Жаңалықтар

Баға бақылауға алынды

Азық-түлік

Аудан орталығындағы сауда орындары мен дүкен сөрелеріндегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік және басқа да тауарлардың бағасын тұрақтандыру мақсатында кезекті мониторинг жүргізілді.

Хромтау қаласындағы азық-түлік сататын 85 дүкенге мониторинг жүргізілді. Дүкендердегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімінің бағасынан бөлек, тауардың сапасы толық бақылауға алынды. Бұл туралы аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Талғат Болысбаев тауар айналымының болжамды баға реттілігін де назарда ұстап отырғандарын айтты.

Сауда  айналымында баға тұрақтылығын қадағалау үшін үнемі сараптамалық жұмыстар жүргіземіз. Оның ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің де бағасы —  басты назарда. Сауда нысандарын аралау барысында кәсіпкерлерге «Сауда қызметін реттеу туралы» Заңның 9-бабы, яғни шекті баға мен сауда үстемесінің мөлшері сатып алынған бағасынан 15 пайыздан жоғары болмау керектігін айтып, жадынамалар арқылы түсіндіру жұмыстары жүргізіледі, — деді сала басшысы.

Кәсіпкерлік бөлімінің мамандары азық-түлік бағасын тұрақтандыруда делдалдардың қатысуынсыз өндірушілер мен тұрақтандыру қорынан немесе көтерме сауда орталықтарынан өнімді тікелей жеткізуді ұйымдастыру бойынша нақты іс-шаралар жүргізіп жатыр. Сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын бекіту жобасы аясында аудан орталығындағы нан өнімдерін сататын бірқатар наубайханалармен де келісіп, бірнеше дүкенде әлеуметтік нан сатылымға тұрақты түрде шығарылады.

Ауданда  «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ауылшаруашылық өнімдерін сатылымға шығару мақсатында Хромтау қаласы М.Әуезов көшесі, 8 «а» мекенжайында арнайы «Ауыл аманаты» павильоны ашылған болатын. Бұл павильонда қолжетімді бағада таза әрі сапалы өнімдер сатылады.  Мұндай дүкен сөрелеріндегі азық-түлік қоры, баға қолжетімділігі сияқты басқа да мәселелер —жауапты мамандардың басты назарында. Түсіндіру жұмыстары, мониторинг жүргізу секілді іс-шаралар да уақтылы атқарылады.

Алмат ЗЕЙНОЛЛА,

Хромтау ауданы.  

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button