкүндік мәдени-танымдық бағдарламаның басты мақсаты — жоба арқылы балалардың әлеуметтік-психологиялық ахуалын жақсарту, олардың жеке қабілеттерін дамыту, сауықтыру және бос уақытын қызықты ұйымдастыру.

Демалыстың әр күні тиімді ұйымдастырылды. Әр күнгі іс-шара үш блок — мәдени, сауықтыру, ойын блоктары бойынша жоспарланды.Мысалы, бірінші күнгі демалыс «Ашық аспан астындағы белсенді демалыс» тақырыбында өтті. Алдымен мектеп психологтары «Менің есімім» танысу тренингі және ұжымдық-шығармашылық жұмыстар жүргізіп, балаларды бір-бірімен таныстырып, ауысым жоспарымен таныстырды. Тренинг арқылы балалар  ортаға араласып,  жас ерекшеліктеріне қарай шығармашылық жұмыспен айналасты. Сондай-ақ бұл күні балалар «Біздің лагерь көңілді» тақырыбындағы «Талант тур – 2024» жобасының салтанатты ашылуына қатысты. Жиын барысында мерекелік концерт, аниматорлармен көңілді ойындар ұйымдастырылды. Сауықтыру блогында оқушылар «Green Land» базасында демалды. Спорттық ойындар, тренингтер, ұжымдық ойын-сауық және тимбилдинг іс-шаралар бағдарламасы аясында аудан балалары өзара командаларға бөлініп, тартысты ойнады. Балалар тимбилдингі олардың бір-бірімен достасуына, топта жұмыс істеуіне және бірге табысқа жетуге ұмтылуына көмектеседі. Ойындар арқылы балалар достық қарым-қатынас орнатты, ортақ істерде табысқа жету үшін әрқайсысының артықшылығын пайдалануды үйренді, көшбасшылық, қарым-қатынас, шешім қабылдау және әртүрлі мәселелерді шешуге дағдыланды. Сонымен қатар балалар «Green Land» демалыс орталығының түрлі локациясында фотосессия ұйымдастырып, әрі қарай су жағасында орналасқан жазғы мейрамханада тамақтанды.

Кешкілік ойын-сауық кеші ұйымдастырылды. Түрлі ойындар және білім-дамыту шаралары (викторина, әңгіме-сұхбат, акция, блиц-жауаптар) өткізілді, — дейді Гүлдана Кенжеғалиқызы.

Оның айтуынша, бұл — бір күнде өткізілген іс-шаралар. «Ақтөбе құшағын кең жаяды» тақырыбында ұйымдастырылған жобаның екінші күнінбалалар таңертеңгілік жаттығулардан бастапты. Бұдан кейін оқушылар «Бәріміз біріміз үшін»тренингі және ұжымдық-шығармашылық жұмыстарға қатысты. Жоба аясында ұйымдастырылған «Біз спортты жақсы көреміз» флешмобы балалардың сергек, шат көңілді және күні бойы белсенді болуларына ықпал ету мақсатында өткізілді. Бұл күні балалар Ақтөбе қаласының көрнекі жерлеріне саяхат жасады. «Keruen City» демалыс және сауда орталығындағы «НВП ағай», «Әнші» фильмдерін тамашалады.

«Талант тур-2024» мәдени-ағартушылық, танымдық жобаның соңғы қорытынды үшінші күнінде де қызықты бағдарламалар ұйымдастырылды. Жобаның жабылу салтанатына арналған «ЖасDOSTAR» бөлімінде аудан балалары өз өнерлерін көрсетті.

Жиын барысында «Ақтөбе-Дарын» өңірлік ғылыми-тәжірибелік қосымша білім беру орталығының директоры Жания Есенжолова балаларды «Талант тур-2024»   жобасының сәтті аяқталуымен құттықтап, барлық бағдарлама шараларына белсене қатысып, бірлесе жұмыс жасап, ұйымдастырушыларға үлкен қолдау көрсеткен балаларға алғыс айтты. Сонымен қатар үшкүндік маусымның бағдарламасына сәйкес өткізілген іс-шараларға белсене қатысқан балаларға мадақтама, ал олардың жетекшілері ретінде тағайындалған аудан мектептерінің мұғалімдеріне Алғыс хаттар табыстады.

Мерекелік концертте балаларға арналған тәтті сыйлықтар мен балмұздақ таратылды, — дейді Гүлдана Бакиева.

Алғысымыз шексіз!

Диляра ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Ырғыз ауданы:

Мен Ырғыздағы Құйылыс жалпы білім беретін орта мектебінің 9-сыныбын бітірдім. Биыл біз үшін демалыс әдеттегіден ерте басталды. Алматы облысында орналасқан «Балдәурен-Қонаев» оқу-сауықтыру лагерінде демалып келдім. 6 мамыр күні  басталған демалыс 26 мамырға дейін жалғасты. Көктемгі табиғи апатқа байланысты лагерьге тегін жолдама менің сыныптастарыма да берілді. Бәріміз бірге барып, жақсы демалып келдік. Жаңа достар таптық. Лагерьдегі әр күніміз қызықты өтті. Бізге тиімді, көңілді демалыс ұйымдастырғаны үшін атқарушы билік өкілдеріне ризашылығымды білдіремін.

Айшабибі ОРЫНБАСАРОВА, Ойыл ауданы:

Биылғы оқу жылында Ойыл ауданындағы Құрман орта мектебінің 9-сыныбын бітірдім. Біздің ауданда балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру мақсатында оқушыларға үлкен қолдау, көмек көрсетіліп жатыр. Жақында ғана «Шұғыла» лагеріне барып, демалып келдім. Лагерь жаңа достар табуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ лагерьде бұрынғы достарымды да кездестірдім. Бәріміз бірге ойнап, жазғы каникулды қызықты өткіздік. Лагерь өзіңнен кішілерге қамқор болуға, көппен бірге жұмыс істеуге, бір-бірімізге түсіністікпен қарауға үйретеді. «Шұғыла» лагеріндегі демалыс менің өмірімдегі жарқын сәттердің бірі болып есімде қалады.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button