Жаңалықтар

Сұйытылған газ бағасы қымбаттайды

Қоғамдық кеңес

Сұйытылған газ елімізде батыс облыстарда ең төменгі бағамен — литрі 50-55 теңгеден сатылады.

Жуырда Энергетика министрлігі 1 шілдеден бастап ел аумағында сұйытылған газдың бағасын өсіру жоспарланып отырғанын хабарлады. Осы мәселе өткен аптаның соңында облыстық қоғамдық кеңестің отырысында да талқыланды. Жиынға қоғамдық кеңес мүшелерімен қатар, Энергетика министрлігінің газ және мұнайгазхимия департаменті басшысының орынбасары Елтай Әлиев, сұйытылған газ сатумен айналысатын кәсіпкерлер қатысты.

Облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Тәттігүл Талаева жиында:

«Еститін мемлекет» тұжырымдамасын басшылыққа ала отырып, облыстық қоғамдық кеңес өз құзыретінің шеңберінде көптеген өзекті мәселелердің ортақ шешімін іздеуге атсалысып келеді. Бүгін осындай мәселелердің бірін талқылау үшін Энергетика министрлігінің өкілі арнайы келіп отыр, — деп атап өтті.

Жиында министрлік өкілінен бөлек, облыстық қоғамдық кеңестің сәулет, құрылыс, көлік, сауда және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мәселелері жөніндегі комиссиясының төрағасы Нұрлан Кенжеғарин, кәсіпкерлер, т.б. сөз сөйлеп, сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізу, тапшылық туындауы мүмкін жағдайлар, бағаның өсуі секілді мәселелер төңірегінде пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салып, қазіргі жағдайды баяндады.

Келтірілген деректер бойынша, министрлік биыл сұйытылған газ бағасын екі рет өсіруді көздейді. Бірінші жолы шілдеден бастап қымбаттатса, одан соң жыл аяғында тағы да бұл мәселеге қайта оралмақ. Ақтөбе өңірінде бастапқыда көтерме бағаны — 12 пайызға, бөлшек саудадағы бағаны 9,2-9,8 пайыз аралығында қымбаттату қарастырылған.

Мамандардың айтуынша, сұйытылған газдың нарықтағы қазіргі бағасы өзіндік құнынан төмен. Өз кезегінде бұл газ өндірушілерге де, оны сатушыларға да тиімсіз. Өндіріс көлемі тұтынушылар сұранысын қанағаттандырмай отыр.

Қазір сұйытылған газ бағасы Ақтөбеде, шамамен, литріне 58-59 теңгеге дейін көтеріледі деп болжам жасалған.

Талқылаулар соңынан облыстық қоғамдық кеңес атынан ұсынымдар әзірленді.

А.САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button