Жаңалықтар

Экологиялық акция басталды

Тазалық

Өңірде абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп, қала тұрғындары саябақтарды, скверлер мен басқа да аумақтарды тазартып, көшеттер отырғызып жатыр. Екі айлық тазалық жұмыстарына да ақтөбеліктер белсенді қатысуда. Оған қоса өткен сенбіде «Taza qala» төрт айлық экологиялық акциясының ашылуы өтті. Ақтөбе қаласының 155 жылдығы аясында басталған акцияға облыс әкімі Асхат Шахаров пен қала әкімі Азамат Бекет те қатысты.

Қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы Самғат Артығалиннің айтуынша, сенбілікке 250-ге жуық жас қатысып, 370 қап қоқыс шығарылды.

Сенбіліктің мақсаты — қала жастарының бойына патриотизмді насихаттап, табиғатты аялауға, қорғауға, қоршаған ортаны таза ұстауға шақыру. Экологиялық акцияға қатысушылар құрал-жабдықтармен арнайы футболка кепкалармен қамтамасыз етілді. Тазалық бәрімізге керек. Сондықтан қала тазалығына атүсті қарамай, әрқайсысымыз өзімізден бастап, сенбілікке атсалысуға шақырамын. Тасқын судың беті қайтқан соң, Қарғалы су қоймасынан бастап қаламыздағы ірілі-ұсақты өзендерде «Таза қала — таза жағалау», «Бұлақ көрсең, көзін аш» секілді акцияларды ұйымдастырмақпыз, — дейді ол.

Экологиялық акцияға қатысқандар арасында «Eco madeniet» тобының жетекшісі, қалалық мәслихат депутаты Айман Сексенова да бар.

—  Ең алдымен, бүгінгі сенбілікке  атсалысқан ақтөбеліктерге шексіз алғысымды білдіремін. Жастар арасында экологиялық білімді дамыту, туған қаласының табиғатына қамқорлық көрсетуге бағытталған іс-шаралар тұрақты ұйымдастырылса, қаламыз көркейер еді. Қаланың тазалығы әрбір шаңырақтан басталады. Тазалықты жақсы көретін, қалаға, далаға жаны ашитын әрбір ақтөбелік осы акцияға атсалысуы керек, — дейді ол.

Қолына кетпен-күрек ұстаған жастардың да пікірін білген едік.

Тазалық — тазалаған жерде емес, айналаны таза ұстаған кезде ғана болады. Сүйікті қаламызды таза ұстау — баршамызға ортақ іс, жас буынға үлгі-өнеге. Өскелең ұрпақты жан-жағын таза ұстауға шақыруымыз керек. Алдағы уақытта тазалықпен қоса, қаланы абаттандыру жұмыстарына қалалық және облыстық жастар ресурстық орталығының жастары жұмылдырылады. Жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған тазалық акциясы әр сенбі өткізіледі, —  дейді қалалық жастар ресурстық орталығының SMM маманы Дана Санатқызы.

Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button