Басты жаңалықтар

Жұмыла көтерген жүк жеңіл

Разия ҒАЛИЕВА,
Қобда аудандық іскер әйелдер қауымдастығының төрағасы.

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің азаматтарына су тасқынынан қалыптасқан жағдайға байланысты арнайы үндеу жолдады. Қазір елімізде қардың күрт еруіне байланысты аймақтарда су тасқыны болып жатыр. Президент халыққа үндеуінде Абай, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында болған су тасқыннан қорытынды шығарып, жіберілген олқылықтардан сабақ алу қажеттігін айтты.
Кенеттен болған су тасқынан зардап шеккен қобдалықтардың да жай-күйі өңір жұртын алаңдатпай қоймады. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, су тасқыны болған сәттен бастап игі іске жаны құмар адамдар қобдалықтарға барынша көмек көрсетуге тырысты. Әсіресе ауыл тұрғындары төсек-орын жабдықтары мен киім-кешектерге мұқтаж еді. Сондықтан су жаңа заттарды жиналған қаражатқа сатып алып, тасқын судан зардап шеккендерге көмектестік. Төтенше жағдай жарияланғанша ауыл тұрғындарын тегін тамақтандырдық. Тіпті қаладан ауылға арнайы көлік жалдап азық-түлікпен қамтамасыз еткен еріктілер де болды. Одан бөлек азық-түлік, шаруашылық заттарын Қобда аудандық іскер әйелдер қауымдастығының мүшелері мен волонтерлер уақытында жеткізіп отырды. Ойламаған жерде баспанасынан айырылған тұрғындарға да барынша қолдау көрсеттік. Осы жерде гуманитарлық көмектің тиісті жерге жеткізілуін қамтамасыз еткен қобдалық Нұрбибі Ещановаға ризашылығым шексіз. Ол өзінің үйі суға кетіп, баспанасыз қалса да сабырлылық танытып, ауылдықтарға моральдық, материалдық көмек көрсетті.
Су тасқыны ауыл тұрғындарын есеңгіретіп тастады. Осы сәтте көмек қолын созған құтқарушыларға, тәртіп сақшыларына, волонтерлерге және апатпен күресуге атсалысып жатқан барша жұртқа алғысымды айтамын. Мемлекет басшысының қадағалауымен баспанасыз қалғандар үйлі болып, халық болып бұл апатты еңсереміз деген ойдамын.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button