Жаңалықтар

Ауыл шаруашылығындағы ықпалды ұйым

Кәсіподақ

«Ауылшаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» қоғамдық  бірлестігінің облыстық филиалының ІІІ есеп беру-сайлау конференциясы болып өтті.

Конференцияға «Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» қоғамдық  бірлестігінің төрағасы Егор Каппель, облыстық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Алтынбек Әмірғалиев қатысты.

Салалық кәсіподақ ұйымының төрағасы Тұрақбай Сұлтанғалиев өз есебінде кәсіподақ ұйымының  атқарған жұмыстары жөнінде кеңінен баяндады.

Конференцияның күн тәртібіндегі негізгі мәселе — облыстық филиалдың 2019-2024 жылдар аралығында атқарған жұмысы туралы есеп беру, сондай-ақ филиалдың төрағасын, атқару комитетін және ревизиялық комиссиясын сайлау болды.

Қазіргі уақытта салалық кәсіподақтың Ақтөбе филалында  3 мыңға жуық кәсіподақ мүшесі бар. Соңғы жылдары кәсіподақ мүшелерінің қатары айтарлықтай толығып келеді.

Бүгінгі таңда ҚР Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіподағы мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруға байланысты сенімді серіктес болып табылады. Мәселен, «Ауыл — ел бесігі» жобасына кәсіподақ мүшелері белсенді қатысуда.

Сондай-ақ өңірде ауыл шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Өткен жылы «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыруда осы салаға мемлекет тарапынан 14,5 миллиард теңге бөлініп, осындай қолдау нәтижесінде 462,8 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, пайдаланылмай жатқан 350 мың гектардан астам ауылшаруашылық жері мемлекет меншігіне қайтарылды. Былтыр «Ауыл аманаты» жобасына сәйкес 7,3 миллиард теңгелік 1627 жобаға несие беріліп, ауылдық елді мекендерде 173 мың құс алынып, 209,8 гектарға картоп, көкөніс, басқа да бау-бақша өнімдері егілді. Бұл шаруаларды атқаруда кәсіподақтары тарапынан қолдау, насихаттау-ақпараттық жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді. Өндірістің қай саласының да өркендеуі еңбек адамының беделін көтеру арқылы өз нәтижесін беретіндігі жиында сөз алғандар пікірлерінде қадап айтылды.

«Ақтөбенан» ЖШС директорының орынбасары Роза Ғабидуллина бүгінгі күні аталған ұжымда жұмысшылардың мүддесі жан-жақты қорғалатынын, кәсіподақ мүшелерінің белсенділігі туралы жан-жақты баяндап берді.

Облыстағы ауыл шаруашылығы құрылымдары арасында Әйтеке би ауданындағы Виталий Волынец басқаратын «Комсомол» ЖШС-ның ұжымдық келісімшарты үздік деп табылды. Мұндағы кәсіподақ ұйымының төрағасы Әкімжан Баймышев өзара үйлесімді жұмыс нәтижесінде жоғары еңбек өнімділігі мен өндіріс рентабельділігіне қол жеткізіп отырғандықтарын айтады.

Облыстық аумақтық ветеринарлық бақылау және қадағалау инспекциясының кәсіподақ ұйымының жетекшісі Мырзабай Қиынбаев өз ұжымындағы қоғамдық ұйым қызметіне кеңінен тоқталып, кейбір толымды тәжірибелерімен бөлісті.

Қазақстан Кәсіподақтары федерациясының алға қойған мақсаттары, жаңашылдық бастамалары және Еңбек жылы аясындағы жүйелі жұмыстары жөнінде баяндай келіп, «Біз әлеуметтік әріптестермен өзара ынтымақтастық нәтижесінде әлеуметтік жеңілдіктерге қол жеткіземіз», — деп атап көрсетті Егор Каппель.

Конференция  барысында Тұрақбай Сұлтанғалиев бірауыздан «Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» қоғамдық  бірлестігінің Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы болып қайта сайланды.

Жиында кәсіподақ қозғалысының белсенділері мен бір топ ардагер «Елеулі еңбегі үшін» медалімен және «Еңбек даңқы» төсбелгілерімен марапатталды.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button