Жаңалықтар

Симуляциялық орталық ашылды

Жаңа орталық

Облыстық жедел жәрдем медициналық станциясында симуляциялық орталық ашылды.Бұл жерде «Казанада» халықаралық оқу орталығы дәрігерлерге алғашқы медициналық көмек және жүрек, өкпе реанимациясы кезінде шұғыл көмек көрсету бойынша курстар өткізеді.

Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов, «Казанада» ЖШС-ның өкілі Кевин Фрейк, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрбол Тымпиев қатысты.

Ғалымжан Елеуов жиналғандарды алда келе жатқан Медицина қызметкерлерінің күнімен құттықтап, орталық жұмысына сәттілік тіледі.

— Облыстың денсаулық сақтау саласының қызметкерлері үшін бүгін қуанышты жаңалықпен басталды. Кәсіби мереке қарсаңында облыстық жедел жәрдем  медициналық  бекетінде симуляциялық орталық ашылып отыр. Бұл орталықта халықаралық стандарттар негізінде шұғыл көмек көрсету әдістерін меңгеріп, тәжірибе жинақтауға мүмкіндік бар. Орталық заманауи жоғары технологиялық медициналық жабдықтармен қамтылған. Тағы бір ерекшелігі — тек медицина мамандары ғана емес, түрлі апат кезінде  шақыртуға баратын төтенше жағдай қызметкерлері мен полицейлер, ұстаздар және басқа сала мамандары алғашқы көмек көрсету бойынша кәсіби біліктіліктерін шыңдап, курстардан өте алады. Осы ретте орталық жұмысына сәттілік тілеймін! Керемет нәтижелерге жетіңіздер, —деді Ғалымжан Елеуов.

Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше,  симуляциялық орталықты халықаралық деңгейдегі жаттығу алаңы деуге толық негіз бар. Себебі бұл жерде Ұлттық аккредиттеу орталығының стандарттарына сәйкес заманауи жабдықтарды пайдалана отырып шұғыл медициналық көмек көрсету әдістері үйретіледі. Курсты халықаралық стандартқа сай сертификаты бар және жедел жәрдем саласында жұмыс істеген тәжірибелі мамандар оқытады. Жалпы, орталықтың негізгі мақсаты — қиын жағдайға тап болып, өлім аузында жатқан адамды шұғыл көмек көрсетіп алып қалуға тырысу.

Іс-шараға қатысушылар орталықты аралап көрді. Сондай-ақ түстен кейін жедел жәрдем станциясының қызметкерлеріне арналған спартакиада өтті.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button