Жаңалықтар

Мейірімді  жандардың  мамандығы

Конференция

М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінде «Мейіргер ісіндегі көпсалалы тәсіл» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Шараның мақсаты — медициналық көмектің сапасын арттырып, науқастарға күтім жасау үрдістерін оңтайландыру, мейіргер қауымдастығын дамыту және мейіргер ісіндегі көпсалалы тәсілдерді талқылау. Конференцияға Ресей, Қырғызстан, Литва елдерінен мамандар қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісті. Сондай-ақ Финляндия елінің мамандары онлайн түрде қатысты.

Шара  барысында университет ректоры Әсет Қалиев, Primary Health Care ұлттық қауымдастығының президенті Төлебай Рахыпбеков конференцияның маңыздылығын ерекше атап өтіп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Қазіргі таңда  жоғары білімді мейіргерлерді дайындау — денсаулық сақтау саласындағы маңызды мәселе. Бүгінгі таңда мейіргер — дәрігердің көмекшісі ғана емес, серіктесі. Сондықтан бүгінгі шарада шетелден келген мамандармен тәжірибе алмасып, кәсіби біліктілікті шыңдауға күш салынады, — деді Әсет Қалиев.
Пленарлық отырыста Ресейдің медбикелер қауымдастығының президенті Валентина Саркисова, денсаулық сақтау министрлігінің Ғылым және адам ресурстары департаменті мейіргер ісін дамыту басқармасының бас сарапшысы Айнагүл Наурызбаева, Primary Health Care ұлттық қауымдастығының басқарма төрағасы Роза Абзалова және еліміздің түкпір-түкпірінен келген қонақтар мейіргер саласына қатысты мазмұнды баяндамалар жасап, іс-тәжірибелерімен бөлісті.

Екі күнге жоспарланған конференция аясында тақырыптық секциялар, шеберлік сабақтары ұйымдастырылды. Сондай-ақ отандық ғалымдардың жетекшілігімен мейіргер ісіндегі ғылыми зерттеулердің тәжірибелері көрсетілді.

Жалпы медицина университетінде  мейіргер мамандығы бойынша 2 доктарант пен 500-ден аса студент білім алып жатыр.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button