Жаңалықтар

Абыройлы еңбек айнасы

Құрмет

Еңбекпен жеткен абырой да, жетістік те қымбат. Өмірлік асыл мұраттарға тек  адал еңбек жеткізетінін ұмытуға болмайды.

Осы орайда Қазақстан Республикасы М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институты жеке құрам қызметкерлері өз қызметін абыроймен атқарған институт бастығының орынбасары полиция полковнигі Сәлімгерей Қаракүшевті салтанатты түрде құрметті демалысқа шығарып салды. Ол — Отанымыздың тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғауда кәсібилігімен қатар, адамгершілігімен де ортасына сыйлы, еңбегін адал атқарып, халықтың алғысын, сенімін арқалаған азаматтардың бірі.

Шараны институт бастығы полиция полковнигі Нұркен Мұхаметқалиев құттықтау сөзімен ашып, Сәлімгерей Иманғалиұлының ішкі істер саласындағы еңбегін атап өтіп, жылдар бойғы атқарған қызметінің жемісін көруіне тілектестігін білдірді.

Полиция полковнигі, заң ғылымдарының кандидаты Сәлімгерей Иманғалиұлы 1967 жылы Алға ауданы Черноводск селосында дүниеге келген. Бала кезден үнемі адал болуды, адам баласына қиянат етпей, тек өз еңбегінің жемісін жеуді үйреткен ата-ананың ақыл-кеңесін өзіне өмірлік қағида ете білген ол еңбек пен білімді сүйіп өсті. Ауылда өсіп, ауыл тіршілігіне етене жақын болғандықтан орта  мектепті бітірген соң, еңбек жолын «Красный колос» колхозында мал шаруашылығында еңбек етуден бастады.

Қарулы күштер қатарында азаматтық борышын өтегеннен кейін 1993 жылы Қарағанды жоғары милиция мектебін бітіріп, 1993-1998 жылдар аралығында осы түлеп ұшқан ұясында әртүрлі лауазымдарда қызмет атқарып,  1998-2000 жылдары адъюнкт болды. 2001 жылдың сәуірінде ҚР Ішкі істер министрлігінің Астана қаласындағы училищесінің бастығы лауазымына тағайындалды. 2013 жылдың аяғына дейін осы оқу орнын басқарды.

2013 жылдың желтоқсанында ҚР ІІМ М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтының бастығы болып тағайындалды.

Одан кейін 2019-2023 жылдары ҚР ІІМ Ш Қабылбаев атындағы Қостанай академиясы бастығының орынбасары болып жұмыс жасады.

Ал 2023 жылдың маусымынан М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институты бастығының орынбасары қызметіне келді.

Ішкі істер саласына жалынды жастық шағын арнаған әрбір жан үшін зейнеткерлікке шығу — өте маңызды және көңіл толқытарлық сәт. Бұл кез тек  адал еңбегімен көрінген адамның мақтанышты көңіл күйіне толы болса да, оның қызметтестерімен қоштасу кезеңі көңілдегі қимастықпен ерекшеленеді. Сонымен қатар бұл күн өмір жолының белгілі бір сатысына қорытынды жасай отырып, өмірдің өзгеше бір жаңа белесіне бет бұру болып табылады.

Осы орайда ішкі істер қызметі саласында Сәлімгерей Иманғалиұлымен бірге қызмет атқарған институттың ардагерлер кеңесінің төрағасы  В.Сюняков, кеңес мүшелері С.Рзабеков, Н.Бірманов, Қ.Манапбаев, Д.Дәулетияровтар әріптестеріне жақсы тілектерін айтып, құрметті демалысқа шығуымен құттықтап, сәттіліктер тіледі.

Құрметті демалысқа шыққан полиция полковнигі Сәлімгерей Қаракүшев сөз алып, өзіне жылы лебіз арнаған қызметтестеріне алғыс айтты. Қызметтік жолда қиындығы мен қызығын бірге атқарған  әріптестеріне, институт басшылығына ризашылығын білдірді.

Жаратылысынан қарапайым, еңбек жолын қара жұмыстан бастап, ел сенімімен қанаттанған тәртіп сақшысы Сәлімгерей Қаракүшевтің өмір жолы осындай мерейлі істерге толы. Оның мұндай құрметке бөленуі — еңбекке деген ынта мен тынымсыз ізденістің нәтижесі.

 Алуа ЖЕТЕСОВА,

ҚР ІІМ М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институты

ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімшесінің инспекторы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button