Басты жаңалықтар

ЖУРНАЛИСТЕР БІР КҮНДІК ЖАЛАҚЫСЫН АУДАРДЫ

Су тасқынынан зардап шеккендерге көмек беру — әркімнің де парызы. Бұл жанашырлық бағыттағы игілікті істен облыстық қоғамдық-саяси «Ақтөбе», «Актюбинский вестник» газеттері мен «Үш таған» журналын біріктіретін «Ақтөбе Медиа» ЖШС ұжымы да тыс қалған жоқ.

Журналистер бас қосқан жиында «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин облыстағы бүгінгі қалыптасқан жағдай туралы қысқаша баяндап, бірқатар жерлерде табиғаттың тосын мінезінің салдарынан туындаған қиындықтар әлі де орын алып отырғаны жөнінде айтты.

Сын сағатта атқарушы билік пен еріктілердің, көптеген азаматтардың үйлесімді іс-қимылы нәтижесінде үй-жайлары су астында қалған адамдар қауіпсіз жерге көшірілді, оларға жан-жақты көмек көрсетіліп, қамқорлық жасалуда. Бұл туралы облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттері беттерінде жан-жақты хабардар етіліп келеді.

Журналистер облыста су тасқынынан зардап шеккендерге қолдау мақсатында құрылған «Қамқор-Ақтөбе 2024» қоғамдық қорына өздерінің бір күндік жалақыларын аударуға шешім қабылдады.

Сондай-ақ Қазақстан Журналистер одағының облыстық ұйымы Ойыл ауданының Берсиев атындағы орта мектебінде тазалаушы болып еңбек ететін көпбалалы ана, «Алтын алқа» иегері Жайнагүл Жалғасованың отбасына қаржылай көмек көрсетті.

Отағасы Дәуірбай Мырзағалиев ауылда мал бағады. Олардың төрт баласы мектепте оқиды, қалған үшеуі — әлі кішкентай. Журналистер қолдауына ие болған отбасы хабарласып, алғыстарын айтты.

Өз тілшіміз.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button