Басты жаңалықтарСу тасқыны

31 ақтөбелік баспаналы болды

Біз біргеміз!

Ақтөбе облысына іссапармен келген ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев өңірдегі су тасқынынан зардап шеккен Ойыл, Қобда, Темір және Мұғалжар аудандарында болып, жергілікті тұрғындармен кездесті. Сондай-ақ салынып жатқан үйлердің қарқыны мен сапасын тексерді.

Қанат Бозымбаев ақтөбеліктерге табандылық пен шыдамдылық танытқаны үшін,сондай-ақ Мемлекет басшысының Үндеуін қолдаған кәсіпкерлерге алғысын білдірді.

Облыс бойынша барлығы 4691 үй зардап шекті, оның 992-сі апаттық деп танылды. 3095 үй жөндеуге келеді, 475 үй мен пәтер сатып алынады және тағы 517 үй салынбақ. Тұрғын үйді сатып алу және салу шығындарының басым бөлігін демеушілер мен меценаттар өтейді.

Облыс әкімі Асхат Шахаровтың айтуынша, «Қамқор-Ақтөбе 2024» қоғамдық қоры Ойыл ауданында — 175, Ырғыз ауданында 134 үй тұрғызады. Қобда ауданындағы 147 тұрғын үйдің құрылысы Болат Өтемұратов атындағы қордың мойнында. Темір ауданында тағы 21 тұрғын үй «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қаражатына салынуда. «BI Group» компаниясы Әйтеке би ауданында — 26, Мұғалжар ауданында 14 үй салады.

Eurasian Resources Group компаниялар тобы мен «Қамқор-Ақтөбе 2024» қоғамдық қоры зардап шеккендерге баспана сатып алуға дайын екендіктерін білдірді. Бүгінде олардың өкілдері 31 отбасына пәтер кілттерін табыстады.Алғашқы 31 үйдің тұрғындарын қоныстоймен вице-премьер Қанат Бозымбаев пен облыс әкімі Асхат Шахаров құттықтады.

— Біздің ата-бабаларымыз әр ауыртпалықтың артында жеңілдік бар деген. Ал төзімділік, жанашырлық, қиналғанға көмек көрсету — қазақтың қанында бар қасиет. Бүгінде үйсіз қалғандарға көмек беріп жатқандардың ісі — соның бір дәлелі. Президенттің Үндеуін жауапсыз қалдырмаған меценаттардың қолдауының арқасында облыстағы су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға пәтер сатып алынып, үйлердің құрылысы жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ Ақтөбеде бүгін 31 отбасы жаңа баспана иесі атанып отыр. Жаңа баспаналарыңызда бақыт пен қуаныш көп болсын, —  деді Қанат Бозымбаев.

Баспаналы болғандардың бірі — Нұрлан Бектасов, тасқын кезінде оның үйі мен дүние-мүлкі түгелдей суға кетіпті.

— Бұл күн біз үшін ерекше есте қалмақ. Үш ай бұрын бізді эвакуациялағанда, одан әрі жағдайымыз не боларын білмедік. Бүгін бізге қала орталығынан пәтер беріліп жатыр. Қиын кезде қол ұшын созып, демеу болған жандарға алғысымыз шексіз, — дейді ол.

Облыс орталығындағы «Бұтақ» бау-бақша ұжымының тұрғыны Жарқын Қалаубаева жаңа үйінің кілтін алып тұрып, көз жасына ерік берді. Қиын күндерінің артта қалғанына сенетін ана сын сағатта қолдау білдірген жандарға ризашылығын айтты.

— Осыдан екі ай бұрын су тасқыны болғанда қиын жағдайлар басымыздан өтті. Бәріміз зардап шектік. Ешкім далада қалмайды деп, әрбір тұрғынға қолдау көрсетіп жатқан президентімізге рақмет. Өңір басшыларына, қамқор азаматтарға рақмет. Аз ғана уақыттың ішінде баспаналы болып жатырмыз. Мұндай апат енді  болмасын. Ел аман, жұрт тыныш болсын,—  деді ол.

Тұрғындардың қуанышыне куә болған вице-премьер жауапты тұлғаларға құрылыс қарқынын жеделдетуді тапсырды.

— Алда көп жұмыс бар, кейбір аудандарда қосымша жұмыс күші мен техниканы екі есеге арттыру қажет. Тұрғын үйді қалпына келтіру мәселесі — Президенттің жеке бақылауында, — деді вице-премьер.

Су тасқынынан зардап шеккендер үшін салынып жатқан тұрғын үйлерді мердігер ұйымдар жаз мезгілінің соңына дейін тапсыруға тиіс. Құрылыс барысын облыс әкімдігінің ресми сайтында онлайн режимде бақылауға болады.

М.ТАБЫН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button