Жаңалықтар

Кез келген қылмыс ұсақ-түйектен өршиді 

Қоғамдық кеңес

Өткен жұма күні облыстық әкімдік ғимаратында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері қаралды. Соңғы жылдары қоғамда ерекше көп қозғалатын тақырыпты бұл жолы облыстық қоғамдық кеңес мүшелері талқылады.

Кеңейтілген отырыста облыстық полиция департаментіне қарасты жергілікті полиция қызметі басқармасы басшысының орынбасары Ахмет Мұстахим бұл мәселе қазір елімізде ғана емес, дүниежүзінде өзекті екенін атап өтті. Оның айтуынша, биыл 14 маусымда күшіне енетін заң бұған бөгесін болады деп күтілуде.

— Осы жылдың 15 сәуірі күні Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары менбалалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер ментолықтырулар енгізу туралы»Заңға қол қойды. Бұл Заң 14 маусымда күшіне енгелі отыр. Соның арқасында кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылықпенбайланысты қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша татуласуға енді жол берілмейді. Басқа да тәртіп бұзушылықтарға байланысты жаза күшейтілді.

Өңірде биылғы 5 айда тұрмыстық жағдайда жасалған 9 қылмыс тіркелді. Оның ішінде 2-еуі — кісі өлтіру, 3-еуі — денсаулыққа ауыр зиян келтіру, 3-еуі —денсаулыққа орташа зиян келтіру және 1-еуі — қорқыту. Аталған 9 қылмыстың 7-еуі сотқа жолданып, 2-еуі тараптардың татуласуына байланысты қысқарды.Жәбірленушілердің 5-еуі ер адам болса, 4-еуі — әйелдер. Қылмыстардың 88,9 пайызы адамдардың мас күйінде жасалатынын атап өту керек.

Отбасылық жанжалға байланысты қозғалған әкімшілік шаралар да аз емес, — деді жергілікті полиция қызметі басқармасы басшысының орынбасары Ахмет Мұстахим.

Полицей көп ретте қылмыстың себебімен емес, салдарымен күресу мәселені шешпейтінін, күн тәртібінде мұндай түйткілдердің аз еместігін айтты. Мәселен, маскүнемдік пен нашақорлық қылмыстың өршуіне бірден-бір әсер етіп отыр. 100 науқасқа шақталған Ақтөбе қаласындағы арнайы мамандандырылған мәжбүрлеп емдеу мекемесінде (ішімдікке тәуелді адамдарды емдейтін орын) бос орынның жоқтығын, соның салдарынан оған сыймағандары көшеде емін-еркін жүргені айтылды. Сол сияқты тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталықтары өте аз. Ахмет Мұстахим Хромтау қаласында  жоғарыда аталған жағдайға тап болғандарға, үйсіздерге, жұмыссыздарға және бас бостандығынан айыру орындарынан шыққандарға арналған дағдарыс орталығы ашылса деген ұсынысын білдірді. Бұдан бөлек Алға, Хромтау, Мәртөк сияқты аудандарда мас күйінде құқық бұзғандарды уақытша бейімдейтін және қоғамнан оқшаулайтын орынның керектігі тілге тиек етілді. Өйткені зиянды әдеттерге әуес адамдардың көшеде жайбарақат жүрудің соңы адам айтқысыз қылмыстарға ұрындырады.

Жиын барысында сөз алған облыстық прокуратура басқармасының прокуроры Дәулет Төлеуов жыл бастағалы отбасылық-тұрмыстық 1843 әкімшілік құқықбұзушылық тіркелгенін, соның ішінде 224 адам бұған дейінгі айыбын қайталағанын атап өтті. 2800-ден астам ақтөбеліктің арнайы есепте тұрғаны белгілі болды.

Қоғамдық кеңес мүшелерінің алдында судья, «Ана үйі» қоғамдық қорының өкілі, т.б. сөз сөйлеп, кез келген қылмыстың ірі-ұсағы болмайтынын, барлығының аз ғана келіспеушіліктен басталатынын алға тартты. Сондықтан мектеп психологтері, учаскелік полицейлер, ең бірінші кезекте ата-аналар балаларына мұқият болуы керектігі ескертілді. Өйткені «Отан отбасынан басталатынын» ұмытпау қажет.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button