Жаңалықтар

Журналистер тазалыққа атсалысты

Өңірде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына атсалысушылар қатары апта сайын артып келеді.
Бүгін де қала тазалығын қолдайтын ақтөбеліктер сенбілікке шықты. Бизнес нысандарының иелері, түрлі мекеме ұжымдары, тұрғын үй алаптары мен көпқабатты үйлердің тұрғындары ертеңгі сағат тоғыздан бастап қаланың өздеріне белгіленіп берілген учаскелеріне жиналды. Бірі тырма, бірі қапшық ұстап, аумақты қоқыстан арылтты.
Қаламыздың Әбілқайыр хан көшесі бойы мен Есет батыр көшесі аралығында орналасқан «Достық» алаңы — әжептәуір әдемі саябақ. Осы алаңды облыстық ішкі саясат басқармасының қызметкерлері, «Ақтөбе Медиа» ЖШС-і біріктіретін облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттері мен «Үш таған» журналының ұжымы, қаламыздағы этно-мәдени бірлестіктердің мүшелері тазалады. Әдетте сенбілікке қатысушылар туралы жазуға келетін баспасөз өкілдері бұл жолы қаламдарын сыпырғыш пен тырмаға алмастырыпты.
— Биылғы көктем біраз әбігермен басталды. Дегенмен барлығы қалпына түсіп келе жатыр. Қаламызға дұрыс көңіл бөліп, таза ұстау, көркейту — әр ақтөбеліктің парызы. Қала тұрғындары әр сенбі сайын өздері тұрып жатқан аймақты тазалап жатыр. Сенбілікке біздің «Ақтөбе Медиа» компаниясы және облыстық ішкі саясат басқармасының қызметкерлері, Қазақстан халқы ассамблеясының қаламыздағы мүшелері де шығып, атсалысып жатыр. Жүрген жерің, айналаң таза болса, көңіл күй де жақсы болады. Қала тазалығы әр адамның ішкі мәдениетінен, тәрбиесінен басталады, — дейді ақын, «Үш таған» журналының редакторы Ертай Ашықбаев.
Тазалық шараларына қаламыздағы этномәдени орталықтардың мүшелері де қатысты.
— Қаламызда жарияланған тазалықтың екі айлығына біз де өз үлесімізді қосып жатырмыз. Көктем басталғалы біздің бірлестік мүшелері сенбілікке қатысып, қаланың саябақтары мен гүлзарларын тазалап жүр. Сенбілік — тазалық қана емес, үлкен тәрбие. Аға буынның жасағанын жас ұрпақ көреді, кейін қайталайды деп ойлаймын. Сондықтан Ақтөбенің патриоттарын сенбі сайын осындай тазалық шараларына қатысуға шақырамын, — дейді «Эллада» грек этномәдени орталығының төрағасы Ираклий Козьмов.
Көктем шығып, қар астындағы қалған бар қоқыс көрініп, шашылып жатыр еді. Сенбіліктің арқасында саябақтар мен гүлзарлар тазарып, сәні кіріп қалды.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button