Басты жаңалықтар

ЖАЛҒАН АҚПАРАТ ТАРАТПАЙЫҚ

Еліміздің біраз аймағында болып жатқан су тасқыны халықты біраз есеңгіретіп тастағаны рас. Осыған орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үндеу жасады. Толық тыңдадым.
«Апат айтып келмейді» дейді. Жер жерді су алып жатқаны — тосыннан келген бір үлкен қасірет. Қаншама адам қиналып қалды. Шығын көлемі есептеліп жатыр.
Облыстың жанашыр, патриот, бас көтерер белсенді азаматтары мен қоғам қайраткерлері бірігіп, төтенше жағдайға байланысты қиын жағдайға тап болған тұрғындарға көмектесу мақсатында «Қамқор Ақтөбе 2024» қоғамдық қорын құрды. Мен де соның мүшесі ретінде облыс тұрғындарына қолымнан келген көмегімді беріп жүрмін. Су тасқыны — бұл да бір сынақтың бір түрі. «Анаға тағзым» орталығында қиын жағдайға тап болған отбасылармен кездесіп, басу айтып, сабырға шақырып, ақыл-кеңесімізді беріп, әрбір жылаған ананы, баланы жұбатуға тырысып жатырмыз. Тұрғындардың кейбірі қарбалас сәтте құжаттарын жоғалтып алғандарын айтып жатыр. Ең әуелі құжаттарыңызды жасатып алыңыздар деп, кейбіріне халыққа қызмет көрсету орталығына жөн сілтедік.
Тұрғындардың титығына тиетін тағы бір нәрсе — «осындай ақша беріледі екен» деген ақпараттар легі. Көз алдында үйі құлап, есеңгіреген жұрттың жарасын тырнай бермейік, жалған ақпарат таратуды доғарайық. Ескі бейнежазбаларды өңдеп таратып, жұртты шошытатындары да бар. Үрейдің үстіне үрей қоспайық. Ресми ақпарат көздеріне сүйенейік. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үндеуінде жұртты дүрбелеңге салатын жалған ақпараттарды таратпау қажеттігін атап айтты. «Қазіргі уақытта билік пен қоғамды ұйыстыратын әрекеттер жасау аса маңызды» деді ел Президенті.
Осындай ел басына күн туған сәтте жанашырлық пен ауызбіршілік үлкен рөл атқарады. Бір-бірімізге жанымыз ашып, ауызбіршілігіміз мол болсын! Сонда бар қиындықты бірге еңсереміз! Еліміз аман болсын! Көлденең келген апаттан сақтасын!

Бибігүл ӘБДІШҮКІРҚЫЗЫ,
«Алтын алқа» иегері, тәжірибелі медиатор,
«Қамқор Ақтөбе 2024» қоғамдық қорының мүшесі

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button