Басты жаңалықтар

АПАТ АЙТЫП КЕЛМЕЙДІ…

Су тасқынына байланысты еліміздің Абай, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстары секілді он аймағында төтенше жағдай жарияланғаны белгілі. Өңірде де жағдай мәз емес, 12 ауданның жартысы суға кетті.
Осыған орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқыны салдарынан қалыптасқан ауыр жағдайға байланысты үндеу жариялады.
Ел Президенті елдегі жағдайға «Бұл көлемі жағынан соңғы 80 жылдан бергі ең ірі табиғи апат деуге болады» деп баға берді.
«Тасқын судан зардап шеккен бірде-бір адамды мемлекет ескерусіз қалдырмайды», — деген ел Президентінің сөзі көпке зор үміт сыйлады. Сонымен қатар үндеуде қаржылық және материалдық шығындар толық өтелетіні де айтылды.
Мемлекет басшысы халыққа көмектесу үшін Үкіметке мемлекеттік материалдық резервті пайдалануды тапсырды. Зардап шеккен азаматтарға жан-жақты түсіндіру, осы үндеу мазмұнын жеткізу — мақсат.
Өңірдің басқа аудандарымен қатар, біздің Мұғалжар ауданында жергілікті атқарушы орган өкілдері, құтқарушылар, полицейлер, дәрігерлер, еріктілер бір жеңнен қол шығарып, зардап шеккен ауылдарға қол ұшын беріп, күні-түні көмектесіп жүр. Мал-мүлкі, үйі суға кеткен тұрғындардың шығыны есептеліп жатыр. Басқа түскен сынақта сынып кетпей, сәл сабыр сақтап, еңсемізді бірге көтерейік.

Ілияш НИЯЗОВА,
Мұғалжар аудандық мәслихатының депутаты.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button