Басты жаңалықтар

ЕНДІ ЖҮРГІЗУШІ КУӘЛІГІН ОНЛАЙН АЛУҒА БОЛА МА?

Көлік тізгіндегендер арасында 1 миллион теңгенің қызметіне сұраныс артқан

Халық арасында «автоЦОН» аталып кеткен мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысына қатысты сыни пікірлер бар. Жүргізуші куәлігін алудағы қиындықтар, атап айтқанда, ұзын-сонар кезек, қызметті рәсімдеудің ұзаққа созылатыны… Аталған мәселелердің қазіргі таңда қаншалықты өзекті екенін, сондай-ақ осы саладағы жаңашылдықтарды білу мақсатында жауапты мекеме басшылары мен қызметкерлерімен сұхбаттасып, кәнігі жүргізушілерді де әңгімеге тартқан едік.

Күн сайын 20-25 адаммен толығады

 2015 жылы дербес мекеме ретінде ашылған Ақтөбе қаласындағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы азаматтарға, соның ішінде көлік жүргізушілеріне қызметтің үш түрін көрсетеді: жүргізуші куәлігін және нөмірлік белгіні беру, автокөлікті тіркеу. Айталық, өткен жылы облыс бойынша мұнда 236 мыңнан астам қызмет түрі ұсынылыпты. Көлік тізгіндегендерге маманданған өңірдегі жалғыз орталық болғандықтан, бұл жерге ауыл-ауданнан келетіндер де көп.

— Қазір жүргізуші куәлігін алу айтарлықтай жеңілдеді. Болашақ жүргізушілер теориялық білімді алу үшін өз бетінше дайындалса немесе баяғы тәртіппен автомектепке барса болады. Бұл — «А» мен «В» санаттарын алғысы келетіндерге жасалған жағдай. Содан кейін 073-у формадағы медициналық анықтаманы бізге әкеліп тапсырса, болмаса осындағы дәрігерлерге көрінсе жетіп жатыр. Іле-шала теориялық емтиханнан өтуге жазылып, оны қиынсынса, «Мобильді ХҚКО» арнайы қосымшасы арқылы онлайн режимде кезекке тұра алады. Адамдардың уақытын үнемдеуге әрі орталықтағы кезекті азайтуға бағытталған жаңашылдықтың арқасында мемлекеттік баждың түбіртегін қашықтан ұсынуға мүмкіндік беріледі. Медициналық анықтама, автомектепті аяқтағаны туралы куәлік, қызмет алушының суретінің сканерленген нұсқасы мен цифрлық қолтаңбасын да ғаламтор арқылы жолдауға болады. Бұрын бұл жоқ еді. Қызмет eGov mobile қосымшасында да бар. Аталған игілікті жүргізуші куәлігін алғаш алатындар ғана көре алатынын атап өту керек. Артынша теориялық, тәжірибелік емтихандарды ойдағыдай тапсырса, небәрі 1-2 сағатта жүргізуші куәлігін ала алады. Құжатты бірінші рет алушылардан бөлек, көлік жүргізу құқығынан айырылғандар да емтиханнан қайтадан өтуі қажет. Басқа уақытта медициналық тексерістің өзі жеткілікті. Қысқасы, қызметтердің көбі автоматтандырылды. Бұл келушілердің ыңғайлылығы әрі жемқорлықтың жолын кесу үшін жасалып отыр.

Жасыратыны жоқ, орталықта дүйсенбі, сейсенбі және сенбі күндері халық көп шоғырланып, соның салдарынан кезек қалыптасады. Мамандарымыз үлгермей жатады. Былтыр жаз мезгілінде шетелдік көліктерді жаппай тіркеу науқаны болғанда тіптен қиынға соқты. Бірақ онлайн қызметтердің арқасында мәселе біртіндеп шешімін тауып келе жатыр. Мысалы, жүргізуші куәлігіңіздің жарамды мерзімін жаңарту керек болса, баж салығын төлеп, оны онлайн режимде-ақ жасауға болады, — дейді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Ақтөбе облысы филиалына қарасты мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының бөлім басшысы Аслан Оразов.

Оның айтуынша, жылма-жыл орталықтың қызметіне жүгінетіндер көбею үстінде. Мәселен, қыс-көктем мезгілдерінде күніне 20-25 адам жүргізуші куәлігін алады екен. Ал жаз айларында бұл екі есе артады. Сол сияқты сырттан жеткізілетін көліктерді тіркейтіндер аз емес. Бұл процесс те «Каспи» мобильді қосымшасының арқасында біраз жеңілдепті.

40 минут һәм сұрақ

Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының «жүрегі» — емтихан тапсыратын орын екенін көлік жүргізушілері жақсы біледі. Бұл жерде қай кезде де адам көп… Жүргізуші куәлігін алуға ниетті адамдардан теориялық тест қабылдайтын маман Гүлдәурен Сейтенова 40 минутта келушінің дайындығы, келесі емтихандағы «тағдыры» анықталатынын айтады.

— 40 минутта 40 сұрақтың 32-сіне дұрыс жауап берсе, тәжірибелік емтиханға жіберіледі. Барлығы бейнекамера арқылы бақыланады, — дейді ол.

Мұнда жүргізуші куәлігін енді алатындар ғана емес, түрлі себеппен аталған құжаттан айырылғандар да келеді. Солардың бірі 55 жастағы ақтөбелік Жұмабек Мусинді тест тапсырған соң сөзге тарттық.

— Жолдың қарсы бетіне шығып кетіп, 6 ай жүргізуші куәлігімнен айырылдым. Бұл маусым айында болған еді. Содан тесттен өту үшін 4600 теңге төлеп, бүгін 40 сұрақтың 37-сіне дұрыс жауап бердім. Дайындалған еңбегімнің қайтқанына қуанып тұрмын.

Жалпы, көлік жүргізгеніме 20 жылдан асты. Мұндай жағдайға бірінші рет тап болдым. Келесіде қателікті жібермеуге тырысамын, — дейді жігіт ағасы.

Бұл ретте адамнан айла аспайтыны белгілі. Түрлі қулық-сұмдыққа барып, сынақ тапсыру кезінде шпаргалка қолданатындар, тіпті микроқұлаққап — арнайы көмекші құралдарды тағып келетіндер ұсталған жағдайда 3 айға дейін емтихан тапсырудан шеттетілетін көрінеді. Заңсыздықтарға жол бермеу үшін мемлекеттік корпорация бейнекамераларды көптеп орнатып, арнайы детекторларды қолдануға көшіпті.

Автодромдағы ахуал: өзгеріс пен өкініш

 Рас, жұртшылық тарапынан мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығындағы сынақ тапсыратын алаңдағы көліктерге қатысты арыз-шағымдар жиі айтылады. Сын әлі де орынды ма?

— Иә, бұрын ескі көліктер болған. Соңғы жылда практикалық емтиханға қажетті 4 жаңа жеңіл көлік сатып алынып, бұл мәселе шешілді. Аумағы 1 гектар автодромда бір уақытта екі көлік жүргізушіні сынақтан өткізе аламыз.

Әр адамға 20 минуттан беріледі. Осы уақыт ішінде көлікпен талапқа сай бұрыла алмайтындар, оны тұраққа қоюдан қиналатындар баршылық. Бірақ өз қателігін білмей, шу шығаратындар да ұшырасады. Ондай кезде көліктің іші-сыртына, айналаға орнатылған 4 бейнекамерадағы видеоларды көрсетеміз. Бір қынжылтатыны, соның өзіне қанағаттанбай, басшылыққа баратындар аз емес.

Бізге жүргізуші куәлігін жаңадан алатындар келеді. Дені — 18 жасқа енді толған жігіттер мен қыздар. Осында жұмыс істеген 7 жылда сынақ тапсырғандардың ең үлкені 50 жастағы азамат болды, — дейді мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкері Төлеген Дүйсенғалиев.

210 мыңнан 1 миллион теңгеге дейін

Ақтөбе қаласындағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының бөлім басшысы Аслан Оразовтың айтуынша, көлік жүргізушілердің арасында VIP-нөмірге сұраныс айтарлықтай артқан. Мәселен, 2022 жылы барлығы 119 миллион теңгеге ерекше сандар мен бірдей әріптерден құралған мемлекеттік нөмір алынса, былтыр бұның көлемі екі есе ұлғайған.

— «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінің 615-бабына сәйкес цифрлық белгіленуі 010, 020, 707, басқа да мемлекеттік тіркеу нөмір белгісі 210444 теңгеден басталады. Егер әріптік белгіленуі бірдей болғанын қаласа, бұдан екі есе көп төлеуі керек. Ал цифрлық әрі әріптік белгіленуі бірдей нөмірдің бағасы 1 миллион 52 мың теңгеден жоғары. Өткен жылы осы қызмет бойынша қазынаға 267 миллион теңгеден астам қаражат түсті.

Бұл қызмет те «электронды үкімет» порталы арқылы, яғни онлайн форматта жүзеге асырылады, — дейді бөлім басшысы.

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ

Ақтөбе қаласындағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының бөлім басшысы Аслан Оразовтан білгеніміздей, өткен жылы облыс бойынша 66187 адам жүргізуші куәлігін алған.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button