Басты жаңалықтар

ТӘРТІП САҚШЫЛАРЫНЫҢ ҮЛЕСІ

Өңірдің тәртіп сақшылары облыс аумағындағы су басқан елді мекендерде тұрғындардың мүлкін қорғау шараларын жүзеге асырып жатыр.

Көктемгі су тасқынына байланысты облыс орталығында және облыстың Ойыл, Қобда, Әйтеке би, Мұғалжар, Темір секілді  5 ауданында төтенше жағдай режимі жарияланды.

Полицейлердің, құтқарушылардың, әскери қызметшілер мен еріктілердің күшімен 6931 адам эвакуацияланды, оның 2777-сі — бала, олардың бір бөлігі уақытша орналастыру пункттеріне орналастырылды. Сонымен қатар ауылдық жерлерде 7 мыңнан астам мал қауіпсіз жерге шығарылды.

Облыс аумағындағы құтқару іс-шараларына және қоғамдық тәртіпті сақтауға 860 полиция қызметкері мен 572 әскери қызметші, 206 бірлік техника жұмылдырылды.

Қазіргі таңда полиция қызметкерлері су басқан аудандарда және эвакуациялық пункттерде қоғамдық тәртіпті сақтауға, жолдарды жабуға және инертті материалдарды төсеуге атсалысты. Сондай-ақ су басқан аймақтарда құқыққа қайшы әрекеттер мен тонау фактілерін болдырмау мақсатында тәулік бойы патрульдеу ұйымдастырылды, 800-ден астам нысан күзетке алынды: бұл — тұрғын үйлер, сауда объектілері және т.б.

— Облыстың ішкі істер органдарына тонау фактілері туралы ресми мәлімдемелер түспегеніне қарамастан, азаматтар су басқан үйлерде қалған мүліктерінің сақталуына алаңдайды. Сондықтан полиция су басқан елді мекендерде мүліктің ұрлануына жол бермеу бойынша қосымша шаралар қабылдады, — деді Полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдос Құлжанов.

«Кемерліктер мен Есболатқа рақмет!»

Қараңғы түнде көлігімен сеңді су тасқынының ортасында қалған көпбалалы әке отбасын құтқарған жандарға алғысын жеткізді.

Оқиға 28 наурызға қараған түні болған. Ойыл ауылының тұрғыны түнгі мезгілде жұбайымен және кәмелетке толмаған 8 баламен бірге автокөлікпен ауылдан Ақтөбе қаласына қарай шыққан. Алайда ауылдан алыстағаннан кейін көлік көзді ашып-жұмғанша қарқыны қатты сеңді су тасқынының ортасында қалған. Суға батқан көлікте бала-шағасымен қалған ол жақын жердегі Кемер ауылының тұрғындарына қоңырау соғып көмек сұраған. Көмекке ауыл азаматтарымен бірге алғашқылардың бірі болып Саралжын ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторы жетіп, дереу құтқару жұмыстарына кіріскен. Қиын жағдайда қалған отбасы туралы хабарламаны алған соң, көмекке жылдам жеткендер бірнеше техниканы жұмылдырып, сеңнің жолын бөгеп, бір сағатқа жуық уақыт ішінде балалар мен ата-анасын су ортасынан аман-сау алып шығып, қауіпсіз жерге жеткізген.

— Ауылдың белсенді тұрғындары Саралжын ауылының учаскелік полиция инспекторы Есболат Әділхановтың көлігімен келіп, бір метрдей тереңдіктегі мұзды суды кешіп жүріп бізді құтқарды. Кемер ауылының тұрғындары мен учаскелік полиция инспекторы Есболат бауырымызға отбасымызбен алғысым шексіз. Осы азаматтардың ерлігінің арқасында бала-шағам аман қалды, — дейді көпбалалы әке.

Батыл полицейдің әрекеті

Ақтөбелік учаскелік инспектор су басқан аумақтардан он шақты адам мен бірнеше жануарды алып шыққан.

Өңірде көктемгі су тасқыны басталған алғашқы күннен бері Ақтөбе қаласының учаскелік полиция инспекторы Нұрхат Сәлімгереев тұрғындарды құтқару жұмыстарына белсенді қатысқан.  Алғашқы екі тәулікте ол тасқын суды белшесінен кешіп, ондаған адамды қауіпті аумақтардан алып шықса, бұл жұмыстар аяқталғаннан кейін де күн сайын су басқан аумақтарға барып патрульдеу жұмыстарын жүргізіп жүр.

Қалада қауіп басталған 26 наурыз күні таңғы мезгілден бастап ол қаладағы «Кривое озеро» ауданындағы саяжай алаптарына барып, таңға дейін су басқан үйлерден бірнеше адамды қайыққа отырғызып, өзі қайықты сүйреп алып шыққан. Үйлердің бірінде су қоршауында қалған итті де байқап, қалдырмай құтқарып алған. Келесі күні ол су басқан «Новостройка-2» саяжай алабын аралап жүріп, су басқан үйде қалған әкелі-балалы азаматтарды анықтап, сулы аумақтан арқалап шығарған. Су басқан аулада байлаулы қалған итті де босатып, көтеріп алып шығыпты.

Адамдар мен жануарларды арқалап та, көтеріп те, қайыққа салып алып, қауіпсіз жерге шығарып жүрген учаскелік инспектордың әрекетін тұрғындар мен әріптестері ұялы телефонға түсіріп алып, батыл полицей туралы бейнежазба әлеуметтік желілерде тез тарады.

— Біздің әкімшілік аумағымыз — негізінен саяжай алаптары болғандықтан, су тасқынына көп ұшырады. Адам шығыны болмағаны үшін өте қуаныштымын. Қазіргі таңда тұрғындар мүлкінің қауіпсіз болуы үшін күнде осында келіп аумақтарды аралап шығамын, — дейді полиция аға лейтенанты Нұрхат Сәлімгереев.

Бекзат ЖАЛҒАСБАЕВА,

облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің қызметкері.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button