Жаңалықтар

«Жасыл Байғанин» — таза экология бастауы

Тазалық

«Жасыл Байғанин». Ауданда осындай атаумен еріктілер козғалысы құрылды.

Жобаның мақсаты — өңірде жасалып жатқан санитарлық тазалық жұмыстарын бақылау, олқылықтарды түзетуге ұсыныс білдіру, сондай-ақ аудан тұрғындарын экологиялық сауаттылыққа баулу.

«Жұлдыз» ойын алаңында өткен іс-шараның ашылу салтанатына қатысқан аудан әкімі Айбек Көпенов жастардың бастамасына сәттілік тіледі.  Әзірге топ құрамында 20 адам бар.

Шара аясында плоггинг жарысы ұйымдастырылды. Қатысушылар жүгіріп жүріп, қоқыс жинап жарысты. Сайыс жеңімпаздары арнайы сыйлықтармен марапатталды.

Айта кету керек, ауданда «Таза Байғанин» сайысы басталды. Конкурс «Үздік ауыл», «Үздік көше», «Үздік мекеме», «Үздік аула» аталымдары бойынша өтеді. Конкурсқа өтінім тапсыру 8 маусымға дейін жалғасады. Сайыс мақсаты —  елді мекендерді санитарлық тазалау, абаттандыру және көгалдандыру. Жарыс қорытындысында әр аталым бойынша 3 орыннан беріліп, жүлдегерлер ақшалай сыйлықтармен марапатталатын болады.

Жалпы ауданда тазалық жұмыстары белсенді түрде ұйымдастырылып жатыр. Сенбіде жалпыаудандық сенбілік өтті. Мемлекеттік мекемелер өздеріне белгіленген аумаққа санитарлық тазалау, әктеу жұмыстарын жүргізді. Тазалық жұмыстарынан тұрғындар да қалыс қалған жоқ. Арықтар тазаланып, бағаналар әктелді. Аулаларға көшеттер егіліп, көгалдандыру жұмыстары басталды.

Тазалық жұмыстарына атсалыспақ түгіл, қоршаған ортаны ластайтын жандар да бар. Аудандық полиция бөлімінің мәліметіне сүйенсек, 15 адамға қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, 1 тұрғынға айыппұл салынған.

Тазалық сақтамаған тұрғындарға алдымен ескерту беріледі, егер 10 күннің ішінде талап орындалмаса, айыппұл салынады. Сондай-ақ тәртіп сақшылары тарапынан кәсіптік нысандардың иелеріне де ескерту берілген.

Іңкәр АЛТАЙ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button