Су тасқыны

Несие төлемі кейінге шегеріледі

Қолдау

М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің А.Досжанова атындағы жатақханасында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар уақытша тұрып жатыр. Сенбі күні жатақханаға қаладағы 10 банктің өкілдері барып, түсіндіру жұмысын жүргізді. Сондай-ақ облыстық мәслихат депутаттары Айгүл Нұркеева, Азамат Саймов тұрғындардың талап-тілегін тыңдады.

Қазіргі таңда тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға кәсіпкерлер, жекелеген азаматтар мен ұйымдар қолдау көрсетіп, көмек ұсынып жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ешкім көмексіз қалмайтынын айтты. Облыста баспанасынан айырылған тұрғындарға арнап үй салынады. Сондай-ақ зардап шеккендерге тағы бір көмек — несие төлемдерін кейінге шегеру. Жатақханаға келген банк өкілдері осы жағдайды кеңінен түсіндіріп берді.

Мәселен, төрт баланың анасы Жансая Дүйсенғалиеваның осы жерде бала-шағасымен тұрып жатқанына 15 күндей болған.

Тасқын кезінде үйіміз суға кетті. Тұруға жарамсыз. Қабырғалары сыз тартып, жарылып тұр. Күйеуім жұмыста, қолы қалт етсе, үй жаққа барып қайтады. Өзім жұмыс істемеймін. Балалардың қасындамын, бір балам мүгедек. Несиеміз бар. Бірақ уақытынан кешіктірмей төлеп отырмыз. Бүгін банк қызметкерлері келіп, несиесі барларға қандай жеңілдіктер қарастырылғанын айтып жатыр. Жолдасыммен ақылдасып, бір шешімге келеміз, — деді Жансая.

Ал Махамбет саяжайында тұратын Түзелбай Құлмағамбетов өзінің де, балаларының да несиесі бар екенін айтты.

—Бір күнде үйімізден айырылып, қазір жатақханада тұрып жатырмыз. Оңай емес. Өзім күзетші болып жұмыс істеймін. Келер жылы зейнетке шығамын. Үйдің шаруаларына алған несием бар. Балаларым да үй салғанда несие алды. Банк қызметкерлерімен осы жөнінде сөйлесіп жатырмын. Үш айға дейін төлемей тұруға болады екен, — деді Түзелбай.

Банк өкілдері тасқыннан зардап шеккен тұрғындардың барлық сұрағына жауап берді.

— Тасқыннан зардап шеккен тұрғындар міндетті түрде әкімдіктің тізіміне енуі керек. Егер тізімде жоқ болса, әкімдікке хабарласқаны жөн. Ал банк әкімдік жіберген осы тізім негізінде жұмыс жасайды. Тізім бойынша зардап шеккен азаматқа хабарласамыз. Ешқандай құжат талап етілмейді. Үш айға дейін несиені кейін шегеруге болады. Кей адамдар түсінбей, несиеміз кешіріледі деп ойлайды. Бұл жерде кешірілмейді, шегеріледі. Яғни үш айға дейін төлемейді. Содан кейін жаңа график бойынша несиесін өтейді. Тағы бір айта кетерлігі, ешқандай пайыз қосылмайды. Бұрын қалай төлесе, солай жалғастырады. Қазір тұрғындар осы мәселе бойынша хабарласып, ақпарат алып жатыр, — деді  «ForteBank»  АҚ Ақтөбе филиалы басшысының орынбасары Ания Үмбетияр.

«Halyk Bank» АҚ облыстық филиалының өкілі Данагүл Мұрзатаева да зардап шеккен тұрғындардың несие төлемдері үш айға дейін кейінге шегерілетінін айтты. Аталған банк те әкімдік тізімі бойынша жұмыс істейді. Қызыл судан зардап шекккен азаматтар банк өкілдеріне көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, жауап алды.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button