Су тасқыны

Өтемақы төленіп жатыр

Ырғыз ауданында жағдай тұрақтанды. Дегенмен әлі де бөгеттерді нығайту жұмыстары жалғасуда. Қазіргі таңда Құйлыс, Жайсаңбай, Белшер ауылдарында 17 техника және 294 адам бөгеттерді нығайтуға атсалысуда.
Аудан әкімдігі берген деректерге сүйенсек, су тасқынынан Нұра ауылында — 100, Мамыр ауылында — 10, Белшер ауылында 4 үй және 6 кәсіпкерлік нысан, 5 әлеуметтік нысан зардап шеккен. Адам шығыны жоқ.
Аудан бойынша су тасқыны кезінде тұрғындарға көмектесуге 150-ге жуық ерікті тартылды. Қазір үйлері суға кеткен отбасылар аудан орталығындағы эвакуациялық пункттерде тұрып жатыр.
Бүгінде аудандағы 4 орта мектеп пен бір спорт кешені эвакуациялық пункт ретінде жасақталған. Оларға Нұра, Мамыр, Белшер, Құйлыс елді мекендерінен жалпы саны 958 адам эвакуацияланды. Оның ішінде Мамыр ауылынан — 113, Нұра ауылынан — 375, Белшер ауылынан — 135, Құйлыс ауылынан 335 адам көшірілді. Эвакуациялық пунктке келген 958 адамның 325-і қазір туыстарының үйінде тұрып жатыр.
Облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен және өзге де демеушілер арқылы ауданға 22 тоннадан астам азық-түлік жеткізілген.
Бұдан бөлек бүгінде үйлері суға кеткен тұрғындарға өтемақы беріліп жатыр. Қазіргі таңда Нұра ауылдық округ әкімі аппаратына 177 өтініш келіп түссе, оның 10-ы қаралып, тұрғындарға 3 692,0 мың теңге қаржы төленген. 167 өтініш алдағы уақытта қаралатын болады.
Ал мал өліміне келсек, ауданда су тасқыны салдарынан жалпы саны 456 бас мал өлген. Қазір мамандар олардың өлекселерін анықтау бойынша тиісті жұмыстар жүргізіп жатыр.

Данагүл ҚАЗИХАН,
Ырғыз ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button