Басты жаңалықтар

ЕКІ АЙЛЫҚ СЕНБІЛІК БАСТАЛДЫ

Сәуір айының алғашқы сенбісінде қала тұрғындары, мемлекеттік қызметшілер, депутаттар, жастар мен түрлі мекеме қызметкерлері қолдарына күрек-кетпенін алып, қыстан қалған қоқысты тазалау үшін сенбілікке шықты.

Облыс әкімі Асхат Шахаровтың тапсырмасына сәйкес тазалық сенбілігі екі ай бойы жүргізіледі. 6 сәуір мен 6 маусым аралығында Ақтөбе қаласы және аудандарда, сондай-ақ елді мекендердің аумағында орналасқан барлық әлеуметтік мекемелер өз аумақтарын тазартуға тиіс.

Ақтөбе қаласының Алматы ауданы бойынша бірінші сенбілікке 900 адам қатысып, 90 тонна астам қоқыс шығарды. 15 көше,15 саябақ,15 ескерткіш маңы тазартылды.

Ал Астана ауданы аумағындағы тазалық жұмыстарына қатысқан 740 адам 70 тонна қоқыс шығарды.

Екі аудан аумағында да санитарлық тазалауға жауапты мекемелер аялдамалар мен қоқыс салатын жәшіктерді жуып, тротуарларды балшықтан тазартты.

Ақтөбе қаласы Астана ауданы әкімінің орынбасары Әлімбек Бектеміров аудан аумағындағы кәсіп иелерін сенбілікке шақыру мақсатында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, жадынамалар таратылғанын айтты.

Осы жұмыстардың нәтижесінде 6 сәуір күнгі сенбілікке Әбілқайыр хан даңғылы, Есет батыр, Маресьев көшесі, Алтын Орда тұрғын алабы, сондай-ақ Сәңкібай батыр және Бөкенбай батыр даңғылында орналасқан көптеген бизнес нысаны өз аумақтарында тазалық жұмыстарын жүргізді, — деген Әлімбек Бектеміров жыл басынан бері Астана ауданы аумағында абаттандыру ережесін бұзған 340 адамға ескерту жасалып, 12-сіне айыппұл салынғанын айтты.

Айта кетейік, сенбілік барысында жиналған қоқыс қалдықтары сол күні санитарлық тазалық мекемелерінің техникаларымен қоқыс полигонына шығарылды.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button