Басты жаңалықтар

Депутаттар қамқорлығы

Облыстағы су тасқыны кезінде зардап шеккендерге жергілікті атқарушы органдармен қатар, облыстық мәслихат депутаттары да жан-жақты көмек көрсетіп жатыр.

Депутаттар, оның ішінде бірмандатты округтен сайланған халық қалаулылары қауіпті аймақтарға барып, үй-үйді аралады. Тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіруге көмектесті. Су кешіп, құм төсеуге де араласты. Төтенше жағдай жарияланған аудандарға барып, халықпен кездесті. Өткен аптада облыстық мәслихат депутаты Талғат Салфиков су тасқынынан зардап шеккендерге 50 млн теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетті. Оның 30 млн теңгесі азық-түлік алуға жұмсалды. Ойыл ауданына 10 млн теңге аударды. 10 млн теңгені зардап шеккендерге көмек үшін құрылған «Қамқор-Ақтөбе 2024» қорына қосты.

Сондай-ақ кәсіпкер Ойылға өз мекемесінде тұрған электр қуатын беретін генераторын жөнелтті. Соның нәтижесінде генератор Барқынның ортасына жеткізіліп, Ойыл селосына ауызсу берілді.

Бұдан бөлек облыстық мәслихат депутаттары Сергей Прокопьев, Күлпаршын Айдарханова, Ерлан Тілеуқабылов, Сергей Вишняк, Марат Қойлыбаев, Талғат Дүржановтар су тасқыны кезінде қауіпті аумақтарға, көшесін, ауласын су басқан үйлерге қажетті техникаларын жіберіп, тұрғындарға көмек берді. Күлшат Масалимова, Азамат Саймов, Раушан Жәлімбетовалар бастаған топ эвакуациялық орталықтағы зардап шеккендер мен тасқын сумен күресіп жатқандарға ыстық тамақ жеткізуге күш салды.
— Басына күн туған ағайынға аянбай қол созу — ортақ міндет. Осы орайда облыстық мәслихаттың депутаттары азаматтарға жан-жақты қолдау көрсетуде. Еліміздің барлық аумағынан ағылып келіп жатқан көмек те жетерлік. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев су тасқынынан зардап шеккен бірде-бір тұрғынның назардан тыс қалмауын тапсырды. Біз жергілікті атқарушы органдармен бірге осы бағытта жұмыс жасап, су тасқынынан зардап шеккен азаматтардың жан-жақты қолдауға ие болуын қадағалайтын боламыз, — дейді облыстық мәслихаттың төрағасы Гүлқасима Сүйінтаева.

Үйлері мен көшелеріне су жайылып, қауіп төнген кезде депутаттардың көмегіне жүгінген Қызылжар, Қызылжар-3, Ақжар ауылының тұрғындары халық қалаулыларына ризашылығын білдіруде.

— Нұрлан Махамбетов бастаған депутаттар көшемізге, ауламыздың алдына құм төктіріп, баспанамызды су алмау үшін көмек көрсетті. Қиын кезде қол ұшын берген азаматтарға рақмет. Қазір елдегі жағдай қиын. Осылай бір-бірімізге жанашырлық танытпасақ болмайды, — дейді Қызылжар-3 ауылының тұрғыны Сандуғаш Әділқызы.

                                               Д.ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button