Су тасқыны

Құмсайда 21 үй салынып жатыр

Қапыл еріп, жерге сіңіп үлгермеген қар суы мен тасыған өзен Темір ауданындағы төрт ауылдың тұрғындарын да біраз әбігерге салған.

Темір ауданы әкімінің орынбасары Руслан Құдайбергенов аудан орталығы Шұбарқұдықтағы, Алтықарасу округіндегі Еңбекшідегі, Кеңесту округіндегі Шитүбектегі, Саркөл округіндегі Құмсайдағы кейбір үйлерге су кіріп, саманнан салынған үйлердің қабырғалары құлағанын айтты. Оның айтуынша, тасқынның кесірінен баспанасыз қалған 98 тұрғыннан өтініш түскен. Тексеруші компаниялар мен арнайы комиссияның шешіміне сәйкес, «57 үй тұруға жарамсыз» деп танылған.
Біз Құмсай ауылына бардық. Саркөл округінің әкімі Мәди Шүйіншалиннің айтуынша, бұл ауылдағы 75 үйдің 46-сы суда қалған.
— 21 отбасы «осы ауылдан көшпейміз» деп, оларға Құмсайдан арнайы жер бөлініп, үй салынып жатыр. Қалған отбасылар қайталама нарықтан үй қарап, аудан орталығынан үй сатып алуға талаптанып жатыр. Басқа жерден үй сатып алушы 17 отбасының құжаттары комиссияға тапсырылды. Бес отбасы үй сатып алды. Қалған тұрғындардың тиісті құжаттары дайындалып жатыр, — дейді Мәди Шүйіншалин.
Құмсайда «Қазақстан халқына» қорының демеушілігі арқылы бой көтеретін 21 үй ауылдың екі шетінде орналаспақ. Біз барғанда күннің ыстығына қарамастан құрылыс жұмыстары қызып жатты. Мұндағы құрылысшылар алты үйдің іргетасын салып қойып, енді үйлердің қабырғасын қалап жатты.
«Мұғалжар строй» компанияның бас директоры Дархан Жігітов үй салу үшін Құмсай ауылына 8 мамырда келгендерін, құрылыстың жүріп жатқанына бір ай болғанын, жоспар бойынша 11 үйді тамыз айында тапсыратындарын айтты.
Әрқайсысы 80 шаршы метрлік жаңа үйлердің кімге тиесілі екені әзірге белгісіз. Округ әкімі жаңа үйлердің иесі жеребе арқылы анықталатынын айтты.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button